Қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің қуаты ең алдымен заңның үстемдігіне тәуелді. «Заңның құдіреті бар жерде – әділеттің жүзі жарқын» деген сөз тегін айтылмаған. Тарихқа көз жүгіртсек, өркендеген елдердің барлығы құқықтық мәдениетті жоғары қойып, заңды мызғымас құндылық ретінде қабылдағанын көреміз. Өйткені заңды сыйлайтын мемлекетте тәртіп сақталады, тыныштық орнайды, азаматтардың құқығы қорғалады. Сондықтан да «Заңды сыйлаған ел – еңсесі биік ел» деген тұжырым адамзат өркениетінің дәлелді ақиқатына айналған.
Заң — қоғамдағы барлық қатынастарды реттейтін, әділдікті қамтамасыз ететін басты құрал. Егер заң сақталмаса, бейберекетсіздік, өзімшілдік, күштің үстемдігі сияқты құбылыстар орын алады. Бұл кез келген мемлекеттің дамуына кері әсер етеді. Ал заң үстемдік құрған жерде кез келген азамат өзінің құқығын қорғауға, заң жүзінде әділдікке қол жеткізуге толықтай сенім арта алады.
Заңның басты міндеті – әлсізді қорғау, күштіге шектеу қою, қоғамдағы тепе-теңдікті сақтау. Заң алдында барлық азаматтың тең болуы – адам құқықтарының іргелі қағидасы. Қай елде бұл қағида дұрыс қалыптасса, сол елде жемқорлық азайып, әділет салтанат құрмақ. Сондықтан құқықтық мәдениеті жоғары елдерде қоғам әлдеқайда белсенді, халықтың билікке деген сенімі мықты.
Заңға құрмет тек мемлекеттен талап етілетін құбылыс емес. Ол әрбір азаматтың санасында орнығуы тиіс. Жол жүру ережесін сақтау, қоғамдық орындарда тәртіп бұзбау, өзгелердің құқығына қол сұқпау – барлығы құқықтық мәдениеттің көрінісі. Осындай қарапайым қадамдардан ұлттық тәртіп қалыптасады.
Құқықтық мәдениеттің басты белгілері – заңды білу, түсіну және орындау. Заңды білмеу — оны бұзуға себеп емес. Сондықтан жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру – мемлекеттің стратегиялық міндеті. Мектептен бастап құқық негіздерін үйрету, заңға құрметті дарыту – болашақ саналы қоғамның кепілі.
Тәуелсіз Қазақстан құқықтық мемлекет құру жолында көп іс атқаруда. Конституция – мемлекетіміздің ең басты заңы, ел бірлігі мен құқықтық жүйенің негізі. Онда адам құқықтары, еркіндігі және қоғамның негізгі қағидалары айқын бекітілген. Мемлекет жүзеге асырып жатқан реформалардың барлығы заң үстемдігін нығайтуға бағытталған.
Соңғы жылдары сот жүйесін жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейту, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жүргізілді. Бұл бастамалар заңдылықты күшейтіп, азаматтардың билікке деген сенімін арттыруға ықпал етуде.
Заң талаптарын бұзу тек жеке азаматқа ғана емес, бүкіл қоғамға зиянын тигізеді. Мәселен, жолдағы тәртіпсіздік – апатқа, салық төлемеу – экономиканың әлсіреуіне, жемқорлық – мемлекет беделінің түсуіне әкеледі. Бұл – елдің дамуын тежейтін, адамдар арасындағы сенімді жоятын қауіпті құбылыстар.
Заңсыздық жайлаған жерде хаос орнайды. Мұндай елде инвестиция да, тұрақтылық та, болашаққа деген сенім де болмайды. Сондықтан заңды бұзу – тек қылмыс емес, ол елдің дамуына жасалған үлкен қиянат.
Нағыз отаншыл адам мемлекетінің заңын құрметтейді. Себебі елге деген құрмет — оның тәртібі мен ережесін сақтау арқылы көрінеді. Жас буынға патриоттық тәрбие беру заңға құрметпен ұштасса ғана нәтижелі болады. Әрбір азамат қателік жасамауға, қоғамға үлгі болуға ұмтылса, елдің еңсесі биіктейді.
Заңға бағыну — қорқыныштан емес, жауапкершіліктен туындауы керек. «Мен заңды сыйлаймын, өйткені ол менің құқығымды қорғап тұр» деген түсінік әр азаматтың бойына сіңсе, қоғамның да мәдениеті жоғары болады.
Қорыта айтқанда, заңды сыйлау – мемлекеттің дамуы мен қоғамның тыныштығының кепілі. Заң үстемдік ететін елде ғана әділдік, тұрақтылық және сенім орнайды. Әр азамат өзіне жүктелген міндетті орындап, заңға құрметпен қараса, еліміз өркендеп, еңсесі биіктей береді. Сондықтан «Заңды сыйлаған ел – еңсесі биік ел» деген сөз әрқайсымыз үшін өмірлік қағида болуы тиіс.
Еліміздің жарқын болашағы – заңға құрмет пен құқықтық мәдениеті жоғары буынды қалыптастыруда. Тәртіпті елдің тірлігі нық, еңсесі биік болмақ.