Абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының жай-күйімен танысты

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласын аралап, өңір орталығындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының жай-күйімен танысты. Жұмыс сапары барысында қаладағы бірқатар көшелер, тұрғын үйлердің аулалары мен бизнес нысандары қаралды.

Аралау нәтижесінде өңір басшысы қаланың санитарлық жағдайын жақсарту, жасыл желектер санын арттыру, нысандардың қасбеттерін қалыпқа келтіру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті мен оған іргелес аумақтардың тазалығы басты назарға алынды.

Өңір басшысы қала әкіміне кәсіпкерлермен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Атап айтқанда, бизнес өкілдері өз ғимараттарының маңын абаттандырып, көгалдандыру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп, ағаш отырғызып, жасыл желектер санын арттыруы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру және бақылауда ұстау қала әкімдігіне жүктелді.

Сондай-ақ, өңір басшысы көгалдандыру ісін жоғары деңгейде жолға қойған Бейбітшілік көшесіндегі кәсіпкерлік нысандарының бірін оң тәжірибе ретінде атап өтіп, оны өзгелерге үлгі етті.

Аралау барысында тұрғын үйлердің аулаларын ретке келтіру, балалар және спорт алаңдарын жаңғырту, көше жарығын жақсарту мәселелері де көтерілді.

— «Таза Қазақстан» акциясы сенбіліктермен ғана шектелмеуі тиіс. Тазалық – бұл күнделікті өмір салты. Әр адам өзінен бастап, айналасына жанашырлықпен қарауы қажет. Сонда ғана біз ортақ күшпен өңірімізді көркейте аламыз», – деді облыс әкімі өз тапсырмасында.

Жалпы, қала келбетін жақсарту, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатын болады. Облыс басшысы берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті.

12:30
13

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020