​ҚОҒАМ АЙНАСЫ

Журналистика мен мультимедианың бүгінгі үрдістерін бағалаған жазушы, журналист Дебора Кэмпбелдің «Журналистика – бұл миссия» деген пікірімен келіспеске болмас. Өйткені, журналистика – әрі кәсіп, әрі міндет. Қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. БАҚ және журналистика қоғамның бөлінбейтін тұтас бөлшегі ретінде оның алға қарай үздіксіз дамуын қамтамасыз етудің бірден бір тиімді тетігі болып саналады. Рас, қоғамда әртүрлі мамандық болса, журналистика – сол қоғамның айнасы. Бұл мамандық иелерінің табиғатының өзі жаңалыққа жақын, қоғам үшін қызмет етуге құштар. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарына артылған сенім жүгі де ауқымды. Кәсіби мереке қарсаңында осынау зор сенімді абыроймен атқарып жүрген жезқазғандық БАҚ пен оның қызметкерлері жайында сөз қозғамай кету бізге сын.

«Бұқаралық ақпарат құралдары – жаңалықтың жаршысы. Ел ішіндегі және әлемдегі оқиғалардан халыққа шұғыл әрі шынайы ақпарат тарату – Сіздердің кәсіби еңбектеріңіз. Сондықтан, Сіздердің қоғамдық маңызы зор қызметтеріңізге біз әрқашан құрметпен қараймыз, бағалаймыз» деп төртінші биліктің ел дамуындағы айрықша үлесін алға тартқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 28 маусымды БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесі етіп бекітті. Бұл маңызды қадам Шерхан Мұртазаның тілімен айтқанда «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» журналистер қауымына көрсетілген құрметтің бір парасы ғана. Сонымен бірге, Президент журналистің мәртебесін айқындауға да тапсырма берген-ді. Осы ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы заңнаманы жетілдіруге қызу кірісті. Аталған жұмыстардың басты мақсаты – қазақстандық медиа саланың дамуына қолайлы орта қалыптастыру.

Бүгінде мысты қалада Жезқазған-Ұлытау аймағының ақпарат айнасына айналған 60 жылдық тарихы бар «Дидар» телеарнасы, «Жезқазған TV» арнасы мен оқырманының сенімді серігіне айналған бес бірдей басылым бар. Олар – әр апта сайын оқырманына асыға жететін қоғамдық-саяси өмірдің тыныс-тірлігін бағамдап, билік пен ха­лық ортасындағы алтын көпірге айналған «Са­рыарқа», «Мысты өңір» мен «Жезказганский вестник»,«Подробности» газеттері, сондай-ақ тарихи-танымдық және көркем-әдеби «Ұлытау және Ұлт» журналы.

Жезқазғанмен бірге жасап келе жатқан «Дидар» телеарнасы асқарлы алпыс жылы ішінде көптеген құрылымдық, ұйымдық өзгерістен өтті. Сонымен бірге өзінің игі дәстүрлерін қалыптастырып, салиқалы даму биігінен көріне білді. Аймақ журналистикасының өзіндік бір мектебін қалыптастырды. Былтыр телеарна мерейтойы республикалық деңгейде атап өтілгені қала жұртшылығына мәлім. Әрине, «Дидар» телеарнасы бұл биікке оны әр кезеңдерде басқарған көреген білікті басшылар еңбегінің арқасында жетті. Атап айтсақ, алғашқы директоры Шертай Көпбаев, Зиновий Шкундин, Рақымбай Жұматаев, Сәбит Байдалин, Валентина Черницина және осы эстафетаның лайықты қабылдаушысы – телеарнаның қазіргі директоры Базарбай Әлеуханұлы. Елімізге танымал көптеген тұлғалар алғашқы қадамдарын «Дидар» телеарнасынан бастап, қанаттанғаны белгілі. Олар бүгінде әр түрлі салаларда елеулі жетістікке қол жеткізуде. Мұның өзі біз үшін зор мақтаныш.

Ақпарат айдынында жезқазғандық газеттер мен журналдың алар орны мен атқарар рөлі жайында айтып жатудың өзі артық. Неге десеңіздер, қазақ зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек… Екінші газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай бола­тын мәнісі, жұрттың білімді, жігерлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жол сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшінші газет – халыққа білім таратушы… Төртінші га­зет – халықтың даушысы...» деп айқындап бермеп пе еді?! Жылдар жылжып, заман өзгерсе де бұл сөз өз өзектілігін жоймақ емес. Ең бастысы журналистердің заман ағымына сай болуы.

Кез келген адам журналист бола алмайды. Ол үшін терең білім, жан-жақтылық, ерекше дарын, талант иесі болу керек. Журналистер қоғамдық пікірді туғызып, ұлттық сананы қалыптастыруға елеулі үлес қосады. Қазіргі ақпараттық толқын заманында әлеуметтік желілерге шұғыл хабарды таратып, керек кезде журналист фотограф та, оператор да болып кетеді. Тіпті қалта телефоны арқылы да шағын сюжеттерді қалыптастырып, халықты нақты ақпараттармен қамтамасыз етуге деген ұмтылыс заман талабына қарай өрбуде. Бірақ осы кезде де журналистің шеберлігі, таланты айқын көрініп тұрады.

Сөз басында айтылғандай, мемлекет ақпарат құралдарын дамытуға лайықты қолдау жасап отыр. Ақпараттық саясат – мемлекет саясатының ажырамас бөлігі. Қаламызда да бұл мәселе оңтайлы жолға қойылған. Жергілікті бюджет есебінен бөлінетін мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс аймақтағы баспасөздің қаржылық мүмкіндіктерін арттыруға айтарлықтай үлес қосып жатыр деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, өткен 2019 жылдың өзінде Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімі арқылы жергілікті мерзімді басылымдар мен телеарналарға мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс үшін 120 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қалалық әкімдік алдағы уақытта да аймақтағы ақпарат құралдарын қолдау шараларын жалғастыра бермек.

Қолайлы сәтті пайдалана отырып, ақпарат таратумен бірге тәрбиелік-танымдық қызметін қатар алып жүрген жезқазғандық телеарна мен басылымдардың басшылары Базарбай Әлеуханұлы, Эльвира Алпанбаева, Нина Барбутько мен Медеу Қайрақтыұлы, Сара Смағұл, Дархан Мұхан, Шыңғыс Әлеуханды, сондай-ақ олар жетекшілік ететін әр ұжымды Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтап, алғыс білдіремін. Қыс-жаз, күн-түн демей қажет жағдайда тәулігіне 24 сағат өздеріңіз таңдаған мамандыққа адал қызмет еткендеріңіз ерлікке тең. Ел басына күн тудырған пандемия кезінде де жұдырықтай жұмылып, қала тұрғындарына нақты ақпаратты шұғыл таратып, түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізулеріңіздің арқасында короновирустық инфекцияның белең алуына жол берілмеді. Сіздердің қосқан қомақты үлестеріңіз үшін тағы бір мәрте ризашылығымды білдіріп, отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Қаламдарыңыздан қасиет кетпесін! Мереке құтты болсын!

Мереке МЫРЗАБЕКОВА,

Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлінің басшысы

19:03
660

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020