Көңіл айта келген жұртпен бірге кіріп, қазаға ортақтастығын білдірген Әлі шегініп отырды. Айнаның бетін жауып, сурет атаулыны төңкеріп ілген үйдің іші қара-көлеңке тартып, кіріп-шығып жатқан жұрттың сұрғылт бейнелері елес сияқты сырғып өтіп жатыр. «Беу...» деп келгендердің үндері де тез өшіп, тымырая кетіп жатқан. Жүрсіннің сары қатыны сазарған қалпы. Әйтеуір көзі қызарған, жас жоқ. Анда-санда екі иығы селк етеді. Нар тұлғалы Жүрсін омырылып қалған екен. Еңкейіп қалыпты. Тіпті жер бауырлауға жақын. Екі көзі тұңғиықты сүзіп, тесірейіп өтіп барады. «Уһ» деді бір кезде.Уһілеген үнімен бірге жалғыз тамшы жас шығып, беттің әжіміне тіреліп, дір-дір қағып тұрып қалған.
Әлінің жүрегі селк етті. Көрген осындай жалғыз тамшыны. Нар тұлғалы, балуан пішінді Жүрсіннің сол көкжалдан несі артық, несі кем. Адам мен даланың қайсар тұлғасы. Япыр-ай, көз жасы сонша неге бірдей. Қайсар тұлға қасқырдың көзіне жас алмағанын да көрген. Ие, мына Астанада қазақтың итін қасқырға қосып, батылдығын сынамақ көрінеді. Япырай, ә! Мынау бір жаналық екен. Ойпырым-ай, мына өткен жойқын заманда қазақтың кеудесінде намысы бар тұлғаларымен бірге қасқыр алатын тазысы да құрып кеткен жоқ па еді. Ілуде-біреу қалды ма екен,ә? Барып көрейінші деп шешкен. Арнаулы алаңға жиналған жұрт у-ду. Шынжырға байланған қасқырды сонадай-сонадай жерден қоршап алыпты. Өзбек ағайынның әтеш таластырғаны адыра қалсын. Әтештер жекпе-жекке шығушы еді. Мұндағы жұрттың бәрінде бір-бір ит, кейбірі қос-қостан ұстап тұр. Батырсыған бір жігіт:
-Жіберейік, біреуі алар, -дескен сөз де құлаққа жетті.
-Айт! Айт! Бас! Бас! –деген айқайға қоса елірген оншақты ит қасқырға тура ұмтылған. Бірме-бір алыса кеткені болмаса да алып тастағысы келіп ұмтыла жеткеннің тісін қасқыр арс етіп денесіне дарытпаған. Теріс айнала берген көкжалдың тілерсегіне жармаса бергенің де бұрылып бетін қайтарып үлгерген. Көп иттің көк итті бас салған жанталасы еді. Қанды шайқас. Өмір үшін жанталас. Есірген жұрттың айқайы, қасқардың тісі тиіп кеткен иттің бажылы, шынжырдың салдыры, қаһарлы арсыл бәрі тұтасып кеткен. Қан исін аңсаған бір жамандық қоюланып, тұнып тұр. Біраз жұлқысқан иттер шегінісіп, қасқырдың азуы тиген жерлерін жалап, айнала шоқиып отыра кеткен. Қасқырдың да жамбасынан қан ағып тұр. Шынжырын сүйретіп, мойынын көкке созды. Әуелі қыстығып шыққан үн біртіндеп көктен көмек сұрағандай ұлуға айналған. Әлінің тұла бойы шымырлады. Мынау шынжыр… мынау даланың қайсар тұлғасы. Қазақтың да сан қайсар тұлғасын өстіп шынжырлап мазақ етпеді ме? Сонда да мынадай қиқулы жұрт болған. Қасқырдың мына ұлуына сол тұлғалардың елім деп зарлаған үні қосылғандай. Құлағы тұнды. Әлде Сәкен, әлде Ілияс… «Күнбатыста қара түнек қаптаған». Мағжан ба? Қара түнек боп қаптап, қоршап тұрған мына жұрт. Жолда тұрғандарды қаға-маға, итеріп тастап Әлі сол жерден тұра қашты.
Бірақ онда ажалға басын тіккен қасқырдың тізерлеп мойынсұнғанын, көз жасын көрмеп еді. Апыр-ай, Жүрсіннің бетінде дірілдеген жалғыз тамшы сол көкжалдың көз жасы көз алдына әкеле берді.
