«QazaqGaz Aimaq» АҚ Бас директоры Бауыржан АСҚАР: ОВ

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Бас директоры Бауыржан АСҚАРОВ:

«ЕҢ БАСТЫ НӘТИЖЕ – ЕЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫН ТҰРАҚТЫ ӘРІ ҚАУІПСІЗ ӨТКІЗУІ»

Елімізде кезекті күзгі-қысқы жылыту маусымы табысты аяқталды. Бұл кезеңде газбен жабдықтау жүйесінің сенімді жұмыс істеуі, апаттық жағдайлардың алдын алу, инфрақұрылымның дайындығы мен тұтынушылар қауіпсіздігі айрықша маңызға ие болды. Осындай жауапты кезеңдегі тұрақты жұмыс, саладағы жүйелі еңбектің нақты көрінісі. «QazaqGaz Aimaq» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров «______________» газетіне берген сұхбатында осы маусымның маңызына, өңірлерді газдандыру қарқынына, қауіпсіздік, цифрландыру, әлеуметтік қолдау және саланың алдағы міндеттеріне кеңінен тоқталды.

ФОТО (1)

– Бауыржан Бекзатханұлы, елде күзгі-қысқы жылыту кезеңі аяқталды. Мұндай кезеңде газбен жабдықтау жүйесінің сенімділігі, инфрақұрылымның дайындығы мен халық қауіпсіздігі ерекше назарға алынады. Жалпы, осы жауапты маусымнан қандай түйін шығаруға болады?

– Ең алдымен айтарым, күзгі-қысқы кезең, газ саласындағы жұмыстың шынайы сапасын айқындайтын ең маңызды сынақтардың бірі. Дәл осы уақытта инфрақұрылымның беріктігі, жүйенің сенімділігі, мамандардың кәсібилігі мен ұйымдастыру жұмысының деңгейі анық көрінеді. Сондықтан біз үшін ең басты нәтиже, бұл ел тұрғындарының жылыту маусымын тұрақты, үздіксіз және қауіпсіз өткізуі.

Осы ретте айта кету керек, «QazaqGaz Aimaq» АҚ жылыту маусымына дайындықты әрдайым алдын ала және жүйелі түрде жүргізеді. Газ шаруашылығы нысандарын күзгі-қысқы кезеңге дайындауға қатысты шаралар кешені толық көлемде және кестеден ерте орындалды. Қысқа әзірлік жұмыстары өткен жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден басталды.

Компанияның барлық өңірлік өндірістік филиалдарында жетекші техникалық қызметтер жұмылдырылып, газбен жабдықтау жүйесін күзгі-қысқы маусымға дайындау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, 185232 астам газ реттеу пункттері мен шкафтарына ағымдағы жөндеу жүргізілді, 114591 астам ажыратқыш құрылғыға қызмет көрсетілді, 1727 астам электрохимиялық қорғау құралы қалпына келтірілді, сондай-ақ 1781400 шақырымға жуық газ құбыры аспаптық тексеруден өтті. Жалпы алғанда, негізгі дайындық шаралары техникалық жұмыстардың 30-ға жуық түрін қамтыды.

Өндірістік шаралармен қатар, халықпен түсіндіру жұмысы да үздіксіз жалғасты. Тұрғындарға табиғи газды қауіпсіз пайдалану қағидалары мен оны үнемді тұтынудың маңызы жөнінде ақпарат БАҚ-на беріліп, үйлер күнделікті араланып, жадынамалар таратылды.

Жалпы, жылыту маусымының тұрақты өтуі, тек техникалық дайындықтың ғана емес, елде газдандыру ісінің кезең-кезеңімен жүйелі дамып келе жатқанының да айқын дәлелі. Бүгінгі таңда Қазақстанда табиғи газға қолжетімділік ауқымы кеңейіп, оның игілігін көріп отырған халық саны 2,6 миллионға жуықтады. Сондықтан күзгі-қысқы кезеңнің табысты аяқталуы туралы айтқанда, біз тек бір маусымның қорытындысын емес, жалпы саланың орнықты дамуын да айтып отырмыз.

ФОТО (2+)

– Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанды газдандыру деңгейі 64,2 пайызға жуықтады. Он жыл бұрынғы көрсеткіш 56% болғанын жақсы білеміз. Дегенмен, елінің 83 пайызын газдандырып үлгерген Беларусьтың немесе өз елінде газы жоқ болса да, бұл тұрғыда алға кеткен Арменияның деңгейіне біз қашан жетеміз деген сұрақ ең алдымен көкейде тұрады.

– Орынды сұрақ. Әңгіменің осы тұстан басталуы да орынды деп ойлаймын. Аталған елдермен Қазақстанды салыстыратын болсақ, мен мұның басты үш факторына тоқталар едім.

