Ұлытау облысында бес жыл бойы бір отбасыны интернет арқылы қудалап келген белгісіз аккаунт иесі әшкереленді. Жасанды интеллектіні пайдаланып жалған интимдік материалдар таратқан күдікті 22 жастағы Сәтбаев тұрғыны болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сүйенсек, алғашқы кезеңде қысым жәбірленуші қызға көрсетілген. Ол бопсалауға, қорқытуға және жалған ақпараттың таралуына тап болған. Уақыт өте келе қудалау одан да қауіпті сипат алған.
Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланған қаскөй шынайы адамдарға ұқсатып жасалған интимдік сипаттағы жалған фото және бейнематериалдар дайындаған. Бұл материалдар интернетте таратылып, туыстарына, таныстарына және өзге де адамдарға жіберілген. Соның салдарынан отбасы ауыр моральдық әрі беделдік зиян шеккен.
2023 жылы жәбірленушінің алдағы тұрмысқа шығатынын білген қудалаушы жалған бейнематериалдарды күйеу жігіттің отбасына жолдаған. Осылайша, құда түсу рәсімі бұзылған. Қыз цифрлық кеңістіктен толықтай кетуге әрекет жасағаннан кейін, шабуыл нысанасына оның жақын туысы айналған. Интернетте жалған парақшалар мен материалдар таратыла бастаған. Бұл жағдай отбасының, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген.
Өзін жазасыз қаламын деп сенген күдікті ұзақ уақыт бойы бүркеніш аккаунттардың артында жасырынған. Алайда киберполиция жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде оның жеке басы анықталды.
Тергеу барысында заманауи цифрлық технологиялар мен талдау құралдары қолданылып, көпжылдық онлайн қудалаудың артында тұрған нақты тұлға белгілі болды.
Күдікті – Сәтбаев қаласының 22 жастағы тұрғыны. Ол тұрғылықты жерінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен ұсталды. Тінту кезінде заңсыз әрекеттерге пайдаланылған компьютерлік техника мен байланыс құралдары тәркіленді. Қазір күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу оның өзге де киберқылмыс деректеріне қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда егде жастағы ер адам қызға ақшаға интим ұсынып тиіскенін жазған едік. Қарт адам “қызым” деп шақырып алып, сосын “қарындасым, өтініш” деп оны қолымен ұстамақ болған. Алғашында қыз оған көмек керек деп ойлапты. Бірақ оның орнына ол қызға жағымсыз сөздер айтты.