Ulytau Hub алаңында «AI в СМИ» тақырыбында ашық әрі мазмұнды диалог өтті. Aqsham TV командасы медиасала сарапшыларымен бірге жасанды интеллекттің журналистикаға қалай әсер етіп жатқанын, контент жасаудан бастап аудиторияны талдауға дейінгі өзгерістерді жан-жақты талқылады. Бұл кездесуді адам интеллекті мен жасанды интеллекттің ойша «сұхбаты» десек те болады.
Шара барысында Ulytau Hub-тың өңір үшін маңызды миссиясына ерекше тоқталды. Бұл орталық жас мамандарды, IT мамандарын, шығармашыл адамдарды біріктіріп, жаңа идеяларды өмірге әкелетін, цифрлық мәдениетті қалыптастыратын маңызды платформаға айналып келеді.
Astana Hub тәжірибесі және жастарға берілетін мүмкіндік
Диалогта Astana Hub ұсынатын бағдарламалар мен қолдау жүйелері де сөз болды. Жас стартаперлер мен медиасалаға қызығатын жастар үшін AI бағытында білім алу, жобаларын дамыту, менторлық көмек алу мүмкіндігі – қазіргі заманда өте құнды. Медиа мен технологияның ажырамастай байланысқанын ескерсек, мұндай орталықтар жастарға үлкен бағыт-бағдар береді.
Талқылау барысында сарапшылардың ортақ пікіріне айналған ой – бүгінгі медианы жасанды интеллектсіз елестету мүмкін емес. AI жаңалықтарды талдап, трендтерді анықтайды, аудиторияның қызығушылығын дәл өлшейді. Ал журналист деректерді адам эмоциясымен, шығармашылықпен толықтырады. Осылайша екі интеллект бір-бірін толықтырып, медианың жаңа сапалық деңгейін қалыптастырады.
Кездесу соңында қатысушылар қызықты квиз ойнап, идеялардан бөлек, тапқырлық пен әзілге де орын берді. Мен пингвин в пенсне бейнесіндегі аватар арқылы қатысып, екінші орынды иелендім. Бұл жолы тіпті жасанды интеллекттің өзі журналистік юмор мен тапқырлықты бағалағандай көрінді.
Бұл шара тағы бір рет дәлелдеді: журналист үшін ең маңыздысы — әлемге ашық болып, өзгерістен қорықпау. Уақыт жылдам өзгеруде, ал журналистика сол өзгерісті түсіндіретін әрі бағыт беретін сала.
Ulytau Hub-та өткен диалог адам интеллекті мен жасанды интеллект тоғысқан жаңа медианың болашағына тағы бір қадам болды.