Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өңірлік медицинаның дамуына нақты серпін беріп отыр. Соның айқын дәлелі – 2025 жылдан бастап Жезқазған дедициналық орталығы базасында жоғары технологиялық аортокоронарлық және маммарлық-коронарлық шунттау оталарының тұрақты түрде жасала бастауы.
Бұл – ишемиялық жүрек ауруының асқынған түріне шалдыққан науқастарға жасалатын күрделі хирургиялық араласу. Ота барысында пациенттің кеуде қуысы ашылып, жұмыс істеп тұрған жүректегі бітелген немесе тарылған қан тамырлары арнайы шунттармен алмастырылады. Ота шамамен 3 сағатқа созылады және жоғары кәсіби дайындық пен заманауи құрал-жабдықтарды талап етеді.
2026 жылдың басынан бері медициналық орталықта 13 пациентке осындай күрделі ота жасалды. Нәтижесінде олардың жүрегі қайтадан өз ырғағымен соғып, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік алды. Айта кету керек, мұндай отаны ақылы түрде жасату құны шамамен 3,5 миллион теңгені құрайды. Алайда өңір тұрғындары үшін бұл жоғары технологиялық көмек МӘМС жүйесі аясында тегін қолжетімді. Сондықтан, медициналық сақтандыру жүйесі халықтың қаржылық жүктемесін азайтып, өмірге қажетті медициналық көмекті уақытылы алуға жол ашты деп сеніммен айтуға болады.
Отадан кейін науқастарға ұзақ мерзімді оңалту курсы қажет. Жүрекке жасалған араласудан соң ағзаның толық қалпына келуі үшін арнайы бақылау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және кезеңдік тексерулер жүргізіледі. Бұл оңалту шаралары да МӘМС шеңберінде ұсынылады.
Ұлытау облысында кардиохирургиялық қызметті дамыту бағытындағы жұмыстар UMC жүрек орталығы мамандарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Тәжірибе алмасу мен практикалық қолдау жергілікті дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттырып, өңірде жоғары мамандандырылған көмектің сапасын күшейтуде.
Жүрекке жасалатын күрделі оталар енді ұлытаулықтар үшін қолжетпес арман емес, шындыққа айналды. МӘМС жүйесі арқылы тұрғындар басқа қалаларға бармай-ақ өз өңірінде, өз дәрігерлерінен заманауи әрі сапалы медициналық көмек алып отыр. Бұл – адам өмірін сақтауға бағытталған үлкен қадам.
Жүрегіне ота жасатқан жандардың бірі – 59 жастағы жүргізуші Талғат Исин.
— Дәрігерлерге айтар алғысым шексіз. Маған дер кезінде көмек көрсетіп, өмірімді сақтап қалды. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Жүрегім қайта соғып, өмірді жалғастыруға жаңа мүмкіндік алғандаймын», – дейді емделуші.
Пациент үш жылдан бері диспансерлік есепте тұратынын және ай сайын қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетінін де жасырмады.
— Сақтандырылғанымның арқасында барлық қызметті тегін алып отырмын. Операция да, тексерулер де, дәрілерім де – бәрі МӘМС арқылы. Осындай мүмкіндік бар екеніне ризамын», – дейді ол.
Диана ОРАЗАЛИНА