Бірінші фактор, аумақ пен халық санының айырмашылығы. Әлемдегі жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын Қазақстан Беларусьтен шамамен он есе үлкен. Халық саны жағынан да біз олардан екі есе көппіз. Бұдан қандай қорытынды шығады? Біріншіден, елімізді газдандыру үшін әлдеқайда көп күш, ресурс және уақыт қажет. Өйткені елдімекендердің бір-бірінен едәуір шалғай орналасуына байланысты тартылатын желілердің арақашықтығы да анағұрлым ұзақ болады. Оның үстіне, Қазақстан аумағының 60 пайыздан астамы елдің батыс бөлігіндегі негізгі кен орындарынан айтарлықтай қашықта орналасқан. Екінші жағынан, Қазақстанда халықтың орналасу құрылымы кең аумақтарды қамтып, инфрақұрылымды жүйелі дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан аумағы шағын, халқы тығыз орналасқан және инфрақұрылым тартуға қолайлы Беларусь пен Армениямен салыстырғанда аздап кейінірек келуіміздің өзін осы фактордың өзімен-ақ түсіндіруге болады.

Алайда мәселе мұнымен шектелмейді. Екінші фактор да Қазақстан үшін оңай болмады. Біз бұрынғы Кеңес одағы кезеңінде географиялық ерекшеліктерге байланысты қалыптасқан тарихи газ тасымалдау жүйесінің салдарын да ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздік алған кезде біз негізінен Қазақстанның батысы арқылы өтетін магистральдық газ құбырларын, «Орталық Азия – Орталық» және «Бұқара – Орал» желілерін мұра етіп алдық. Ал Қазақстанның о ңтүстігі негізінен Кеңес Одағының ортаазиялық республикаларынан өндірілген газды әрі қарай Еуропаға жеткізуге арналған «БГР – ТБА» және «Газлы – Шымкент» магистральдық газ құбырлары арқылы ішінара газбен қамтамасыз етіліп келді. Соның салдарынан тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында еліміздің оңтүстігі өзбек газына тәуелді болғанын да жасырмай айтуымыз керек.

ФОТО (3+)

Осы ахуалға байланысты Қазақстан өз кен орындарының географиясын, сондай-ақ ел аумағының кеңдігін ескере отырып, батыстан шығысқа қарай жаңа газ құбырларын тартуға мәжбүр болды. Халықтың көгілдір отынға деген сұранысын қамтамасыз ету үшін төл ресурсымызға сүйеніп, жаңа магистральдық бағыттар ашылды. Батыстағы кен орындарынан газды еліміздің орталығы мен солтүстігіне жеткізу үшін ұзындығы бір жарым мың шақырымдай газ құбыры салынды. Әсіресе, «Қазақстан – Қытай», «Бейнеу – Бозой – Шымкент» секілді күретамыр құбырлардың іске қосылуы газдандыру ісін едәуір ілгерілетті. Елордаға «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының тартылуы да көптеген мәселені шешуге мүмкіндік берді.

Ал үшінші фактор Қазақстандағы газ өндірудің ерекшелігіне байланысты. Біздің елде өндірілетін және ішкі нарыққа бөлінетін газдың едәуір бөлігі мұнай өндірумен тікелей байланысты. Өйткені кен орындарындағы ілеспе газ мұнай өндіру қарқынын төмендетіп алмау үшін көмірсутек қабаттарының қысымын ұстап тұруға пайдаланылады. Сондықтан Қазақстан ілеспе газды тиімді пайдалану мәселесінде әрдайым теңгерімді ұстануға мүдделі.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан өңірлерді газдандыру мәселесінде әлдеқайда күрделі техникалық-экономикалық міндеттерді еңсергенін айтып бергеніңіз орынды болды.

– Иә, осындай қиындықтарға қарамастан Қазақстан халықты экологиялық жағынан барынша таза отын түрімен қамтамасыз ету бағытында көптеген мәселені дер кезінде және жүйелі шеше білді деп нық айтуға болады. Бір ғана мысал. Қазақстанның 5 облысында: Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ республикалық маңызы бар 3 қалада: Астана, Алматы және Шымкентте газдандыру деңгейі қазірдің өзінде 91–98 пайызға жетті.

Екі ірі мегаполистегі жағдай да едәуір жақсарды. Бүгінде Алматы қаласы толықтай газдандырылды деп айтуға толық негіз бар. Ал Елорда мен оның агломерациясында өткен жылы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Ақмола облысы мен Астана қаласы әкімдіктерінің, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы бізбен бірге бірлескен күш-жігерінің арқасында Ақмола облысындағы Жібек жолы, Нұрлы, Шұбар, Аққайың, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин, Қоянды ауылдарына және Қосшы қаласына, ал Астанадағы «Кірпішті», «Family Village», «Тельман», «Чубары» тұрғын алаптарына табиғи газ берді. Соңғы болып Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақмола облысының Қараөткел ауылындағы 4107 үйді көгілдір отынмен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды.

