Ұлытау облысының прокуратурасы Яндекс Такси сервисі арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа тәсілін енгізді
Ұлытау облысының прокуратурасы ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында Яндекс Такси цифрлық платформасын пайдалану арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа тәсілін іске асырды.
Жүргізілген талдау дәстүрлі құқықтық түсіндіру жұмыстары алаяқтықтың, сталкингтің, есірткі қылмыстарының және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын халыққа әрдайым тиімді жеткізе бермейтінін көрсетті. Осыған байланысты тұрғындар күнделікті пайдаланатын сервистер арқылы азаматтарды қосымша ақпараттандыру тетігі қолға алынды.
Облыс прокуратурасының бастамасымен Яндекс Такси сервисімен такси паркін профилактикалық жұмыстың арнасы ретінде пайдалану туралы келісімге қол жеткізілді. Жоба аясында автокөліктерге «Заң мен тәртіп» ақпараттық логотиптері орналастырылып, жүргізушілер мен жолаушыларға заң талаптары, қоғамдық тәртіп қағидалары және өзара сыйластық ұстанымдары түсіндірілген профилактикалық буклеттер таратылды.
Сонымен қатар, жүргізушілермен жолаушыларға заң мен тәртіпті сақтау мәселелері бойынша ақпаратты сыпайы әрі бейресми түрде жеткізудің маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған жобаның басты артықшылығы – аудиторияны кең қамту мүмкіндігі. Бүгінде Ұлытау облысындағы Яндекс Такси автопаркі 92 автокөліктен тұрады. Орташа тапсырыс көлемін ескере отырып, профилактикалық жұмыспен ай сайын 100 мыңнан астам азаматты қамтуға мүмкіндік бар.
Тәжірибе көрсеткендей, бұл формат құқықтық ақпаратты халыққа жеткізудің ыңғайлы әрі тиімді тәсілі болып табылады. Жолаушылар сапар барысында профилактикалық материалдармен танысып, оларды өзара талқылап, буклеттерді жақындарына беру үшін өздерімен бірге алып кетеді.
Ұлытау облысының прокуратурасы бұл тетікті азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған заманауи әрі тиімді профилактикалық модель деп санайды.