Әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатары артты

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ғимаратында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінің ұлғаюына байланысты арнайы жиын өтті.  

Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді. Шай, сүт, қияр мен қызанақ та әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санатына енді. Жаңартылған тізімде алма мен сүт және балық өнімдері, сиыр мен қой еті де бар. Сауда және интеграция министрлігінің жаңа бұйрығы 4 қаңтардан бастап күшіне енді.  

Күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы өсіп, күннен күнге шарықтап, ел тұрғындарын алаңдатып отыр. Бұған жосықсыз кәсіпкерлердің бағаны негізсіз көтеруі де әсер етуде. Сондықтан да үкімет бұл жайтты ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімін ұлғайтты. Бірақ, бұның өзі уақытша екенін айта кеткеніміз абзал. 

Жиын барысында сөз сөйлеген сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының м.а. Жасұлан Дәулетбаевтың айтуынша, тізімдегі тауарларды өндірушілер мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алады. Олар: әлеуметтік маңызды азық-түлік арқылы жеңілдікпен тасымалдау, бекітілген коммуналдық тарифтер, жеңілдікпен айналым капиталы және басқа да құралдар.  

Басқосуда кәсіпкерлер шетелден әкелінетін рожки, ірімшік секілді өнімдердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енгізілуі жергілікті кәсіпкерлерге тиімсіз екенін алға тартты. Өңірдегі «Ұлытау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан тауар алу кезінде кәсіпкерлердің өнімді өздері тапсырыс беріп, барып алып кетуі тиіс болғаны, сауда орындарына дейін жеткізілмейтіні – кәсіп иелерінің көңілінен шықпай отыр. Осы мәселеге байланысты кәсіпкерлер тарапынан «Неліктен тауарлар дүкендерге дейін жеткізілмейді?» деген орынды сұрақ қойылды. Тиісінше, жиында көтерілген мәселелер Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің назарына алынды.

20:46
20

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020