Сәтбаев қаласында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі жүзеге асырылуда. Қала аумағында жеке инвестордың қаржысы есебінен күн электр станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба өңірдің инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын және қаланың тұрақты даму жолына түскенін айқын көрсетеді.
Жобаны іске асыру үшін жалпы көлемі 28 гектар жер учаскесі бөлінген. Инвесторлардың Сәтбаев қаласына қызығушылық танытуы – өңір экономикасына деген сенімнің және қолайлы инвестициялық ахуалдың нәтижесі.
Құрылысы жүріп жатқан күн электр станциясының қуаты 4,9 мегаваттты құрайды. Бұл көрсеткіш қаланың энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де өз үлесін қосады.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына шамамен 30 адам тартылған. Ал нысан толық іске қосылғаннан кейін 11 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға оң әсер етеді.