​ҰЛЫҚ ҰЛЫС МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛАДЫ

«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, «Қазақмыс» коропрациясы Жезқазған аймағы бойынша әлеуметтік еңбек қатынастары бөлімінің басшысы Сабыржан Тембаев және Жезқазған тарихи-археологиялық музейі тарих және археология бөлімінің ғылыми қызметкері, тарихшы Қабдол Әуезов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған іс-шаралар легімен таныстырды.

– Алтын Орда – Жошы ұлысының мұрагері. Ал осы Алтын Орданың тарих көшінде қазақ хандығына ұласқаны тарихтан белгілі. Айта кететін басты жайт – Жошы ұлысының құтты қонысы қасиетті Ұлытау аймағы болуы. Сондықтан да, осынау алып ұлыстың көне қонысында отырған «Қазақмыс» корпорациясы аталмыш оқиғаға үн қатуды, нақты үлес осуды – басты мақсаты санайды, – деді Төлеген Бүкіров өз сөзінде.

Шара барысында Қабдол Әуезов ел аузында айтылып жүрсе де, ғылыми түрде толық зерттелінбеген «Төрт босаға» басқару жүйесі туралы да сөз етті. Бағаналы жұртына тән бұл жүйенің Ұлытау өңірі тарихының ажырамас бір бөлшегі екенін айтқан ол аталған жүйені зерттеуге тарихшы ғалымдар қызығушылығын ояту мақсатында бірнеше шара ұйымдастырылып жатқандығын айтты.

«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырылуымен осы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отырған шараларға «Қазақ жеріндегі демократиялық, саяси-құқықтық мемлекеттердің қалыптасу тарихы» атты ғылыми конференция өткізу, «Ұлытауым – Ұлы Дала киесі» атты республикалық жазба ақындар мүшайрасын ұйымдастыру және «Аманат» («Төрт босаға) атты тарихи-деректі, көркем роман жазып, кітап етіп шығару жұмыстары кіреді.

Мүшайраға өлеңдер 1 тамызға дейін қабылданады. Ақындардың жасына шектеу қойылмайды. Ал, ғылыми конференция «Қазақ жері үш ұлыстың орталығы: Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарының мемлекеттік қалыптасу тарихнамасы», «Алтын Орда, Ақ Орда және Қазақ хандығының мемлекет ретінде қалыптасу тарихы», «Ұлытау жеріндегі Бағаналы елінің «Төрт босаға» басқару жүйесі» бағыттарында өткізіледі. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын 10 тамызға дейін өткізулері керек. Өлеңдер мен мақалалар да арнайы жинақ ретінде баспаға ұсынылатын болады. Ақын, жазушылар одағының мүшесі Батырбек Мырзабеков жазып жатқан «Аманат» («Төрт босаға») романы да аяқталуға жақын қалыпты.

Аталған шараларға корпорация тарапынан 20 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы байқаулар жеңімпаздарына және елімізден және Түркия, Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен келетін қонақтардың тамағы мен жатын орындарына, көлік тасымалына жұмсалатын болады.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

10:58
433

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020