Елордадағы ауқымды газдандыру жұмыстары қаланың экологиялық ахуалын жақсартуда бетбұрыс кезеңіне айналды. 

Астанаға табиғи газ берілгелі бері қала маңындағы бірқатар аудандар мен елдімекендердегі тұрғындардың өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарды. Мұның экологиялық әсерін айтпағанның өзінде, жеке үйлер секторындағы азаматтардың от жағу, отын сатып алу, күл шығару сияқты тұрмыстық ауыртпалықтан арылуының өзі үлкен өзгеріс. Әрине, Елордаға табиғи газдың алғашқы текше метрі берілген күн мен қазіргі жағдайды салыстыруға келмейді. Астана қаласын газдандыру жобалары жоспарға сай әрі қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылып келеді. Қала халқының өсуіне сәйкес оған техникалық қызмет көрсету жұмыстарының көлемі де, сапасы да артып отыр.

Ел батысында да нәтижелер жоғары. Атырау облысында 159 елдімекеннің 158-і, яғни 99,9 пайызы, Батыс Қазақстан облысында 99,8 пайыз, ал Маңғыстау облысында 99 пайызы газдандырылған.

Оңтүстікте Түркістан облысы бойынша жалпы елдімекен саны 807-ні құрайды. Өткен жылы Түркістан облысы аумағында 58 елдімекен көгілдір отынға қол жеткізді. Нәтижесінде бүгінде 629 елдімекен табиғи газ тұтынып отыр, яғни елдімекендер бойынша көрсеткіш 77,9 пайызды, ал халық саны бойынша 88,5 пайызды құрады. Жыл соңына дейін тағы 25 елдімекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Сонда Түркістан облысын газдандыру деңгейі 81 пайызды құрайтын болады.

Бұл Қазақстанда газға қолжетімділік ауқымы үздіксіз кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Қазір көгілдір отынның игілігін көріп отырған халықтың жалпы саны 2,6 миллионға жуықтады. Бұл, Беларусь пен Арменияны қоса есептегендегі газ тұтынушылар санынан да асып түсетін көрсеткіш. Ең бастысы, мұның бәрі адамдардың өмір сапасын арттыруға, өңірлердің дамуына және жылыту маусымын тұрақты өткізуге тікелей ықпал етеді.

Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауында елімізді газ қуатымен қамтамасыз етудің маңызын ерекше атап өтті. 2025 жылы 95 елдімекенде 350 мың адам газбен қамтамасыз етілді. Сондықтан «QazaqGaz Aimaq» АҚ адамдарға жылу мен жайлылық сыйлау, ел жағдайының жақсарып, өсіп-өркендеуіне үлес қосу, өнеркәсіпті дамыту және қоршаған ортаны қорғау жолындағы жұмысын жалғастыра береді. Біз үшін жоғары сапалы қызмет көрсету деңгейін сақтау, өзгермейтін қағидат.

ФОТО (4+)

Газдандыру еліміздің халықаралық экологиялық міндеттемелерін орындауына да ықпал етеді. Былтыр компания Алматы қаласындағы 2-ші және 3-ші жылу энергетикалық орталықтары үшін сыртқы газ инфрақұрылымын салу жобасын аяқтады. Ол ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 жылу-электр станцияларында екі автоматты газ тарату станциясын, TIP-04 жалғастырғыш газ құбырын және «Алматы – Байсерке – Талғар» магистральдық газ құбырының екінші желісін қамтыған төрт нысанның құрылысын біріктірді. Бұл бизнеске серпін беріп, өңірде жаңа жұмыс орындарын құруға мультипликативтік әсер етеді. Алматы жылу-электр орталықтарын көмірден газға көшіру өңірдегі экологиялық ахуалдың жақсаруына тікелей әсер етті. Қарағандыда тарихта тұңғыш рет «Qarmet» АҚ металлургиялық комбинаты газға қосылды.

Еліміздің бас қаласында қазірдің өзінде ЖЭС-1, ЖЭС-2, ЖЭС-3, «Юго-Восток» ГТС және «Тұран» ГТС жылу энергиясын өндіру және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін газ пайдаланып отыр. Бұдан бөлек, ірі қалаларды сенімді газбен қамту мақсатында 2–3 магистральдық газ тарату станциясын орнату арқылы жоғары қысымды газ құбырларының сақинасы салынуда. Ал бұл станциялардан орта және төмен қысымды газ желілері таралады. Соның нәтижесінде солтүстік және оңтүстік астаналардың энергия көздерін көмірден газға көшіру бағытында атқарылған шаралар ірі мегаполистердегі экологиялық ахуалды айтарлықтай жақсартуға ықпал етті.

– Мұндай ауқымды жұмыстарда еліміздің энергетика саласын цифрландыру шешімдері септігін тигізіп жатыр ма? Себебі «QazaqGaz Aimaq» компаниясын энергетика саласын цифрлық форматқа көшіруде көшбасшы ұйымдардың бірі деп естиміз.

