ЖИ білім беру жүйесінде: Мемлекет басшысы арнайы Жарлыққа қол қойды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақорданың хабарлауынша, жарлықтың негізгі мақсаты – жасанды интеллектінің жедел дамып келе жатқан кезеңінде Қазақстан Республикасының өркендеуін қамтамасыз ету, адами капиталды ілгерілетуге үлес қосатын заманауи, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыру.
Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің 2026–2029 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын бекітуге міндеттелді. Жоспар дербес оқыту тетігін, цифрлық инфрақұрылымды, педагог кадрларын даярлауды, сондай-ақ білім алушылардың жеке мәліметтерін қорғауды қарастырады.
Жарлықта Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фудің ұсынымдарын жұмыс барысында қолдану қарастырылған. Үкімет 2026 жылдың 1 маусымына дейін қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында пилоттық жобаны іске асыруға, оны одан әрі кеңінен таратуға арналған нақты ұсыныстар енгізуі тиіс.
Пилоттық жобаны іске асыру аясында мектептер техникалық тұрғыдан жарақтандырылып, жылдамдығы жоғары және тұрақты интернетпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарттары бекітіледі.
Жарлықта педагогтердің кәсіби дамуын үздіксіз қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылған. Оларға жасанды интеллект технологияларын білім беру процесінде қосымша тиімді құрал ретінде пайдалану мүмкіндігі беріледі, бұл олардың қызметіне нұқсан келтірмей, кәсіби жұмысын алмастырмай жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу Қазақстанның білім сапасын арттыруға, заманауи технологияларды кеңінен қолдануға және жас ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған стратегиялық қадам болып табылады.

«SARYARQA» ақпарат.

14:55
14

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020