Қырандар көкті аңсайды

      Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің және Ұлытау облысының қорғаныс істері департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен іс-шара осы тақырыпты арқау етті.

     Армия генералы, «Халық қаһарманы», Ұлытау облысының Құрметті азаматы Мұхтар Алтынбаевтың 80 жас мерейтойына арналған тағылымды шараның басты мақсаты – Қазақстан Қарулы Күштерінің абыройының өсуіне, қуатының бекуіне зор еңбек сіңірген Ұлытаудың тумасын өскелең ұрпаққа дәріптеп, ұлықтау. 

      Ілкімді іс-шараға облыстың зиялы қауым өкілдері, Ұлытау облысының қорғаныс істері департаментінің қызметкерлері, Ұлытау облысының «Соғыс және Ауғанстандағы ұрыс қимылдарының, ардагерлер мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің, Ұлытау облысының «Тәжік–Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің, «Чернобыль жаңғырығы» қоғамының өкілдері, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Республикалық Ардагерлер ұйымының Ұлытау облысы бойынша төрағасы, Ішкі істер органдарының құрметті ардагерлері, Мұхтар Қапашұлының туысқаны, жерлесіміз, Ішкі істер органдарының құрметті ардагері Қайдарбек Ержанов, ақын-әншілер және Отан қорғау ісінің тәрбиеленуші курсанттары қатысты.

      Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиз Ештанаев ашып, жүргізіп отырды. Ғазиз Елеусізбайұлы Мұхтар Қапашұлының өмірбаянына терең тоқталып, жиналған қонақтарға оның үлгіге толы жеке өмірі, қызметі жайлы мақтанышпен баян етті.

      Мерейтойға орай ұйымдастырылған шараның шымылдығын Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Данагүл Алшынбаева ашты.

      Іс-шарада Ұлытау облысы қорғаныс істері департаментінің бастығының орынбасары, подполковник Ербол Өткелбаев, Қазақстанның Құрметті металлургі, «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ төрағасы Төлеген Бүкіров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұханбетқали Сейтқазинов, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің республикалық ардагерлер ұйымының Ұлытау облысы бойынша төрағасы, отставкадағы подполковник Марат Райымбеков, Мұхтар Қапашұлының туысқаны Қайдарбек Ержанов атақты тұлға жайлы өз ойларын тебірене жеткізді.

      Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Серік Оспанов пен Ә.Қашаубаев атындағы республикалық ән байқауының лауреаты Ардақ Мұқышев рухқа толы құрмет тұту, ұлықтау кешіне көрік беріп, тақырыпқа сай әуендерін нақышына келтіріп орындап, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.

      Айта кетсек, Мұхтар Алтынбаевтың 70 жасқа толған атаулы күніне орай сол кездегі Сенат Төрағасы, қазіргі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев даңқты ұшқыш жайлы: «Мұхтар Қапашұлы – мемлекет тарихында ерекше орны бар тұлға. Оның айбынды ерлігі мен өмірі – Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі жолында еңбек етудің жарқын үлгісі. Ол өзінің ерекше қарым-қабілетінің, ерен еңбегінің Отан қорғаушы жауынгер кәсібіне деген шексіз адал қызметі арқасында ұшқыштар училищесінің қарапайым курсантынан Армия генералы, Халық қаһарманы атағына дейін көтеріліп, күрделі еңбек жолынан өтті. Ол Кеңес заманында-ақ дивизия басшысы болды. Алайда Мұхтар Қапашұлының өміріндегі ең жемісті әрі табысты жылдар Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құрылысымен қатар келгені сөзсіз» – деген болатын.

     Міне, ұлтжанды азамат, батыр ұл, айбынды ер, қоғам қайраткері жайлы берілген шынайы баға осындай. 

19:06
6

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020