– Цифрлық трансформация, болашақтың жоспары емес, компанияның күнделікті жұмысының нақты бөлігі. Бүгінгі таңда QazaqGaz Aimaq өтініш беруден бастап газ тұтынуды дәл есепке алуға дейінгі бүкіл процесті өзгертетін цифрлық шешімдерді енгізіп келеді.

Газ саласын цифрландыру жобалары тұрғын үйлерді газға қосуды жеңілдетумен қатар, оның экономикалық тиімділігін де көрсетіп отыр. Мысалы, 2023 жылдың қазан айынан бастап үйге газ кіргізуге арналған техникалық шарттарды алу онлайн форматқа ауыстырылды. Енді тұрғындар eGov.kz порталы арқылы өтініш беріп, ешқандай кеңсеге бармай-ақ, кезек күтпей-ақ үйіне көгілдір отын жүргізуге мүмкіндік алады. Барлық рәсім 10 минуттан аспайды.

Жеке тұлғалармен қатар, заңды тұлғалар үшін де газ тартуды рәсімдеу әлдеқайда жеңілдетілді. Газды бөлшек саудада өткізу шарттарына электрондық қол қою порталы іске қосылды. Соның арқасында заңды тұлғалар қағазбастылықтан арылып, қосымша келісімдерге тиісті веб-порталда қол қояды. Сонымен қатар газ тарату желілерінің цифрлық картасы да жасақталды.

Цифрлық трансформациядағы маңызды бағыттардың бірі, бұл ақылды есептегіштер жүйесі. Smart-есептегіштер деректерді автоматты түрде, қателіксіз және жоғары дәлдікпен жолдайды. Бұл шығынды азайтып, ашықтық пен сенімділікті арттырады. Былтыр іске қосылған QazaqGaz Aimaq мобильді қосымшасы да деректер беруді жеңілдетті: есептегішті суретке түсірсеңіз жеткілікті, ал жасанды интеллект көрсеткіштерді танып, олардың дұрыстығын тексереді. Қазіргі уақытта қосымша 700 мыңнан астам рет жүктеліп, оның көмегімен тұтынушылар ай сайын 270 мыңнан астам көрсеткіш тапсырды.

ФОТО (5+)

Біз компанияның технологиялық жаңалықтары әрбір отбасының тұрмысын жеңілдетіп, күнделікті өміріне жайлылық әкеледі деп сенеміз.

– Өңірлердің ішінде Жетісуды газдандыру қарқыны ерекше байқалады...

– Жалпы, жаңа Жетісу облысының құрылғанына үш жыл толды. Кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі энергетикалық инфрақұрылыммен тікелей байланысты. Облыс мәртебесі берілгеннен кейін өңірді табиғи газбен ауқымды қамту жаңа аймақтың тынысын кеңейтті. Облыс құрылғанға дейін Жетісу өңірінде небәрі 110 елдімекен ғана газдандырылған болатын. Бүгінде ұзындығы 300 шақырым болатын Талдықорған – Үшарал газ құбыры мен алты автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы мерзімінен бір жыл төрт ай бұрын аяқталды. Бұл жоба Жетісу өңіріндегі 134 мың адам тұратын 84 елдімекенді газбен қамтуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде облыстың газдандыру көрсеткіші 56,5 пайыздан 92,8 пайызға дейін артады. Егер осы қарқын сақталса, алдағы үш жылда өңірдің 624 мыңнан астам тұрғыны, яғни 91 пайыз тұтынушы табиғи газдың игілігін көреді. Жетісу облысын кең ауқымда газбен қамту, тек әлеуметтік жоба емес, ол көміртек қалдықтарын азайтуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тұрақты дамудың жаһандық үрдісіне сай стратегиялық бастама.

Алматы облысында да елдімекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бағытта айрықша назар аударылған өңірлердің бірі, Ұйғыр ауданы. Өткен жылы Шарын ауылында ұзындығы 64 шақырым болатын газ құбырының құрылысы аяқталып, 1 200-ден астам үйге газ берілді. Ал Бахар ауылындағы ұзындығы 20 шақырымнан асатын жаңа газ құбыры 401 үйді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мектеп, аурухана, балабақша, мешіт және әкімшілік ғимараттар да газ жүйесіне қосылды. Ауқымды жоба Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Бас газдандыру схемасы және Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазір облыс тұрғындарының 77 пайызы, яғни 1,2 миллионнан астам адам табиғи газ тұтынып отыр.

Кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді. Әсіресе, ауылдық елдімекендерді қамту негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл бастама өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсартып, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға қызмет етеді.

– Қауіпсіздік шаралары туралы да айта кетсеңіз. Жылыту маусымы кезінде бұл мәселе тіпті өзекті бола түседі ғой.

