Сәтбаев қаласындағы этносаралық келісім – тұрақтылық пен бірліктің берік негізі

Сәтбаев қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға және көпэтносты қоғамдағы өзара түсіністікті дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар арқылы жүзеге асырылып келеді.

Қала аумағында «Достық үйі» жанында тіркелген 3 этномәдени бірлестік тұрақты жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Любавушка» орыс этномәдени бірлестігі, Тарас Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігі, сондай-ақ Ұлытау облысы бойынша «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы. Сонымен қатар, балтық халқының, өзбек, корей, неміс және әзірбайжан этностарының бастамашыл топтары ҚХА аясындағы іс-шараларға белсенді түрде қатысып келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі бағыттарының бірі – мәдени-гуманитарлық және ағартушылық жобаларды іске асыру. Осы мақсатта «Достық үйінде» этномәдени бірлестіктердің қатысуымен дәстүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, корей бастамашыл тобы өткізетін шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл, славян халықтарының «Рождественские посиделки», «Масленица», «Яблочный спас» мерекелері жыл сайын өткізіліп келеді. Іс-шаралар концерттік бағдарламалармен, ұлттық ойындармен және тағамдар көрмесімен ерекшеленеді.

Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі тарапынан «Сабантуй», «Сөмбүле» ұлттық мерекелері, сондай-ақ «Жәлел оқулары» ұйымдастырылса, Тарас Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігі «Шевченко оқуларын» өткізді. Сонымен қатар, қалада өтетін мемлекеттік және ұлттық мерекелерге этномәдени бірлестік өкілдері тұрақты түрде қатысады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жүзеге асырылатын «Рухани керуен» жобасы аясында 2024 жылы этномәдени бірлестіктердің мүшелері Қазақстандағы қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қарағанды қаласындағы Карлаг лагеріне барса, 2025 жылы Астана қаласы маңындағы АЛЖИР лагеріне барып тағзым етті.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да ҚХА қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты жарияланымдар, бейнероликтер, қоғамдық келісім тақырыбындағы материалдар жарық көруде. Сонымен қатар, «Қазақстан халқы Ассамблеясы: Бейбітшілік пен келісім жолы» жобасы аясында Ассамблея құрылымдарының өкілдері еліміздің қасиетті жерлеріне барып, тарихи-танымдық жұмыстар жүргізуде. «Достық үйінің» құрылымдары қаладағы өндіріс орындары мен кәсіпорындарға барып, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі туралы ақпараттандыру жұмыстарын өткізді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Сәтбаев қаласында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Біздің күшіміз – бірлікте» атты мерекелік іс-шара өткізіліп, оған түрлі этнос өкілдері қатысты. Сонымен қатар, Сәтбаев қаласынан делегация Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясына қатысты.

Ассамблеяның қоғамдық келісімді нығайту жолындағы еңбегі жоғары бағаланып, Сәтбаев қаласындағы Ассамблея мүшелерінің 5 өкілі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша қалада тіркелген этномәдени бірлестіктердің төрағаларына қаржылай қолдау көрсетіліп, бұл бағыттағы жұмыс 2025 жылы да жалғасын табуда.

2025 жылғы 3 сәуірде «Қазақстан халқының рухани, қоғамдық және ұлтаралық келісім орталығы» «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта тіркелді. Бұл өзгеріс мекеме қызметінің бағыттарын нақтылап, қоғамдық келісімді нығайтуға арналған жұмыстарды жаңа деңгейде жалғастыруға мүмкіндік берді.

Қорытындылай келе, Сәтбаев қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар арқылы жүзеге асырылып, ҚХА-ның 30 жылдығы аясында атқарылған іс-шаралар бірлік пен татулық құндылықтарын одан әрі нығайта түсті.

Д.Мұхан, 

Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары. 

17:34
24

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020