Халыққа МӘМС жүйесі арқылы қолжетімді болған жаңа медициналық қызметтерді таныстыру және заманауи әдістердің тиімділігін көрсету мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы арнайы пресс-тур ұйымдастырды. Журналистер мен қоғам белсенділері Жезқазған медициналық орталығы жаңа мүмкіндіктерді өз көздерімен көріп, дәрігерлердің кәсіби шеберлігімен танысты.
2026 жылдың басынан бастап мұнда қан тамырлары ауруларын емдеудің жоғары технологиялық әдістері енгізілді. Бұрын тек ірі қалаларда ғана жасалатын күрделі ота түрлері енді өңірде қолжетімді болды.
Атап айтқанда, төменгі аяқ пен ұйқы артерияларының атеросклерозын емдеу, аяқтағы варикозды лазерлік әдіспен түзету, жамбас мүшелерінің тамырларына эндоваскулярлық эмболизация жасау сияқты процедуралар қолданысқа енгізілген. Бұл әдістердің ерекшелігі – олар инвазивтілікті азайтумен қатар, науқастың тез сауығуына мүмкіндік береді.
Пресс-тур кезінде елордадан арнайы шақырылған эндоваскулярлық хирург Евгений Мун жетекшілігімен екі күнде облыстың 21 тұрғынына операция жасалды. Мұндай тәжірибелік көрсетілім – өңірде сапалы медициналық көмектің енді қолжетімді екенін нақты дәлелдеді.
Енді варикоз, варикоцеле, жатыр миомасы, простата аденомасы, диабеттік аяқ сияқты сырқаттарға шалдыққан тұрғындар алысқа сабылмай-ақ, туған жерінде сапалы ем ала алады. Бұл – уақыт пен қаржыны үнемдеудің үлкен мүмкіндігі.
Мамандандырылған медициналық қызметті дамыту жұмыстары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржыландыруымен жүзеге асырылуда. МӘМС: Жезқазған медицинасында жаңа дәуір басталды Биыл медициналық орталықпен жасалған келісімшарт көлемі 1 млрд 108 млн теңгеге жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 54 млн теңгеге артық. Қаржының өсуі өңірде осы бағыттағы медициналық қызметке сұраныстың артуымен тікелей байланысты. Бөлінген қосымша қаражат заманауи технологияларды енгізуге, күрделі процедураларды қолжетімді етуге және қызмет сапасын одан әрі арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Осы игілікті істің нақты жемісін көргендердің бірі – Ақнұр Ибраева. 50 жастағы әйел аяқтағы варикоз дертімен 20 жылдан бері күресіп келген. Уақыт тапшылығы мен тұрмыстың қарбаласы оны басқа қалаға баруға мүмкіндік бермеген. Енді Ақнұр ханым үйінен алыстамай-ақ ота жасатып, ұзақ жылдар бойғы сырқатын жеңуге мүмкіндік алды.
Жезқазғандағы бұл жаңашылдық – өңір медицинасында жаңа дәуірдің бастауы. Енді сапалы әрі заманауи медициналық көмек алу үшін алыс қалаларға барудың қажеті жоқ. Бұл – халыққа көрсетілген нақты қамқорлық пен МӘМС жүйесінің тиімділігінің айқын көрінісі