Ол жолы да осы Мұхамедия жанында. Бір топ қасқыр пәленшенің торпағын тартып кетіпті деп қаркешкіш шанасын көлденен тосқан. Бұлар жалғыз емес екен, тағы да осындай төрт жерден шана ілесті. Айтулы жерден топ қасқыр тұра қашқан. Сонау тауға жетсем деп қасқырлар да барын салып сілтеп келеді. Көкті пышақтай тілгілген адамның қарды қауып асап жүйіткіген мына зұлым жүйрігі қойысын ба, тау жақтағы жол кесілді. Көк мылтықтылар сол жақтан көк түтінді бұрқыратты. Бастап келе жатқан көкжал жалт беріп алақандай шілікке қарай бетті бұрды.
— Ой-бу,-деді Мұхамедия. -Сондарындағы үшеу бөлтіріктері екен ғой. Соған қарайлап қаша алмай келеді ана көкжал.
— Әйтпесе ана тауға не бұрын, не қатар шығар еді.
— Жібере ме аналар, деп Әлі аңшылар жақты иегімен нұсқады.
— Мәрт қой көкжал. Тізе бүкпейді ол. Қайтсе де қуғыншыны сан соқтырады.
— Айлакер десейші.
-Жоқ, нағыз ақылды аң. Естілігі адамнан кем емес дер едім. Кекшіл де. Есіңде ме...
Иә, Әлі ұмытылмас уақиғаға куә болған. Қаладан осы ауылға бір топ аңшы келді дегенді інісі айтып келген. Естуінше бәрі соғысқа келгендей қаруланған. Зеңбіректен басқаның бәрі бар сияқты.
Елең-алаң шақ. Таңғы ұйқысыраған тып-тыныш ауаны жүйіткіген төрт-бес жүйрік шананың мазасыз дарылы тілігілеп келеді. Соңдарына ілескен жүргіш машинада тиелген иттері де бар. Тап осылардан қашқандай жетімек бұлттар сырғып көкжиекке қарай ауып барады. Жай-жапсырды түсінген бұл екеуі де осы топтан қалыспай ілесіп келеді.
-Кетті! Кетті! – деп айқай салды алдыдағы біреуі. Құлақшынын жұлып алып, ілгері жақты нұсқап, жанұшыра сілтеп жатыр.
– Қызыл шұнақ аяз ананы қушұнақ етпесе еді. — Мұхамедия мырс етті. – Ессізін –ай мынаның.
Құлақ керек екен, башлығын жапсыра киіп алып ызғытып барады. Қалғандарында да ес қалмағандай, кезек-кезек озып, аспан – көкті айғайға толтырып, соңдарынан бұрқыратып боран көтеріп ызғытып-ақ келеді. Қасқыр да әлді екен. Он-онбес шақырым жердей маңайлатпады. Өкпесі өшіп, тынысы тарылуды білмейтін жүйрік шаналар ақыры қоршауға да ала бастады. Ит артқан машинадан секіре түскен бір қора ит те қасқырды бас салғандай.
Аязды қарлы дала күңіреңген. Талай қанды уақиғаны көрген азалы аспан қара жер бетіндегі тап осыны көргісі келмегендей таудан аса келген бұлтты төмен төсеген. Бір кездег көшпелі елдің мал жанынан қорғаған, бүгін де қанды – қасапқа үйретілген иттер жалғыз қасқырға кезек-кезек жабылып жатыр. Ал, бір-бір жүйрігін қаңтарып тастаған мына топ жан – дүниені басына көтеріп, мәз. Той. Шаттық кірген шат-шадыман шақ дүркіреп тұр. Сол жақтағы басшы тікірейген тікенектей мұртын сипап тапжылмастан қақиып қапты. Қолдарын алма-кезек сермеп, бірін-бірі тыңдамай өзеурегендер мадақтама жыр оқығандай аязды күнде шашала сөйлеп, буды бұрқыратып — ақ тұр.
Кенет жиылған жұрттың құты қашып, есі кетті. Үстіне бар ит жабыла жармасқан қасқыр «сендерден ақ көрдім ғой» дегендей қанға толған аузын арандай ашып бұларға тұра ұмтылған. Бар итті сүйретіп келеді.
Тарс етті. Жалғыз оқ бәрін шешті. Басшы пистолетін суытып тұр екен. Әлі мына дарақылықтан бойын ала қашқандай еді.
