«Қазақстандағы конституциялық референдум: құқықтық негіздері мен маңызы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Кездесу барысында қатысушылар алдағы референдумның маңыздылығын, оның құқықтық мемлекетті нығайтудағы, демократиялық институттарды дамытудағы және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін талқылады.
Конституциялық референдум елді жаңғыртудың маңызды қадамы екені ерекше атап өтілді. Ол қоғамның әділеттілікке, ашықтыққа және мемлекеттік тетіктерді жетілдіруге деген сұранысын айқын көрсетеді.
Дөңгелек үстелде мазмұнды баяндама жасаған спикер — облыстық Медиация кеңесінің мүшесі Гилемханова З. З. конституциялық өзгерістердің маңыздылығын атап өтіп, жаңа жобаға қолдау білдірді және мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайту қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ Медиация кеңесінің мүшесі Айтбаев М. Т. өз пікірін білдіріп, ел бірлігі мен тұрақтылығын күшейтуге ықпал ететін нормаларды жаңарту мен жетілдіру уақыты келгенін айтты.
Қолдау сөзін Медиация орталығының үйлестірушісі Гатиятова Г. Р. де білдіріп, алдағы өзгерістер азаматтық келісімді нығайтуға, сындарлы диалогты дамытуға және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар "Қоғамдық келісім" КММ директоры Сейтжанова Г. О. «Елдесу және татуласу» жобасының жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Өйткені жобаның басты мақсаты — өзара түсіністікті нығайту, қақтығыстардың алдын алу және дауларды бейбіт жолмен реттеу мәдениетін дамыту.
Іс-шара соңында қатысушылар қоғамдық келісім — ел тыныштығы мен тұрақтылығының негізі екенін атап өтіп, халық бірлігін нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдау әрбір Қазақстан азаматының ортақ міндеті екенін жеткізді.