​ТЫНЫШТЫҚ САҚШЫСЫ ЖАНСЕРІК

Қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін отқа да, суға да түсуге дайын бұл мамандық иелерінің көтерген жүгі қай кезде де ауыр. Уақытпен санаспай адам өмірі мен тыныштығын көздің қарашығындай қоритын олар бүгінгінің батырлары іспеттес. Олар – тәртіп сақшылары. Қоғамдық тәртіпті күзетуші осынау мамандық иелері тарапына айтылар пікірлер әр түрлі болғанына қарамастан өз қызметтерін мүлдіксіз орындап жүрген жезқазғандық учаскелік полиция инспекторлары жұмысына айтар тұрғындар алғысы мол .

Бүгінде Жезқазған қаласында 11 учаскелік полиция пункті болса, оның 8-і қалаішілік, қалған 3-еуі Малшыбай, Теректі Кеңгір елдімекендеріндегі тәртіпке жауапты. 1990 жылы дүние есігін ашқан Жансерік Егеубаев қызмет ететін № 5-учаскелік полиция пункті қала бойынша ең үлкені. 2008-2012 жылдар аралығында Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде білім алған оның алғашқы мамандығы – қаржыгер. 2013 жылдан 2014 жылға дейін Қарағанды қаласындағы «Болашақ» академиясында заңгер мамандығын игерген ол біраз уақыт Жезқазған байыту фабрикасында өзін жаңа қырынан сынап көрді. Уақыт өте мамандығы бойынша еңбек етуге бел буған ол полиция инспекторының көмекшісі болып қызметке қабылданды. 2017-2019 жылдар аралығында инспектор көмекшісі болған ол 2019 жылдан бастап учаскелік полиция инспекторы қызметіне келді. Бүгінде Титов көшесінен Шевченко көшесіне дейінгі аумақ тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығына жауапты ол аптаның жеті күнінде де қызметін көзінен таса қылған емес.

– Расында, полиция қызметкерлеріне деген жалпы ел тұрғындарының көзқарасы әр түрлі. Мүмкін бірдің кесірі мыңға тиіп жатқан болар. Бірақ, қандай сөз айтылса да мен өз қызметімді барынша адал атқаруға тырысамын. Себебі, адамның сенімі бәрінен жоғары. Менің көмегіме жүгінген жандар маған соңғы үмітіндей қарап, сенім артады. Сенімге селкеу түсіру ер азамат үшін өте ұятты жағдай деп білемін. Жауапкершілігі мол осынау жұмысқа кірісу алғашында аса оңай болды дей алмаймын. Форма мен фуражка кию нағыз полиция қызметкері болып кеттің дегенді білдірмейді. Заң баптарын іс жүзінде жүзеге асыру оңай емес. Қызметке алғаш келгенімде ағамдай болып кеткен учаскелік инспектор Алмас Базылбеков тәжірибе жүзінде біраз жайтқа қанықтырды. Қызмет барысында түрлі шақыртулар болады. Дау-жанжал орын алған оқиғаларда адамдар ашуға ерік береді. Міне, сол кездерде бізде қызбалыққа салынбауымыз керек. Қос тараптың да пікіріне құлақ асып, оқиғаны жан-жақты сараптауға тырысамыз. Оларды сабырға шақырамыз. Кінәлі тұлғаны бірден ажыратуға да дағдыланамыз. Жалпы мұндай қасиеттердің барлығы уақыт өте, тәжірибе барысында қалыптасады. Алғашқы жұмысқа қабылданған күндері мен қазіргі кезеңімді салыстыруға келмес. Қазір ақыл толысып, жұмысыма сіңісе түскендеймін. Уақыт өте өз-өзіңді сабырлы ұстап, байыпы болуға дағдыланасың. Сондай-ақ, өз қызметіме деген құрметім де артты. Мен бұл істі басқа тірлікпен айырбастамас едім, – дейді ол.

Бүгінгі таңда қаламыз бойынша жиі орын алатын тәртіп бұзушылықтарға тұрмыстық дау-жанжалдар, ұрлық-қарлық, көші-қон мәселесі бойынша оқиғалар тіркеледі екен. Аталған мәселелер бойынша алдымен тергеу жүргізіліп, медициналық сараптама жасалады. Медицина қорытындысы дайын болғаннан кейін іс сотқа жөнелтіледі. Міне осы аралықтағы шаруалардың барлығы учаскелік полиция инспекторының мойнында. Одан бөлек құқық саласының 10 бағыты бойынша әр ай сайын есеп жұмысы дайындалады. Айына 1-2 рет келетін тәуліктік кезекшілік, күнделікті көше рейді, пәтерлер мен дүкендерді бақылау – міне осылардың барлығы дерлік Жансерік Зейноллаұлынының негізгі міндеті. Карантин кезінде тәртіп сақшыларының жұмысы тіпті қауырт боп кетті.

Ол – бүгінде екі баланың әкесі. «Көшеден мен көмектескен адамдар көріп қалып, алғыстарын жаударып, тіпті үйлеріне қонақ болуға шақырып жатқанда еңбегімнің еш кетпегендігіне қуанасың. Расында, бұл мамандықты босқа таңдамаппын ғой деп көңілің бір марқайып қалады. Біреуге қол ұшын созып, олардың жанарларынан ризашылық лебізін сезіну – полиция қызметкері үшін бұдан артық сый жоқ деп ойлаймын. Мен балаларым мақтан тұтар, өз ісіне адал елімінің азаматы болғым келеді» дейді ол.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан полиция қызметкерлеріне көрсетіліп жатқан көмек орасан зор. Әрбір учаске инспекторына қызметтік көлік берілді. Жалақы көлемі де артты. Ендігі олардан күтілері – өз қызметтеріне деген сүйіспеншілік пен адалдық қана.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

12:57
426

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020