Жезқазған қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан Батыс ауданында алдағы уақытта 12 мыңға жуық тұрғын қоныстанады.
Облыс құрылған алғашқы екі жыл ішінде инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде биыл Жезқазғанда абаттандыру ісі айтарлықтай жанданды. Қаланың негізгі көшелерінің бірі – Алашахан даңғылында жаяу жүргіншілерге арналған аллея салынды. Сонымен қатар, қала аумағында 31 балалар ойын алаңы бой көтерді. Бұдан бөлек, 100 қоқыс контейнеріне арналған алаң орнатылып, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 369 контейнер жаңасына ауыстырылды.
«Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен 40 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылды.
Қазіргі таңда Жезқазған қаласының аумағын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, Батыс ауданын ашу және дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Аталған аумақта көпқабатты тұрғын үйлермен қатар, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жоспарланып, бірқатары салынып жатыр. Атап айтқанда, оқушылар сарайы, емхана, 320 орындық балабақша, 900 орындық мектеп, спорт кешені, мұз аренасы және бассейн тұрғындар игілігіне ұсынылмақ.