Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бойынша бірқатар маңызды міндеттерді айқындаған болатын. Соның бірі – әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту.
Осы тапсырмаға сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айынан бастап әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтарды МӘМС жүйесінде сақтандырудың жаңа тетігі іске қосылды. Енді «D» және «E» санаттарына жататын, яғни әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жұмыссыз азаматтар үшін медициналық сақтандыру жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді.
Жаңа тетік қалай жұмыс істейді?
Бұл механизм бірнеше мемлекеттік органның бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және жергілікті атқарушы органдар арасында ведомствоаралық өзара іс-қимыл жолға қойылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ай сайын D және E санаттарына жататын жұмыссыз азаматтардың тізімін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жолдайды. Осы деректер негізінде азаматтарға автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесі беріледі.
Осының арқасында аталған санаттағы тұрғындар медициналық көмекті шектеусіз ала алады. Ал көрсетілген медициналық қызметтердің шығындарын алдымен Қор төлейді, кейін бұл қаражат жергілікті атқарушы органдар тарапынан өтеледі.
Ұлытау облысындағы жағдай
2026 жылғы 25 ақпандағы жағдай бойынша Ұлытау облысында D және E санаттарына жататын 5 502 азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылған.
Оның ішінде:
•D санаты – 4 194 адам;
•E санаты – 1 308 адам.
Бұл санаттарға табысы төмен, мемлекеттік әлеуметтік төлемдер алатын, көбіне тұрақты жұмысы жоқ, баспанасы мен көлігі болмайтын, несие жүктемесі жоғары және денсаулық жағдайында түрлі мәселелері бар азаматтар жатады. Мұндай тұрғындардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады.
Медициналық көмекке жүгінгендер
«Сақтандыру» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айында Ұлытау облысында 47 тұрғын медициналық көмекке жүгінген.
Олардың ішінде:
•33 адам – D санаты;
•14 адам – E санаты.
Көрсетілген медициналық қызметтердің негізінде ақпараттық жүйеде арнайы реестр қалыптастырылып, соған сәйкес жергілікті атқарушы органдарға 501 548 теңге көлемінде шот ұсынылған.
Жарна мөлшері қалай есептеледі?
МӘМС жүйесіне төленетін жарна мөлшері өңірдің орташа айлық жалақысына байланысты есептеледі. Бұл көрсеткіш ағымдағы қаржы жылынан екі жыл бұрынғы статистикалық деректер негізінде анықталады.
Мәселен, 2024 жылы Ұлытау облысында орташа айлық жалақы 533 562 теңгені құраған. Ал сақтандыру жарнасының мөлшері оның 2 пайызы, яғни 10 671 теңге болып белгіленген.
Жаңа тетік әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл бастама денсаулық сақтау жүйесіндегі әлеуметтік әділдікті күшейтіп, тұрғындардың сапалы медициналық қызмет алуына мүмкіндік береді.
Диана ОРАЗАЛИНА