Ел Тәуелсіздігінің арқасында жүзеге асырылып жатқан асқаралы асулар жайлы айтқан кезде Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, Шығыс пен Батысты жалғастырған Жезқазған-Бейнеу теміржолы туралы ауызға алмау мүмкін емес. Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған ауқымды жобаның іске асып, өмір шындығына айналғанына биыл 5 жыл толып отыр. Бұл – бұрын теміржол тұйығында қалған қала саналатын Жезқазғанның 65 жылдық тарихындағы айтулы оқиға. Осы өткен 5 жылдың ішінде жапан даланы жаңғыртқан жаңа жолдың бойындағы өңір жанданып, тіршілік қайнай түсуде. Ғасыр жолының өңірімізге келуі туралы бұған дейін де талай мәрте жазылғаны белгілі. Алайда, Тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесі мен қаланың 65 жылдық асуының аясында осы ұлы жоба жайлы тағы да еске алудың жөні бөлек.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенді өңірге 2014 жылғы тамыз айындағы жұмыс сапары кезінде өз қолымен Жезқазған — Бейнеу және Арқалық — Шұбаркөл теміржолдарын іске қосуы жалғыз осы аймақ емес, ел өміріндегі айтулы оқиға болғаны белгілі. «Еліміздің экономикасы ілгерілеп, 500 миллиард теңге ақша бөлетін жағдайға жеткеннен кейін осындай 1200 шақырымдық теміржол салынып отыр. Бұл — айта салуға ғана оңай. Ал, маңызына келсек, 50-100 жылда пайдаланатын игілігіміз», — дей келіп, Елбасы Арқа төсін көктеп өтетін магистраль Каспий арқылы Таяу Шығыс елдеріне, Кавказбен Еуропаға асуға, ал, шығыста Ляньюньган порты арқылы Тынық мұхитқа шығуға мүмкіндік беретін ежелгі Жібек жолының жаңартылуына балаған болатын. «Ғасыр жолы» деген жарастықты теңеуді де Елбасы атап айтқан еді. Жаңа желі содан бергі бес жылдың ішінде Жезқазған-Ұлытау өңірі мен еліміздің батыс аймағына соны леп әкелді. Біздің еліміз Ақтаудағы теңіз портын жаңарту арқылы 2020 жылы оның жүк айналымын 25 млн. тоннаға жеткізуді көздеуде. Міне, осы тасымалдың елеулі бөлігі Бейнеу теміржолы арқылы жүзеге асатын болады. Қытайдың Батысқа жөнелтетін транзиттік жүктері де Ақтауға осы жолмен жеткізіледі. Одан әрі Ұлы Жібек жолының бұл бағыты салынып жатқан Баку-Тбилиси – Карс теміржолымен жалғасып, Түркия арқылы Еуропа елдеріне жол тартады. Сарапшылардың пікірінше, бұл жол жүк тасымалын 30 күннен 7-9 күнге дейін қысқартады екен. Ал, Түркменстан арқылы Иран мен Парсы шығанағы елдеріне шығудың да бастауында Жезқазған — Бейнеу жолы тұрғанын ел біледі. Бұл енді еліміздің сыртқы елдермен байланысы мен экспорттық әлеуетін күшейтуге қатысты қадамдар болса, Арқа төсін көктей өткен Жібек жолының мысты өлкемен қатар Сыр мен Батыс өңірлеріндегі мекендерге де жаңа леп, қайнаған тіршілік әкелгенін атап айту керек.
Шығыс пен Батысты жалғаған 988 шақырымдық Жезқазған — Бейнеу болат жолының бойында 18 станса мен 39 разъезд іске қосылды. Жапандағы дала жанданып, елді мекендердің тамырына қан жүгірді. Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары арқылы тікелей Каспий теңізіне шығатын жаңа жолдың 142 шақырымы Маңғыстау облысын басып өтсе, басым бөлігі біздің аймақта. Жезқазғаннан Сексеуілге бет түзеген болат жолдың 374 шақырымы облысымызға тиесілі аумақтан өтеді. Жезқазғанға қатысты бөлігінде Қарсақпай, Байқоңыр, Көктал, Қоскөл стансалары бой көтеріп, 18 жолайрық бекеттері салынды. Ол жерлерде өндірістік нысандар, теміржолшылар үшін тұрғын үйлер бой көтеріп, пайдалануға берілді. Өңір тұрғындары жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Бізге қатысты теміржол телімдерінде 400 теміржолшы еңбек етуде. Қоскөл, Көктал, Байқоңыр, Қарсақпай стансаларының барлығында 50 жолаушыға арналған жаңа вокзал ғимараттары, екі пәтерлік 8 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Қоскөл стансасында өрт сөндіру депосы, локомотив машинистерінің үйі, шеберхана, кәріз жүйесі салынды. Жезқазғанда теміржолшыларға арналған 30 пәтерлік 15 салынды.
Жезқазған — Бейнеу жолымен қазірде тәулігіне 19-20 транзитті жүк пойызы жүріп жатыр. Мәселен, Құлсары мұнайы Қытайға қарай жол тартса, «Арселор Миттал» компаниясының болат қаңылтырлары Иранға жөңелтілуде. Болашақта ашық вагон болмайды, логистиканың талабы контейнерлік тасымалдауға көшуді көздеуде. Осыған контейнерлік пойыздар көбейді. Осыдан екі жыл бұрын «Экспо» халықаралық көрмесі кезінде осы жол арқылы Душанбе-Астана жолаушылар пойызы қатынап, тәжік елімен байланыс орнағаны да есімізде. Өткен жылдан бері Қызылорда — Нұр-Сұлтан бағытындағы жолаушылар пойызы күнара жүріп, барыс-келіс жиілей түсуде. Алдағы уақытта басқа да бағыттар ашылады деген ел үміті бар. Теміржолдың жүк және жолаушылар тасымалдау пойыздарын өткізу мүмкіндігін одан әрі арттыру бағытындағы жоспарлы жұмыстар әлі де жалғасу үстінде. Рельс табанындағы ағаш шпалдар бетонға айырбасталды. Жолдың беріктігі мен өткізу мүмкіндігі толықтай қамтамасыз етілген соң локомотивтердің жүру жылдамдығы артты. Өткен жылы батысты бетке алған 2201 жүк пойызы, 88560 вагон жөнелтілсе, биыл бұл көрсеткіш одан да арта түсуде.
Болашақта Бейнеу жолы арқылы жылына 21-22 млн. тонна жүк тасымалданады деп жоспарлануда. Ел арманы жүзеге асып тұйықтан шыққан Жезқазған-Ұлытау өңірі енді еңселене түсіп, тоғыз жолдың торабында түлеген құстай еркін тыныстауда. Болат жолдың бойындағы тіршілік күн сайын қайнай түсуде. Барша жұрт бүгінде теміржолдың өмір жолына айналғанына қуанышты.
Амандық РАХҰЛЫ
Суреттерде: Қоскөлдегі жаңа вокзал және Бейнеуге бет алған пойыз.