Жезқазған қаласындағы көпбейінді аурухананың негізгі буындарының бірі — урология бөлімшесі. Аймақтағы ауызсу сапасының әсері болар, бүгінде бүйрек пен қуық ауруларының деңгейі айтарлықтай жоғары. Оған ер адамдардың простатит пен аденома сырқаты қосылғанда, урология мамандарының дертке шипа іздеген күнделікті қарбалас тірлігі бір бәсеңдемейді. Осы күрделі сала бөлімшесін ширек ғасырдан бері тәжірибелі дәрігер, урологияның үздік маманы Боранбай Төлегенұлы ӘБЕНОВ абыроймен басқарып келеді.
Қасиетті Ұлытауда орта мектепті бітіріп, «алдымда толған мақсат, толған таңдау» деп, арман қуып жүрген албырт жастың ақ халатты абзал жандар мамандығын таңдауына апасы Розаның абыройлы жолының әсер еткені сөзсіз. Сол кезеңде мединститутта оқыған Роза Төлегенқызы Ұлытау ауданының ұлағатты дәрігеріне айналып, халық арасында абыроймен адал қызметін көрсетуде. Алдындағы арқа сүйер апасының жолы жұғысты болған Боранбай да Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын 1986 жылы ойдағыдай тәмамдап, хирург ретінде Жездіге жолдамамен келген болатын. Екі жылдай еңбек етіп, тыңғылықты ісімен танылған оны облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы облыстық аурухананың урология бөліміне ауыстырды. Ол кезде аурухананың бас дәрігері Кенжетай Қабыкенов болса, урология бөлімшесінде Назымбек Хамзин болатын. Мамандығына құштар көңілмен ден қоя білген ынталы жас урология маманы Назымбек ағасынан көп нәрсе үйренгенін ерекше айтады. Міне, содан бергі 30 жылдан асатын уақыт ішінде осы саланың қыр-сырына кеңінен бойлап, өзі де айтарлықтай мол тәжірибе жинақтады.
Көпбейінді аурухана директорының емдеу ісі және хирургия жөніндегі орынбасары Ғабиден Ақанов урология маманы Боранбай Әбеновтің біліктілігімен қатар адамгершілік абзал қасиетін де аса бағалай әңгімелейді.
— «Жақсы сөз — жарым ырыс» демекші, Боранбай қарапайым мінезі арқылы әрбір сырқаттың көңілін таба білуімен ерекшеленеді. Қолы жеңіл, емі шипалы. Тоқырап қалудан ада, біліктілігін жетілдіру жолында үнемі оқып, ізденіп жүреді, — дейді ол.
Иә, айтса айтқандай, Боранбайдың осы салада еңбек еткен әр жылдарынан үлкен ізденіс пен өсіп жетілудің ізін көруге болады. Осыдан жеті-сегіз жылдай бұрын Ресей урологтары қоғамының XII сьезіне қатысып, саланың күрделі мәселелеріне қанығып қайтса, 2016 жылы Астанада өткен ТМД елдері урологтарының бірінші сьезіне қатысыпты. Сондай-ақ, ол Санкт-Петербургта, Мәскеуде, Нұр-Сұлтанда, Алматыда болатын мамандық жетілдіру курстарына ықыласпен барып, біліктілігін жетілдіре білуде. Жетістік сыры да осында болса керек. Жанға дауа, дертке шипа тапқан жандардың ризашылықтары мен ыстық ықыластары соны аңғартады. Бір кездері қуық пен бүйрекке байланысты 400-ге таяу ота жасаған жылдары болыпты. Қазір медицинадағы жаңа технология мен жетілдірілген жабдықтарды қолдану арқасында бұл көрсеткіш біршама төмендей түскен. Ал, дәрігерлік жолында мыңнан аса сәтті ота жасағанын айтады басшылар. Қазірде заманның зәһары ма, экологияның зардабы ма кім білсін, ерлердің жыныстық органының дертті болуы көп кездесетін болыпты. Ол соңғы жылдары несеп жолдарына пластикалық ота жасауды тәжірибеге сәтімен енгізді. Енді лапароскопиялық ота жасау әдісімен де жете шұғылдануда. Өз ынтасымен Қарағандыға барып жүріп, сырқаттардың іш құрылысын УЗИ аппаратымен тексеруді жете меңгеріп алды. Б. Әбенов жоғары санатты уролог-дәрігер, лайықты еңбегіне орай 2018 жылы «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағына ие болды.
«Қайсар да қажырлы, әрі табанды адам ғана өзі туралы үндемей жүре алады» деген екен бір данышпан. Сол айтқандайын, Боранбай жалпы өзі туралы сараң әңгімелейді. Ұжымы мен әріптестері төңірегінде көбірек айтқанды жөн көреді. Урологияда өзімен біраз жылдар бірге істеген Серік Сейтенов қазір Астанадағы Президенттің іс басқармасы медициналық орталығында жемісті еңбек етіп жүр екен. Өз алдынан түлетіп ұшырған шәкірті Нұржан Қайшенов «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС-де уролог көрінеді. Көп жылдар бұрынғы облыстың бас урологы болған Боранбай Әбенов қазірде Жезқазған аймағының бас урологы саналады. Көпбейінді ауруханадағы ол басқаратын бөлімше – 20 төсектік. Облыс кезінде мұнда 60 төсекке дейін сырқаттар жататын. Бүгіннің өзінде аймақтағы Қаражал, Жәйрем, Ұлытау, Қарсақбай өңірлерінен дерт меңдеген жандар осында емделеді. Ара-тұра Жаңаарқадан да арнайы іздеп келетіндер бар.
— Жылдан-жылға медицина саласының дамуына орай жабдықтар да жаңартылып, жетіле түсуде. Кейінгі уақытта бүйректегі тасты үгітіп, лазермен ота жасайтын аппарат қойылды. Енді басшыларымыз аденома, простатит сырқаттарын емдеудің тиімділігіне қол жеткізетін ТУР жабдығымен жарақтандыруды көздеп отыр, — дейді алдағы жобалары туралы ой бөліскен Боранбай Төлегенұлы.
Бөлімше меңгерушісі кәсіби мерекелері қарсаңында сырқаттардың емінің шипалы болуына шынайы үлестерін қосып жүрген көмекшілерінің есімдерін де ерекше ілтипатпен атады. Уролог дәрігер Сәбит Атабаев, медбибілер Жазира Жанділдаева, Гүлзада Оташева, Ақгүл Калиева, Жақсыгүл Әбдіхалықова, Салтанат Жалбырова, Гүлнұр Жамекеева және шаруашылық бибісі Шекер Қоңырбаева сияқты абзал жандар ортақ мақсат жолында аянбай тер төгуде. «Басшыға — қосшы» бола білу де үлкен еңбек. Оның үстіне аймақтағы бүйрегі бүріп, қуығы сырқыраған сырқаттардың көбісі Боранбай сияқты білікті мамандарға қаралғанды жөн көреді. Білікті маман басқаратын шағын ұжым дерт дауасын тауып, осындағы әр науқасты сауықтырып шығарғанша тыным көрмейді. Айыққан жандардың оларға алғысы шексіз. «Алғыспенен ер көгерер» демекші, урология саласының үздігі, абзал азамат Боранбай Әбеновті әрдайым абырой биігінен көре берейік.
Амандық РАХҰЛЫ
Суретті түсірген автор