Жезқазғанда Ұлттық ұлан батыры Айбат Амановты еске алу турнирі аяқталды

Жезқазғанда ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі, III дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Айбат Амановты еске алуға арналған ерлер мен әйелдер арасындағы бокстан І Республикалық турнир аяқталды. 

    Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үздік бокс шеберлері үш күн бойы 15 салмақ дәрежесінде қолғап түйістірді. 

    Ұлытау бокс федерациясы төрешілер алқасының төрағасы, Халықаралық санаттағы судья Сайлау Жұрыновтың айтуынша, жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткен турнир болашақта дәстүрге айналмақ.

Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте бірінші орынды Ұлытау облысының боксшылары жеңіп алды. Екінші орынды Абай облысының спортшылары, ал үшінші орынды Маңғыстау облысының командасы иеленді.

    Әр түрлі салмақ дәрежесінде ерлер арасында Мадияр Закенов (50 кг), Нұрасыл Оңғарбай (55 кг), Ерасыл Аманғалиев (60 кг), Ердәулет Сайт (65 кг), Санжар Серікжан (70 кг), Нұрасыл Дахбай (75 кг), Данияр Океинов (80 кг) және Никита Касторнов (90 кг) жеңімпаз атанды. Әйелдер арасында алтын медальдарды Айбегім Қажымұхан (51 кг), Гүлнар Тұрапбай (54 кг), Айдана Забынбекова (57 кг), Камила Қайнарбаева (60 кг), Әсем Таңатар (65 кг) және Роксолана Валиева (70 кг) жеңіп алды.

  Ұйымдастырушылар қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін және жекпе-жектің әсерлі болғанын атап өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, грамоталармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

    Үздік боксшыларды Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Жұманазарқызы, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Нұрлан Мұхамедов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының өкілі Қуаныш Қожахметов, сондай-ақ Айбат Амановтың ата-анасы Ербол Аманұлы мен Гүлназ Әлкенқызы марапаттады.

   Ерлер арасында ең техникалық боксшы деп Нұрасыл Оңғарбай (55 кг), ал әйелдер арасында Айдана Забынбекова (57 кг) танылды. «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» арнайы жүлделері Ернар Қарап (50 кг) пен Диана Серікбаеваға (51 кг) бұйырды.

  Марапаттау рәсімінде ұйымдастырушылар алдағы жылдары жарысты халықаралық деңгейге шығаруға ниетті екендіктерін хабарлады.

Айта кетейік, Айбат Аманов Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Жас кезінен бокспен айналысып, бірнеше рет облыстық және республикалық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері атанған, облыс құрамасының құрамында өнер көрсеткен. Әскери антына ақтық демі қалғанша адалдық танытқан ержүрек ұландық жауынгерді еске алуды бүгінде оның әріптестері, жерлестері және елдің спорт қауымдастығы азаматтық міндет санайды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Айбат Аманов қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған.

12:12
14

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020