– Дұрыс айтасыз. Күзгі-қысқы кезеңде қауіпсіздік мәселесі әрдайым алдыңғы қатарға шығады. «QazaqGaz Aimaq» компаниясы тұтынушыларға газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін тұрақты түрде түсіндіріп келеді. Әсіресе, газ құрылғыларын пайдаланғанда аса мұқият болудың маңызы зор.

ФОТО (6+)

Мысалы, 2024 жылдың 13 қыркүйегінен бастап барлық өңірде «112» бірыңғай диспетчерлік қызметі арқылы азаматтардың ұялы телефондарына табиғи газды қауіпсіз пайдалану ережелері жөнінде SMS-хабарламалар жіберіле бастады. Сонымен қатар өңірлердегі төтенше жағдайлар департаменттерінің мамандарымен бірлесіп жоспарлы рейдтер ұйымдастырылып келеді. Аудан және қала аумағындағы әлеуметтік нысандарда, жатақханаларда, тұрғын үйлерде, қоғамдық орындарда, кәсіпкерлік нысандардағы ішкі газ жүйелері, газосигнализаторлар, мұржалардың тазалығы, автономды пештер, желдеткіш арналары мен электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша мониторинг пен үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, газ-техникалық инспекциямен және төтенше жағдайлар қызметімен бірлескен профилактикалық іс-шаралар аясында облыстар бойынша тұрғын үйлерді жоспарлы аралау да жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі қауіпсіздік стандарттарының сақталуын жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, компания әлеуметтік желілерді де белсенді пайдаланып, тұтынушыларды табиғи газды қауіпсіз пайдалануға үйретуде. Телеарналардан күніне бірнеше рет көрсетілетін бейнероликтер ауруханалар мен емханаларда, сауда орталықтарында, ХҚКО-ларда, көшедегі және қоғамдық көліктегі мониторларда, кинотеатр экрандарында үздіксіз беріліп келеді. Әр шаңыраққа жылу мен жайлылық сыйлауды, қауіпсіз газ жеткізуді басты міндет санайтын «QazaqGaz Aimaq» АҚ мамандары алдағы уақытта да озық технологияларды өндіріске енгізіп, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға үлес қоса береді.

ФОТО (10+)

Қауіпсіздік мәселесі 2026 жылы да басты басымдықтардың бірі болып қалды. Компанияның наурыз айындағы ақпаратында қазіргі жылыту маусымында апаттық-диспетчерлік қызметке түскен оқиғаларға байланысты өтініштер саны 8% төмендеді. 

Сонымен қатар өңірлерде түсіндіру жұмыстары жалғасып, Атырау облысында тұрғындарға газды пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары қайта ескертілді. Шымкентте көмірқышқыл газы мен түтінге улануға байланысты жайттар жөнінде арнайы ақпараттық түсіндіру беріліп, мұндай жағдайлардың басым бөлігі газ тарату желілерінен емес, мұржа мен желдету арналарының жай-күйіне және тұрмыстық құрылғыларды пайдалану тәртібіне байланысты екені көрсетілді. 

Компания 2026 жылы апаттық және штаттан тыс жағдайларға жедел ден қою жұмысын да жалғастырды. Мысалы, ақпан айында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында қатты аяз кезінде жүк көлігі жерүсті газ құбырына соғылып, 50-ге жуық тұрғын үй жылусыз қалу қаупіне ұшырады. Ресми ақпарат бойынша, зақым салдарынан құбыр жүйеден толық ажырап, 9 тірек бүлінген. Апаттық қызмет мамандары қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға жылу қайта берілді. Батыс Қазақстан облысында да КамАЗ автокөлігі газ құбырын зақымдаған оқиға тіркеліп, мұнда да жедел шаралар қабылданды. Алматыда наурыз айында манипулятор жүргізушісі шамамен 150 метр газ құбырын бүлдірген жағдай тіркелді. Мұндай оқиғалар газ инфрақұрылымын қорғау және үшінші тұлғалардың жауапкершілігі мәселесінің өзектілігін тағы бір көрсетті. 

Өңірлердегі филиалдарда тәулік бойы кезекшілік атқаратын апаттық-диспетчерлік қызметке былтыр 63 жаңа автокөлік табысталды, ал биыл олардың қатары тағы 43 көлікпен толықты. Еске саларлық, газдың иісі сезілсе немесе қандай да бір күдік туындаса, азаматтар дереу 5-104 нөміріне хабарласуы тиіс.

ФОТО (7+)

– Жоғарыда газдандыру жұмыстарын компания әкімдіктермен бірлесіп жүргізетінін айтып өттіңіз. Осы іскерлік ынтымақтастықтың тетіктеріне тоқталып өтсеңіз.

