​Ангиограф арқылы облыс дәрігерлері инсульттің алдын алуда

Ұлытау облысында заманауи медициналық технологиялардың арқасында күрделі қан-тамыр ауруларын ерте анықтап, тиімді емдеу мүмкіндігі кеңейіп келеді. Соның бір айқын мысалы – пациент Жүсіп Омаровтың қалыпты өміріне қайта оралуы.

Жүсіп Омаров бір жақ қолы мен аяғы ұйып, сөйлеуі қиындап қалғандықтан дәрігерлерге жүгінген. Ангиографиялық тексеру кезінде оның мойындағы қан тамырының 70 пайызға бітелгені анықталды. Дәрігерлер дереу әрекет етіп, тамырға стент қойды, қан айналымы қалпына келтірілді. Нәтижесінде Жүсіп Омаров дертіне шипа тапты. Қазір ол жылу электр орталығында жұмыс істеп, зейнеткерлікке дайындалып жүр.

Бұл мүмкіндікті 2025 жылы Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасына орнатылған ангиограф аппараты қамтамасыз етті. Құрылғы облыс тұрғындары үшін күрделі медициналық көмекке қол жеткізуді жеңілдетті.

Ангиография – көк тамыр мен артериялардың жағдайын мүмкіндігінше дәл бағалауға, тарылулар, бітелулер, аневризмаларды және басқа патологияларды анықтауға, сондай-ақ емдеудің ең тиімді тәсілін таңдауға мүмкіндік береді. Ақпараттылығы бойынша әдіс ультрадыбыстық және түрлі-түсті дуплексті сканерлеуден асып түседі. Ол кардиология, неврология, онкология, нейрохирургия, гинекология, урология және тамыр хирургиясында кеңінен қолданылады.

Ангиография әдісі арқасында облыс халқына көптеген күрделі оталарды жасау мүмкіншілігі туды. Айта кетсек, аппарат орнатылғаннан бері облыста 57 науқасқа ота жасалды, оның 17-сі жоспарлы, 40-ы шұғыл түрде. Сөзсіз, мұндай керемет жабдықтарды білікті мамандарсыз пайдалану мүмкін емес. Қазіргі таңда ангиографиялық оталарды құрамына Бауыржан Ешжанов (жергілікті ангиография бойынша мамандану курстарынан өткен, аргиохирург), Қуаныш Нәлібай (өңірге әлеуметтік қолдау бағдарламасы бойынша келген тәжірибелі нейрохирург), Жалғас Әбдраманов (ҚР ДСМ-ның жолдамасымен келген нейрохирургия бағытындағы резидент) кіретін команда жүзеге асыруда. Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлерінің қатысуымен 3 рет шеберлік сабағы өткізіліп, 16 науқасқа ота жасалынған. 

Бұрын мұндай күрделі медициналық көмекті алу үшін тұрғындар басқа қалаларға баруға мәжбүр болса, қазір бұл қызметтер өз өңірімізде тегін қолжетімді. Айта кету керек, ангиографтың көмегімен жасалатын барлық араласулар тұрғындар үшін МӘМС шеңберінде қолжетімді.

Естеріңізге сала кетейік, өңірдің медициналық дамуына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған кешенді даму жоспары зор үлес қосып отыр.

20:16
142

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020