Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – Әділетті қоғамның негізі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – тек бір мемлекеттік органның немесе жекелеген құрылымдардың қызметі емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі мен міндеті. Қазіргі таңда елімізде осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын орнықтыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Әсіресе, «тұрмыстық сыбайлас жемқорлық» мәселесі өзекті болып қала береді. Алғыс ретінде ақша беру, қызмет көрсету процесін жеделдету үшін бейресми тәсілдерді қолдану сияқты әрекеттер көп жағдайда елеусіз көрінгенімен, дәл осы ұсақ құқық бұзушылықтар үлкен жүйелік проблемалардың қалыптасуына негіз болады. Сондықтан басты мақсат – сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресу емес, оның себептері мен алғышарттарын жою.
Мемлекет бұл бағытта кешенді тәсілді ұстанып отыр. Яғни, сыбайлас жемқорлықты тек жазалау шаралары арқылы емес, оны экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тиімсіз ету арқылы жою көзделуде. Қазіргі уақытта осы мақсатта заңнамалық деңгейде де маңызды өзгерістер қарастырылып жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарының бірі – қоғамда оған деген мүлдем төзбеушілік қалыптастыру. Адалдық, заңдылық және жауапкершілік әр азаматтың ішкі құндылығына айналуы тиіс. Қоғам сыбайлас жемқорлықты мәселені шешудің оңай жолы ретінде қабылдамауы қажет. Керісінше, мұндай әрекеттер қоғамдық айыптауға ұшырап, теріс құбылыс ретінде орнығуы маңызды.
Бұл ретте «Адал азамат» ұғымының маңызы ерекше. Адал азамат – тек заң бұзбайтын адам ғана емес, ол қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін, әділетсіздікке бейжай қарамайтын, еңбегімен табыс табуды қадірлейтін тұлға. Осындай құндылықтар кеңінен таралған жағдайда ғана әділетті қоғам қалыптасады.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда оның мүмкіндіктерін жою аса маңызды. Бұл бағытта бюджет қаражатын тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету, цифрлық технологияларды енгізу секілді шаралар жүзеге асырылуда. Мысалы, қаржының қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдер енгізіліп, адам факторын азайту арқылы жемқорлық тәуекелдері төмендетілуде.
Жауапкершіліктің бұлтартпастығы да – басты қағидалардың бірі. Заң бұзған әрбір тұлға, оның ішінде лауазымды қызметкерлер мен ұйым басшылары, міндетті түрде жауапқа тартылуы тиіс. Бұл қоғамда әділдікке деген сенімді нығайтып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Азаматтық қоғамның рөлін күшейту де ерекше маңызға ие. Қоғамдық бақылау, БАҚ пен журналистердің белсенділігі, азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлау мүмкіндіктері – осының барлығы ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, хабар берушілерді қорғау тетіктерін жетілдіру де маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Тағы бір өзекті мәселе – мүдделер қақтығысы. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің негізгі көздерінің бірі ретінде қарастырылады. Сондықтан оны анықтау, алдын алу және реттеу тетіктерін нақтылау – мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – тек мемлекеттік саясат емес, ол әр азаматтың күнделікті таңдауы. Әділетті қоғам құру әркімнің адал әрекетінен, заңға құрметінен және ортақ жауапкершілігінен басталады. Осы құндылықтар берік орныққан кезде ғана елімізде шынайы әділеттілік пен сенімге негізделген қоғам қалыптасады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті. 

17:05
20

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020