– Газдандыру жобаларын іске асырудағы маңызды бағыттардың бірі, бұл әкімдіктермен ынтымақтастық. Бұл жұмыс міндеттерді нақты бөлу мен өзара жауапкершілікке негізделген. Қазіргі уақытта газ тарату желілерінің басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың бюджет қаражаты есебінен салынып жатыр. Бұл жобаларда тапсырыс беруші – әкімдіктер, ал мердігерлер – тендер рәсімдері арқылы таңдалатын ұйымдар. Акционерлік қоғам бұл процестерге бастапқы материалдарды дайындау кезеңінде қатысып, техникалық шарттарды белгілейді. 

Сонымен қатар әкімдіктермен жасалған меморандумдар аясында «QazaqGaz Aimaq» АҚ жобаны іске асырудың барлық кезеңінде техникалық мониторинг пен бақылауды жүзеге асырады. Бұл — өте маңызды. Себебі құрылыс аяқталғаннан кейін газ желілері әрі қарай техникалық қызмет көрсету үшін біздің компанияға беріледі. Біздің мамандардың газ тарату жүйелерін пайдалану саласында мол тәжірибесі бар. Сондықтан мүмкін болатын қателіктерге жол бермеу және жүйелердің болашақта сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін біз құрылыстың барлық кезеңіндегі сапаны мұқият қадағалаймыз.

– Екіжақты жауапкершілікке негізделген осындай ынтымақтастықта шешілуі қиын мәселелер кездесе ме?

– Әрине, жауапкершілік аясы қолданыстағы заңнама талаптары мен екіжақты келісімдер негізінде нақты айқындалады. Дегенмен, кез келген ірі жобада кездесетіндей, кейде белгілі бір кедергілер туындайтыны рас. Мысалы, қаржының уақытылы бөлінбеуі немесе инфляция мен басқа да факторлардың әсерінен құрылыс құнының ұлғаюы жобаларды іске асыру мерзімін шегеруге алып келуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде құрылыс барысының кешігуіне және кейін нысандарды пайдалану кезінде түрлі мәселелердің туындауына әсер етеді. Сондықтан біз жұмыстың әр кезеңінде барынша дәлдікпен және үйлесімді әрекет етуге тырысамыз.

Оның үстіне, Энергетика министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен тұрақты кездесулер өткізу, бірлескен жұмыс топтарының қызметі, сондай-ақ Қазақстан Республикасын газдандырудың Бас схемасына сәйкес газбен жабдықтауды дамыту жұмыстарын жоспарлау туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысының 2024 жылғы 8 мамырдағы «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» жарлығына сәйкес 2027 жылдың соңына қарай Үкімет жанармай нарығындағы бағаны реттеуден толық бас тартуы керек. Осы уақытқа дейін нақты тұтынушы үшін газ бағасы қаншаға көтерілетінін болжауға бола ма?

– Иә, расында да аталған құжат Үкіметке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, монополиялық нарықты қоспағанда, бағалар мен тарифтерді белгілеу еркіндігін тікелей немесе жанама шектейтін нормаларды 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін кезең-кезеңімен жоюды тапсырды. Ал біз жұмыс істеп отырған тауарлық газды сату нарығы монополиялық қызмет түріне жатады.

Егер Ұлттық экономика министрлігінің келісімі бойынша Энергетика министрлігі бекітетін тауарлық табиғи газдың көтерме бағасы өзгерсе, біздің компания бұл тізбектегі соңғы орындаушы болғандықтан, жергілікті уәкілетті органның келісімімен тұтынушылар үшін бөлшек сауда бағасын қайта қарауға мәжбүр болады.

Мұнда тағы бір маңызды жайт бар. Елдегі газдың негізгі бөлігі батыс өңірлерде өндіріледі, ал оны шалғай өңірлерге жеткізу соңғы бағаның 80 пайызына дейінгі шығынды құрауы мүмкін. Сондықтан газдың бөлшек бағасы мемлекеттік органдармен нақты құжатталған шығындар негізінде қалыптастырылады және бекітіледі.

Басқа елдердің тәжірибесіне сүйенсек, тауарлық газ нарығын ырықтандыруға қатысты әлі нақты әрі біржақты жауап жоқ. Мысалы, Италияда бұл нарық салыстырмалы түрде жақында ғана ырықтандырылды. Данияда ірі энергетикалық «Ørsted» компаниясы акцияларының 50,1 пайызы мемлекетке тиесілі. Норвегиядағы «Gassco» газ операторы да квазимемлекеттік компания болып саналады.

Тауарлық газ нарығының стратегиялық маңызын, оның әлеуметтік сипатын және ішкі субсидиялау механизмін ескерсек, бүгінгі күні реттеуші органдар алдында баға саясатының болашақ бағытын айқындауда кешенді тәсілдің қажеттілігі туындап отырғаны анық.

