Қала белсенділерінен құралған мобильді топ өкілдері жаңадан құрылысы басталған спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысының барысымен танысты. Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы Советбек Медебаев пен қала әкімінің орынбасары Қайрат Бапанов та қоғамдық бақылау тобының жанынан табылды.
320 орынға шақталған спорттық-сауықтыру кешенінің іргетасы қалану үстінде. Құрылыс басталған бір ай ішінде бассейн орны толық қазылыпты. Сырты бетонмен қоршалып, абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Спорттық-сауықтыру кешенінде бассейнмен қатар түрлі спорттық секциялар жұмыс істейтін болады. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың соңына қарай толық аяқталады деп жоспарлануда.
Шалқар Жаңабергенов басшылық ететін мердігер компания – қызылордалық «Oрион ltd» ЖШС, ал қарағандылық «Nomad Travel» компаниясы техникалық бақылауды жүзеге асырушы.
Нысанмен танысу кезінде мобильді топ «Неліктен спорттық-сауықтыру кешенінің осы аймаққа салынатындығы әкімдік сайтынан басқа жерлерде тұрғындарға хабардар етілмеді?», «Назарбаев мектебін қала сыртына салып, осынау ғимаратты әсем табиғат аясына, Кеңгірдің жағасына орналастыру қаншалықты дұрыс деп ойлайсыздар?», «Бұл жерден кесілген жасыл-желектерді қалай қалпына келтірмексіздер?» деген үш мәселе бойынша сауалдар жолдады.
–Спорттық-сауықтыру кешенінің осы жерде салдынуы 2018 жылғы қаланың басты жоспарына сәйкес бекітілген. Екінші сұрағыңызға келер болсақ, 900 орынға шақталған мектептің Назарбаев мектебі болар-болмасы құрылыс басталғанда белгісіз еді, қазір де мәселе біржақты болды дей алмаймыз. Оның анық-қанығы құрылыс толық бітіп, арнайы комиссия мүшелері қарауынан кейін белгілі болмақ. Ал, кесілген талдар мәселесіне алаңдаушылық танытқандарыңыз дұрыс-ақ. Құрылыс толық аяқталысымен кесілген 45 талдың орнына 225 көшет отырғызылатын болады, – деген қалылық құрылыс бөлімінің басшысы Маруа Келмағанбетова құрылыс барлық талаптарға сай жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Бүгінде 40-қа тарта жұмысшы тартылған құрылыс жұмысына 63-ке дейін жұмысшы тарту көзделуде.