Ұлытау облысында 300 оқушы қатысқан есірткіге қарсы кең ауқымды форум өтті

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған «Дұрыс таңдау – менің өз қолымда» атты ауқымды форум өтіп, оған өңірдің 300-ден астам мектеп оқушысы қатысты.
Шараның басты мақсаты – жасөспірімдерге есірткінің зардаптары мен зиянды әдеттердің қауіптілігін түсіндіру, дұрыс өмірлік таңдау жасаудың маңызын ұғындыру және жастар арасында салауатты, қауіпсіз өмір салтын насихаттау.
Форумда аудан активі, волонтерлік ұйымдардың жетекшілері, денсаулық сақтау саласының өкілдері сөз сөйлеп, жастарға мотивациялық кеңестер мен нақты деректерге негізделген ақпарат ұсынды. Қатысушылар зиянды заттардың физикалық және психологиялық әсері жайлы маңызды мәлімет алып, өз өміріндегі жауапты шешімдер туралы ой түйді.
Іс-шараның ең тартымды бөлігі — жедел қимылдайтын арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлері мен кинология қызметінің көрсетілімдері. Арнайы жасақ өкілдері күрделі операция элементтерін көрсетіп, қауіпсіздік мәдениеті жайлы түсіндірсе, қызметтік иттер із кесу мен түрлі тапсырмаларды орындау қабілеттерімен оқушыларды ерекше таңғалдырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум жастарға тек профилактикалық ақпарат беріп қана қоймай, олардың өз болашағына жауапкершілікпен қарап, саналы таңдау жасауға деген ынтасын арттыруды көздейді. Қатысушылар іс-шарадан қызықты әсер, пайдалы білім және салауатты өмір салтын ұстануға деген жоғары мотивация алды.
Жыл басынан бері Ұлытау облысы полиция департаменті есірткі айналымына қарсы жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Есірткі зертханасының қызметі тоқтатылып, екі қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, 27 заңсыз есірткі саудасы фактісі алдын алынды. Сондай-ақ, наркоманияны насихаттаған 1100-ден астам интернет-ресурс жабылды және заңсыз қызметке қатысы бар 2800-ден астам банк есепшоты тоқтатылды.
«Профилактика жылы» аясында 938 антинаркотикалық іс-шара өткізіліп, 36 мыңнан астам адам қатысқан, сондай-ақ, еріктілермен бірлесіп шамамен 235 тыйым салынған граффити жойылды.
«Дұрыс таңдау – әр жастың өз қолында. Біздің мақсат — сол таңдаудың дұрыс болуына жол көрсету», — дейді ұйымдастырушылар.
11:29
33

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020