47,3 млрд теңге инвестиция, 600 жұмыс орны: AMANAT бағдарламасының Ұлытау өңіріндегі нәтижесі талқыланды
Ұлытау өңірінде «AMANAT» партиясы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жанындағы облыстық филиалының кезектен тыс III конференциясы өтті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасындағы міндеттемелердің орындалуы мен филиалдың алдағы жұмыс жоспары талқыланып, кадрлық мәселелер қаралды.
Конференция жұмысына «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалды, «AMANAT» партиясының Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Шыңғысов, сондай-ақ мәслихат депутаттары, облыстық және аумақтық филиал өкілдері қатысты.
Отырыс барысында қарастырылған негізгі тақырыптардың бірі – Қазақмыс корпорациясы жанындағы филиалдың төрағасын сайлау. Делегаттардың бірауыздан қолдауымен бұл қызметке Нұрмұхамбет Әбдібеков сайланды. «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев оған жаңа қызметінде табыс тілеп, мол тәжірибесі мен өңірдің тыныс-тіршілігін жіті білуі партия жұмысына сенімді серпін беретініне сенім білдірді.
Өз сөзінде партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев бүгінде Ұлытау өңірі тарихи-мәдени орталық ретінде ғана емес, өндірістік әлеуеті жоғары аймақ ретінде де қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақмыс корпорациясы бүгінде өңір экономикасының негізгі тірегіне айналып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырғанын жеткізді.
«Бүгін біз партия активінің алдында тұрған нақты міндеттерді айқындау үшін жиналып отырмыз. Басты мақсат – Мемлекет басшысының реформаларын жергілікті деңгейде сапалы іске асырып, нақты нәтижеге қол жеткізу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің тәуелсіздігі мен елдің бірлігі жолында «AMANAT» партиясы аянбай қызмет ететініне зор сенім білдірді. Бұл сенім – бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Сондықтан «AMANAT» әрдайым халық мүддесін қорғап, әлеуметтік әділеттілік пен елдің өркендеуін басты қағидат ретінде ұстануға тиіс», – деді ол.
Сонымен қатар ол жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Ұлытау облысында нақты нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Жол картасында белгіленген 135 тармақтың бүгінде 118-і (87%) орындалған. Партия Хатшысының мәлімдеуінше, өңірде 47,3 млрд теңгеге 3 инвестициялық жоба іске қосылып, 600-ден астам жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар 607 мың гектар жер мемлекетке қайтарылып, 318,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, оның ішінде 300-ден астам пәтер әлеуметтік осал топтарға бөлінген. Бұдан бөлек білім беру саласында 6 жаңа нысан ашылып, барлық мектеп интернетпен қамтылған. Ал денсаулық сақтау саласында 21 нысан іске қосылып, 7 нысан жаңғыртылған, сондай-ақ 189 шақырым жол жөнделіп, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жобалары жүзеге асырылған. Бұл жұмыстар тұрғындардың нақты сұраныстары жүйелі түрде шешімін тауып отырғанын көрсетеді.
Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалды өз сөзінде өңірдегі өндірістік кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, еңбек ұжымдарымен тұрақты кері байланыс орнату және партияның бастауыш ұйымдарының рөлін күшейту мәселелеріне ерекше тоқталды.
«Өндірістік аймақтардағы партия филиалдары еңбек адамының нақты мәселесін көтеріп, оларды шешудің тиімді алаңына айналуға тиіс. Бұл – партияның халықпен байланысын күшейтіп, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстың кепілі», – деді ол.
Ал партия филиалының атқарушы хатшысы Асқар Нұржанов өз баяндамасында филиал жұмысы төрт өкілдік арқылы жүзеге асырылатынын, оған Жезқазған, Сәтбаев, Қарағанды және Балқаш қалалары кіретінін айтты. Бұл өкілдіктер партияның 42 мыңнан астам мүшесі мен 86 бастауыш ұйымын біріктіреді. 2025 жылы филиал қатарына 1 492 адам қабылданған. Жыл басынан бері филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесіне 159 өтініш түсіп, оның 70 пайызы оң шешілген, сондай-ақ 39 партия мүшесіне материалдық көмек көрсетілген.
Конференция қорытындысы бойынша партия филиалдарының жұмысын одан әрі күшейту, сайлауалды бағдарламаны толық әрі сапалы орындау, сондай-ақ еңбек ұжымдарымен өзара іс-қимылды нығайту бағытында нақты міндеттер белгіленді. Бұл Ұлытау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, азаматтардың тұрмысын жақсатуға ықпал етпек.