Жетістіктер жіліктеліп, кемшіліктер екшелді

ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Елдің түкпір-түкпірінен журналистер жиынға офлайн, онлайн қалыпта қатысып, аймақтың дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. 

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлытау облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн теңгеге жетіп, 1,1% өсім көрсетті. Жан басына шаққандағы көрсеткіш – 4,6 млн теңге. Экономикалық белсенділіктің артуы нәтижесінде облыс бюджетінің кірістері 29,7 млрд теңгеге, яғни, 20%-ға ұлғайды.

Өткен жылы экономиканы әртараптандыру бағытында жалпы сомасы 34 млрд теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылды. Биыл 138 млрд теңгелік 17 жаңа инвестициялық жоба жүзеге аса бастады. Соның ішінде мұнай базасының құрылысы, жел электр станциясы, респиратор шығаратын зауыт толықтай аяқталды.

2028 жылға дейін жалпы құны 920 млрд теңгеге тең 25 ірі жобаны қамтитын пул қалыптастырылды. Бұл 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құрылып, бүгінде жалпы құны 5 млрд теңге болатын 3 жоба дайындалуда. Бұл жерде 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Инфрақұрылым тарту жұмыстары биыл басталып, келесі жылы толық аяқталмақ.

«Атамекен» ҰКП рейтингі бойынша Ұлытау облысы шағын бизнес үшін ең қолайлы үш өңірдің қатарына кірді.

Биыл жас кәсіпкерлерге 195 қайтарымсыз грант берілді.

«Ауыл Аманаты» жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында жыл басынан бері 700 млн теңгеге 100 жоба қаржыландырылды. Облыс құрылғаннан бері ауыл шаруашылығы саласына 8,5 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 2,5 млрд теңгесі биыл құйылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 46% өсім береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Ұлытау техникалық университетін ашу бойынша ауқымды жұмыс басталды. Жақында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасында меморандум жасалды. Жоба өңірде заманауи ғылыми-білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруға және тау-кен-металлургия саласы үшін кадр даярлауға бағытталған. Нәтижесінде түлектер Қазақстанның және АҚШ-тың дипломына қол жеткізеді.

Облыс құрылғаннан бері денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық жабдықталуы 88%-ға жеткізілді. Барлығы 333 медициналық жабдық сатып алынды, оның 96-сы биыл алынған.

Жыл соңына дейін Жаңарқа ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешені, Ералиев ауылында жылдам тұрғызылатын спорт кешені, Жезді кентінде де спорт кешені пайдалануға беріледі.

 Облысты газдандыру кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі қамту деңгейі – 9,1% немесе 20 мыңнан астам адам.

2030 жылға дейін 63 мыңға жуық тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған.

Облыс әкімінің баяндамасынан кейін журналистер сауалына кезек берілді. Баспасөз мәслихатында қозғалған мәселелердің дені өңірді таза ауыз сумен қамту, инфроқұрылымды дамыту, экономиканы әртараптандыру, экологиялық ахуалды жақсарту, әлеуметтік саланы жетілдіру, оның ішінде білім, денсаулық сақтау ісінде туындаған түйткілді түйіндерді қамтыды. Жалпы, Ұлытау облысының табыс көзінің денін тау-кен металлургия саласы құраса, енді ауыл шаруашылығы, көлік логистика, туризм салаларына біртіндеп қомақты инвестиция тартылуда. Сәтімен жүзеге асса, алдағы жылдары оның да оң ықпалы аңғарылатын болады. Одан бөлек, “Жезқазған-Қызылорда”, “Жезқазған-Қарағанды” автожолдарын жөнге келтіру мәселесі де назардан тыс қалмады. Айта кетейік, Ұлытау облысы құрылғаннан бері 549 шақырым автомобиль жолдары және 4 көпір жөнделді. «Қызылорда-Жезқазған» автожолын реконструкциялау аясында құрылыс жұмыстары биыл көктемде басталып, қазіргі таңда төрттен бір бөлігіне асфальт жабындысы төселді. Ақпарат алаңында төртінші билік өкілдері өңірдің онкологиялық аурудың белең алуы, жергілікті жерде осы бағытта аурухана салу, білікті кадрларды тарту жайы да айтылды. Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы болашақта облыстық көпсалалы аурухана базасында 100 орындық жапсарлас ғимарат салынып, онкологиялық, гинекологиялық ауруларды емдеуге бағытталатынын жеткізді. Сонымен қатар осы жерден радиация бөлімін ашу да көзделген. Бүгінгі таңда онкология бойынша  диспансерлік тізімде 2548 науқас тұр. Бұдан бөлек, жиында “Жомарт” кенішінде орын алған апаттан зардап шеккендердің отбасына көмек, қоқыс тасымалын жолға қою, кадрмен қамту, дер кезінде медициналық көмек көрсету, криминогендік ахуал, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыру, тұрғын-үй мәселелері де айтылды. Жалпы, екі сағатқа созылған баспасөз мәслихатында Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктер мейлінше жіліктеліп, кемшіліктер де көлеңкесіз екшелді. Ашылғанына небәрі үш жыл ғана болған біздің облыста шешімін күткен мәселе шаш етектен, десек те, ауызды қу шөппен сүртуге  де болмас, атқарылып жатқан жұмыс та баршылық екенін айтқан облыс әкімі Дастан Рыспеков алдағы уақытта өңірді дамытудың даңғыл жолында нақты қадамдар жалғасатынын жеткізді. 

Меруерт Наурызбай.

Жезқазған-Астана-Жезқазған.

18:23
83

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020