– Осыған байланысты тағы бір сұрақ. Өткен жылдың соңында сіз басқаратын компания тиісті министрліктермен бірлесе отырып атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алушылар үшін тауарлық газ бағасын субсидиялау бойынша бірлескен пилоттық жобаны іске қосты. Жеңілдік мөлшері мен субсидияланатын тұтыну көлемі қандай есептерге негізделді?

– Қазақстанда газ бағасын мемлекеттік орган реттейді. Халық үшін екі тарифтік санат көзделген: базалық тариф және атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй көмегін алушыларға арналған жеңілдетілген тариф. Бұл жеңілдік 2022 жылдан бастап қолданылып келеді. Айта кету керек, 2024 жылдың желтоқсанына дейін жеңілдік беру механизмі бұрынғы тәсілмен жүзеге асырылды: алушылардың тізімдерін әкімдіктер жолдап, олардың деректері абоненттік базамен салыстырылатын. Алайда мекенжайдың өзгеруі, деректердегі қателіктер немесе меншік құқығының болмауы секілді факторларға байланысты көмекке мұқтаж кейбір азаматтар бұл қолдауды ала алмай қалатын.

Сондықтан өткен жылдың соңынан бастап Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қолдауымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және біздің компания бірлесіп, eGov Mobile платформасындағы «Әлеуметтік әмиян» бағдарламасы арқылы жаңа цифрлық жүйені іске қосты. Қазір бүкіл процесс автоматтандырылған. Атаулы көмек алатын азаматтарға 1414 нөмірінен жеңілдік жөнінде SMS-хабарлама келеді. Олар бағдарламаға қатысатынын растап, өздерінің жеке шотын көрсетеді. Осымен рәсім аяқталады. Бұл уақытты үнемдеуге, қателіктердің алдын алуға және әлеуметтік көмектің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. 24 пайыз жеңілдік төлем кезінде автоматты түрде қолданылады. Соның арқасында бір отбасы бірнеше мың теңге үнемдей алады. Қазір бұл жоба бүкіл республика аумағында кеңінен қолданылып отыр, шамамен 44 мың отбасы тауарлық газға жеңілдік алды.

ФОТО (8+)

Биыл қандай атқарылған жұмыстар бар?

2026 жылдың алғашқы айларында «QazaqGaz Aimaq» АҚ газбен жабдықтау жүйесінің сенімділігін сақтау, күзгі-қысқы жылыту маусымын тұрақты өткізу, жаңа тұтынушыларды қосу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстарды жалғастырды. Жыл басынан бері еліміздің бірқатар өңірінде газдандыру жобалары жалғасып, өндірістік филиалдар жылыту маусымынан жоспарлы өтті, ал қауіпсіздік пен цифрландыру бағыттары бойынша жүйелі шаралар іске асырылды. 

Газдандыру бағыты бойынша 2026 жылдың басынан бері 32 мыңнан астам қазақстандық табиғи газға қол жеткізді. Бұл жұмыстар Астана қаласында, сондай-ақ Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарында іске асырылды. Қарағанды облысында Теміртауда газ тарату желілерін салудың кезекті кезеңі аяқталып, 1 076 абонент немесе 4 300-ден астам тұрғын табиғи газға қосылды. Наурыз мерекесі қарсаңында Теміртаудың Соцгород ауданындағы тұрғындардың бір бөлігі де табиғи газға қосылып, бұл жоба «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының бірінші кезегі, үшінші іске қосу кешені аясында жүзеге асырылды. 

Астана мен елорда агломерациясында 2025–2026 жылғы жылыту маусымы тұрақты аяқталды. Астаналық өндірістік филиалдың пайдалануында 2 278 шақырым газ тарату желісі бар, оның 807 шақырымы Астана қаласына, 1 471 шақырымы Ақмола облысына тиесілі. Жүйеге 21 844 абонент қосылған. 2025–2026 жылдары 980 шақырым газ құбыры, 4 газ реттеу пункті, 104 шкафтық газ реттеу пункті және 277 жеке шкафтық пункт пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар қыс мезгіліндегі жоғары жүктеме кезеңінде жүйенің өткізу қабілетін арттырып, тұтынушыларды тұрақты газбен жабдықтауға мүмкіндік берді. 

ФОТО (9+)

Алматыда да жылыту маусымы штаттық режимде өтіп, инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасты. 2025–2026 жылғы маусым барысында 77 газ реттеу пунктіне, 1 500-ден астам шкафтық газ реттеу пунктіне және 771 электрохимиялық қорғаныс станциясына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Инвестициялық бағдарлама аясында 11 шкафтық реттеу пункті мен 13 электрохимиялық қорғаныс станциясы жаңғыртылып, жалпы ұзындығы 32,8 шақырым газ құбыры қайта жаңартылды. Сонымен қатар 2026 жылы Алматыда бірқатар ірі реконструкция жобасын жалғастыру көзделді: Әл-Фараби даңғылы, Төле би көшесі, Медеу және Түрксіб аудандары аумағындағы негізгі учаскелерде газ желілерін жаңарту, 40 электрохимиялық қорғаныс станциясын жөндеу, 300-ден астам тірек орнату және шамамен 250 шақырым желіні сырлау жоспарланған. 

