Ұлытау облысының орталығынан шалғай орналасқан Ұлытау ауданында аудан тұрғындары, қонақтары мен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қаржылық қауіпсіздікті арттыру және есірткі қылмысына қарсы түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында «Адал қоғам: Заң, сана және қауіпсіздік» атты форум ұйымдастырылды.
Ақпараттық-ағартушылық форматта өткен шараға аудан тұрғындары, жастар, мемлекеттік органдардың өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Форум барысында қатысушыларға интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары, дропперлік схемалардың қауіптілігі, цифрлық қауіпсіздік ережелері, сондай-ақ есірткі қылмысының қоғамға тигізетін зардаптары туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сонымен қатар жастар арасында заңға құрмет қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері кеңінен талқыланды. Мамандар қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде арнайы қызмет өкілдері өздерінің кәсіби дайындықтарын көрсетті. Кинологиялық қызмет мамандары қызметтік иттердің көмегімен тыйым салынған заттарды анықтау тәсілдерін таныстырды.
Форум аясында қатысушыларға интерактивті ойындар, сұрақ-жауап алаңдары және концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жастардың белсенді қатысуына мүмкіндік жасалды.
Мамандардың пікірінше, мұндай кездесулер жастардың бойында құқықтық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті қалыптастырып, сыбайлас жемқорлыққа, интернет-алаяқтыққа және есірткі қылмысына қарсы иммунитетті күшейтуге ықпал етеді.
Аталған форумды Ұлытау облысы Полиция департаменті, Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті және «Ұлытау жастары» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.