28 МАУСЫМ – БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ
Аймаққа танымал «Жезказганский вестник» газетінің тілшісі Әсем Тілеміс бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде мерзімді басылымда қызмет етемін деп ешқашан ойламаған еді. Ол мұны тағдырдың сыйына балайды.
1993 жылы Алматы қаласында дүние есігін ашқанымен, бүкіл балалық шағы Жезді кентінде өтті. 2005 жылы ата-анасының ұйғарымымен мысты қала Жезқазғанға көшіп келіп, № 13 орта мектептің оқушысы атанды. Әсем үшін Жезқазғаннан кейінгі тағы ыстық бір мекен бар. Ол – қарт Каспийдің жағалауындағы Ақтау қаласы. М . Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Ақтау көлік колледжіне оқуға түсіп, жүк тасымалы және теміржол қозғалысын басқару мамандығы бойынша білім алып шықты. Оқуды бітірісімен Жезқазған қаласындағы «Дидар» телеарнасына хатшылық жұмысқа тұрды. Осы кезеңдерде жаңадан ашылған «Жезқазған TV» телеарнасында орысша жаңалықтардың дикторы болып та бағын сынап көрді. Дегенмен, оның бір бүйрегі сол кезде-ақ Ақтауға бұрып тұрды. Жастық жалынмен портты өлкеге аттанған ол жерде жеке кәсіпкерлік нысандарында «1С операторы», менеджер болып жұмыс істеді. Екі жыл ішінде Ақтау, Жаңаөзен қалаларында тұрған ол 2018 жылы Кеңгір жағасындағы киелі мекенге қайта оралды. Бұл жолы белін бекем буып, біржола келді. Мен отбасымда екі ұлдың ортасындағы жалғыз қызбын. Сол себепті де анамнан жырақта болмауым керек деген шешім қабылдадым. Осыған дейін ақ дегенім – алғыс, қара дегенім – қарғыс болып, тек өз қалауыммен күн кешкен менің аяқ асты осындай ұйғарымға келуім – ақыл тоқтатып, басқаша пайым қалыптастырғанымның дәлелі шығар, – дейді ол.
Жезқазғанға келісімен Әсем үшін жұмыс табу қиындықсыз болмады. Мамандық бойынша жұмыс қарастырды. Жұмыспен қамту орталығының көмегіне де жүгінді. Бұл жерден де көңілі қалаған бос жұмыс орнын кезіктірмеді. Бір күні оған анасы «Жезказганский вестник» атты газет шығып жатқанын айтып, бас редакторымен кездесіп, сөйлесіп көруге ұсыныс білдірді. Түнімен түйіндемесін тастай қылған ол газет редакторы Эльвира Алпанбаевамен жүздесіп, осы салада жұмыс істеу ниетін білдірді. Әсеммен толыққанды танысқан Эльвира Қадыржанқызы оған тек «Қолыңнан келетініне сенімдісің бе?» деген бір ғана сұрақ қойды. «Сенімдімін!» деген нақты жауабынан соң Әсем газет тілшісі атанды. Бұрын журналистика саласында мүлде тәжірибесі жоқ Әсем үшін редакцияның тыныс-тіршілігі оңайға соқпады. Осындай сәттерде бар ақыл-кеңесі мен білген-түйгенін жан-жақты үйреткен бас редактор мен оның орынбасары Салтанат Қожахметоваға Әсемнің айтар алғысы шексіз.
– Журналистика, әсіресе, мерзімді баспасөз жұмысы оңай емес. Расында менің мамандығым жазу-сызу саласынан мүлдем алыс, байланысы жоқ сала ғой. Бәрі тәжірибенің арқасында келеді екен. Мен «Жезказганский вестник» газетіне келмей тұрып үй мен жұмыс кабинетінің арасын байланыстырып, жай ғана тыныштықта өз өмірімді сүріп жүрген ару болдым. Журналист болу арқылы өмір арнам түбегейлі өзгерді деуге болады. Қоғам тіршілігіне араласып, күнделікті орын алып жатқан жаңалықтардан алғаш хабардар болдым. Бұрын бәрін тым қарапайым ойласам, қазір қай іске болсын жан-жақты сараптама жасап, сұрыптаймын, кез келген тарап әрекетіне талдау жасаймын. Журналист болу – қызығы мен шыжығы мол кәсіп. Кей адамдар менің мақаламның жақсы жазылғанын жеткізіп, журналистиканы қай оқу орнында оқығанымды сұрап жатады. Басында бұл сұраққа қысылып қалушы ем, қазір еңбегімді бағалап жатқанда ішімнен мақтанып тұрамын, – деген ол осы жолды таңдағанына еш өкінбейтінін, керісінше сондай сәттерде кеудесін қуаныш сезімі кернейтінін, мамандығын ешқашан ауыстырмайтынын айтады.
Осынау аз ғана уақыт ішінде Әсем ақпарат саласында қол жеткізген азды-көпті жетістіктерімен мақтанады. Ол 2019 жылы Жезқазған қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, «Nur Otan» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары мен қалалық полиция басқармасы бастығының Алғыс хаттарымен марапатталды. Әсем, сондай-ақ, «Мейірімді жүрек» қоғамдық бірлестігінде қосымша жұмыс атқарады. Өткен жыл соңында шаңырақ көтеріп, ақ орамалды келін атанған жас журналистің алға қойған мақсат-мұраттары да жетерлік. «Журналист жарының түсінігі мол болуы керек» деген ол өзінің сүйікті кәсібіне қолдау танытар ер азаматты жолықтырғанына қуанады. Баспасөз жанрларына қызыға бойлап, қала тарихын тасқа басып жүрген жезқазғандық жас журналист Әсем Тілеміс ел игілігі үшін аянбай қызмет етемін дейді.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН