Кеңгір ауылында газ құбырына қосылу рәсімі өтіп, елді мекенді газбен қамтамасыз ету жобасы ресми түрде іске қосылды. Бұл оқиға Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды әрі тарихи кезең болып табылады.
Аталған жоба аясында «Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы, Кеңгір ауылын газбен жабдықтайтын жеткізуші газ құбыры мен газ тарату желілерінің құрылысы» жүзеге асырылды. Газ құбырының жалпы ұзындығы 25,171 шақырымды құрайды. Нәтижесінде 540 абонент, яғни шамамен 2 600 тұрғын табиғи газға қол жеткізді.
Кеңгір ауылын газдандыру көмірді пайдалануды азайту арқылы экологиялық жағдайды жақсартуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік және әлеуметтік дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді.
Газ құбырының іске қосылуы — инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және қаланың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам. Алдағы уақытта өңірде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатын болады.