Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының қорғалуы – құқықтық мемлекеттің іргелі қағидаты

Мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігі мен орнықтылығы, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесінің айқындалуына және олардың заңды құқықтары мен мүдделерінің тиісті деңгейде қорғалуына тікелей байланысты. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, сондай-ақ өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық кепілдіктері жан-жақты бекітілген. Атап айтқанда, олардың еңбек етуге, лайықты еңбекақы алуға, кәсіби біліктілігін арттыруға, қызметтік өсуге, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуға құқықтары заңнамалық деңгейде нақты айқындалған.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғаудың институционалдық және құқықтық тетіктері жүйелі түрде іске асырылуда. Еңбек заңнамасының нормалары олардың еңбек қатынастарындағы құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, мемлекеттік қызметшілер уәкілетті мемлекеттік органдарға және сот инстанцияларына белгіленген тәртіппен жүгінуге құқылы. Уәкілетті орган тарапынан аталған саладағы заңнаманың сақталуына тұрақты мониторинг пен бақылау жүргізіледі.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау мәселесіне ерекше назар аударылады. Қызметтік өкілеттіктерді жүзеге асыру барысында оларға қатысты заңсыз ықпал етуге, негізсіз қысым көрсетуге немесе кемсіту сипатындағы әрекеттерге жол берілмейді. Бұл қатынастар қызметтік әдеп нормаларымен және тәртіптік рәсімдермен реттеледі.
2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша 6 мемлекеттік қызметшінің үстеме жұмысқа тартылғаны анықталып, оларға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті тынығу сағаттары берілді. Сонымен қатар, 2 мемлекеттік қызметшіге іссапар шығындарының уақтылы төленбегені айқындалып, нәтижесінде жалпы сомасы 214 000 теңге көлемінде өтемақы толық көлемде төленді.
Жалпы алғанда, Департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және олардың еңбек қызметін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, тұрақты мониторинг пен талдау жүзеге асырылып, қызметтік тәртіптің сақталуы, заңнама талаптарының орындалуы бақылауға алынған. Бұдан бөлек, өтініштер мен шағымдарды уақтылы қарау, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Бұл шаралар мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға және оның сапасын жақсартуға бағытталған.
 ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ұлытау облысы бойынша
департаментінің Мемлекеттік қызмет
саласындағы бақылау басқармасының
бас маманы Қрықбай Раим Серікұлы. 
14:19
17

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020