Жамбыл облысында өткен жылыту маусымы кезінде газ тұтынушыларға тұрақты берілді. Өңірде жеке тұлғалар қатарындағы тұтынушылар саны 246 796-ға, заңды тұлғалар саны 7 569-ға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жеке тұтынушылар саны 5 335-ке, заңды тұлғалар 270-ке көбейген. 2025 жылғы қазан мен 2026 жылғы сәуір аралығында 11 елдімекенге газ беріліп, тағы 920 тұтынушы реттелетін қызметке қосылды. Сонымен бірге жүргізілген түсіндіру және профилактикалық жұмыс нәтижесінде былтырғы жылыту кезеңімен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 50 пайызға азайғаны атап өтілді. 

Жетісу облысында 2026 жылдың басынан бергі нәтижелер де нақты. 3 858 жаңа тұтынушы газ жүйесіне қосылды. Маусымаралық дайындық аясында 16 812 шкафтық реттеу пунктіне және 13 электрохимиялық қорғаныс құралына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, авариялық-диспетчерлік қызмет 2 879 өтінімді мерзімінде орындады. Бұл өңірдегі газбен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын сақтауға және жаңа тұтынушыларды кезең-кезеңімен қамтуға мүмкіндік берді. 

Шымкентте де жылыту маусымы сәтті аяқталды. Өңірде 7 489 жаңа тұтынушының жүйеге қосылған, ал 2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы сәуірге дейін қосымша 593 тұтынушы газға қол жеткізді. Осы кезеңде авариялық-диспетчерлік қызмет 6 469 өтінімді қабылдап, олардың барлығы белгіленген мерзімде орындалған.

Цифрландыру бағытында да жұмыс жалғасын тапты. Наурыз айында компания жарияланған IT-блоктағы сұхбатта компанияның газ саласындағы қызметтерді кезең-кезеңімен онлайн форматқа көшіріп жатқаны, соның ішінде өтінім беру, төлем жасау, көрсеткіш жолдау және клиенттік сервистерді қолжетімді ету бағыттары күшейіп келе жатқаны айтылды. Бұған қоса, 2025 жылдың шілдесінде іске қосылған заңды тұлғаларға арналған eGov.kz арқылы газ тарату желілеріне қосылу үшін техникалық шарт алу қызметі 2026 жылы да цифрлық сервистердің нақты жұмыс істеп тұрған бағыты ретінде көрініс тапты. 

2026 жылғы корпоративтік және әлеуметтік бастамалар да жалғасты. Қызылорда өндірістік филиалы қасиетті Рамазан айында «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясын өткізіп, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратты. Сәуір айында Қызылорда өндірістік филиалы Ұлттық құрылтайды өткізуге қосқан үлесі үшін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып, екі күн бойы үздіксіз жұмыс істеген 10 сала маманы арнайы аталып өтті. Сонымен бірге компания жастары экологиялық акцияларға қатысып, Қарағанды мен өзге өңірлерде сенбілік жұмыстарына белсенді араласты. 

ФОТО (11+)

Оған қоса, өткен Референдумға 5309 әріптестерім бір ауыздан дауыс беріп, азамттық борышын ақтады.

Осылайша, 2026 жылдың алғашқы айларындағы жұмыстар «QazaqGaz Aimaq» АҚ үшін тек жылыту маусымын қорытындылау кезеңі емес, сонымен бірге газдандыруды жалғастыру, жүйенің сенімділігін күшейту, қауіпсіздікті арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және халыққа қолайлы қызмет көрсету бағытындағы сабақтас жұмыстың жалғасы болғанын көрсетеді. 

– Бауыржан Бекзатханұлы, елді газдандыру, жылыту маусымының тұрақтылығы, қауіпсіздік, цифрландыру және әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар жөнінде жан-жақты айтып бергеніңіз үшін рақмет. Осы бағыттағы жүйелі істер жалғаса берсе, Қазақстан тұрғындарын көгілдір отынмен толық қамтамасыз ететін күн де алыс емес екеніне көз жеткіздік.

– Жалпы алғанда, газдандыру, тек халықтың жайлы өмір сүруіне қызмет ететін жоба емес. Ол сонымен бірге экологиялық ахуалды жақсартуға, өңірлердің дамуына, адамдардың тұрмыс сапасын арттыруға және елдің энергия қауіпсіздігін нығайтуға тікелей ықпал етеді. Біз бұл маңызды міндетті өзімізге жүктелген мемлекеттік жауапкершілік деп түсінеміз.

– Сол міндет үдесінен шыға беріңіздер.

11:43
27

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020