Қаншығымен жас бөлтірік – балапандарын ертіп кірген топ ішілік пана болатындай ну жыныс емес еді. Әрісі жиырма, берісі он қадамнан аспайтын топ шіліктің ішін әрі-бері өтіп, сан жайлаған сиырлар таптап тастаған, басыңды бұрсан құйрығын көрініп жататын жалтан орын. Сол шілікті енді бұлар қоршап тұр. Ұлы жаратушы тіршілік иелеріне үлесін бөлгенде қасқыр кеш қалыпты десетін бұрынғы үлкендер. Налыған қасқыр тәңірі «үлесің жеті күн елден, жеті күн жерден болсын» депті. Сонан қасқыр жеті күн елден жеп, жеті күн жерден жейді екен дегенге қазақ баласы сенетін. «Әй, әнебір торпақты қасқыр жарып кетіпті » дегенге «Е, ол соның үлесі ғой, бақпаған өздеріңнен көріңдер» деп ақсақалдар басу айтатын. Әлі қанды қақпанға түскендей болған топ қасқырды аяп тұр.
— Ендігі жұрт қасқырдың өмір сүру тәсілі осы, осылай жаратқан әуелде деп түсіне ме? Әйтеуір қыра беруге құмар. Сол өмір сүру тәсілі, күйбен тіршілік бұл бейбақ қасқырды тұқыртып әкеліп тірі тозақтың торына түсіргені мынау. Дегеніне жетіп тұрған мына албастыдай көрінген аңшы сымақтардың қуаныштары қойнынна сыймай тұрғаны анық. Ал, мына менің жүрегімнің қан жылап тұрғанын білер ме едің, сені бейбақ.
— Әй, не тұрыс бар? Деп жекірді үстіне айқыш-ұйқыш мылтық, не түрлі сауыт сайман асынған қапсағай қара.
— Әй, осы қуаныштан менің есім кіресілі-шығасылы. Менен жөн сұрама. Біра-ақ айтарым тым ірі екен мына қасқыр. Нағыз көкжал. Жалын көрдің бе, жалын. Тұра ұмтылса бәрімізді қиратып салар – мықшиған сары сақалын сипады.
-Керемет тон болар еді – деп қалды біреуі.
-Е, тон кимек екенсің ғой. Ендеше өзің барып ал. Ұрып аласың ба, атып аласың ба, ол сенің ісің. Біз риза боп тұрсақ болды. – Қапсағай қара бұйырғандай рай танытып қолын сілтеді.
— Жоқ, менікі әйтеуір айтқан ғой, — деп жалтарды сөз иесі.
— Мә, мынау бері шығып келеді, — деген мықшиған сарының үні естілді.
Жалы иғын жапқан көкжал жер бауырлар бері жылжып келе жатыр екен. Басын жерден сәл ғана көтеріп, тоқтай қалды. Қаншық қасқырда көкжалдың қатарынан қалмай жылжыған. Қаншықтың соңынан ере жылжыған кос бөлтірік бастарын енесінің құйрығына тығып алған екен.
Тағы сәл жылжыған көкжал басын сәл көтеріп артына қарады. Оның да соңында әкесін паналаған бөлтірік құйрығына тығыла түстіпті. Көкжал «көріңдерші мынаны» дегендей жалтақтаған. Көкжалдан қыңсылағандай үн шықты. Тірідей терісін сыпырғанда қыңқ етпейтін көкжалдың қыңсылағаны несі? Кімді аяп тұр? Құдай-ау, тиспеңдерші балама деп тұр ма? Көкжал ажалдан қорқуға тиіс емес, ол тағдыр бұйрығына басын байлай білетін тірішілік иесі. Шығып келе жатақан күн нұрымен таласқа түскендей найзадай қап-қара кірпіктері тығырыққа түсседе от шашып тұр. Шіркіннің бүкіл жонын жапқан жала қалай-қалай құбылады. Құдай-ау, неткен сұлу тіршілік иесі еді. Тағдырға басын иген қаншық басын көтермей, үнсіз ілгері жылжыған. Тоқтады. Өзін өлімге бұйырып тоқтады. Қыңсылаған үн жетті. Көкжал басын көтерген еді. Бір тамшы жас кірпіктерінің арасына ілініп, дірілдеп тұрып қалған еді.
Әлінің көңілі алай-дүлей болып кетті. Не өңі, не түсі екені айыра алмай сасқалақтады. Елес көргендей есеңгіреп, өңі әппақ қудай болып солды. Әр неден секем алған жүрегі аттай тулап, мына көріністен қайтерін білмей сандалған ол жан ұшыра атып тұрып, екі қолын көкке созып, «атпаңдаршы» деп айғай салған. Оның айғайын күрсілдеген мылтық үні басып кеткен. Жалп етіп отыра кетті. Гүрсіл де басылған. Дүниені мылқау үнсіздік басты. Сана сөніп, тірлік құлазыған.
Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
«Құрмет» орденнің иегері
13.IX.2019 ж.