Нұра-Сарысу бассейндік су инспекциясы

Нұра-Сарысу бассейндік су инспекциясы – су ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган
Қазіргі таңда су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау мәселелері өңірлердің тұрақты дамуы мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие. Осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асыруда «Қазақстан Республикасы су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Нұра-Сарысу бассейндік су инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі маңызды рөл атқарады. Нұра-Сарысу бассейндік су инспекциясы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің аумақтық органы болып табылады. Инспекция Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарының аумағында су қорын пайдалану мен қорғау саласында бақылау, қадағалау және іске асыру функцияларын жүзеге асырады.
Инспекцияның негізгі міндеті – су ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету, су заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ су қатынастары субъектілерінің қызметін үйлестіру.
Инспекция қызметінің маңызды бағыттарының бірі – Қазақстан Республикасы су заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау. Өз құзыреті шегінде Инспекция арнайы су пайдалануға арналған рұқсаттардың болуына, рұқсат талаптарының сақталуына, судың бастапқы есебінің жүргізілуіне, есептіліктің уақытылы тапсырылуына, сондай-ақ су есептеу аспаптарының жарамдылығы мен метрологиялық тексеруден өтуіне мемлекеттік бақылау жүргізеді.
Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мен су қорғау аймақтары және су қорғау белдеулеріндегі шаруашылық қызмет режимінің сақталуына ерекше назар аударылады. Инспекция су объектілерінің жай-күйіне әсер ететін объектілерді орналастырудың, жобалаудың, салудың және реконструкциялаудың заңдылығын, сондай-ақ су қорғау аумақтарында жер қойнауын пайдалану, ұңғымалар бұрғылау, құрылыс жұмыстарын жүргізу және өзге де шаруашылық қызмет түрлерінің заңнама талаптарына сәйкестігін бақылайды. Сонымен қатар Инспекция су пайдаланудың жедел лимиттерін белгілейді, су шаруашылығы теңгерімдерін әзірлеуге және бекітуге қатысады, су ресурстарын пайдаланудың мемлекеттік есебін және су объектілерінің мемлекеттік мониторингін ұйымдастырады.
Су заңнамасының бұзылуына жол бермеу мақсатында Инспекция халық пен су пайдаланушылар арасында профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді, жергілікті атқарушы органдармен, мемлекеттік мекемелермен және қоғамдық ұйымдармен өзара жұмыс жасайды. Су ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану мәселелерін талқылау үшін бассейндік кеңестердің отырыстары, жұмыс кездесулері тұрақты түрде өткізіледі.
Заңнама талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда Инспекция заңнамада белгіленген тәртіппен ден қою шараларын қабылдауға, материалдарды құқық қорғау органдарына және сотқа жолдауға, сондай-ақ су заңнамасының бұзылуы салдарынан мемлекетке келтірілген залалды өтеу туралы талап қоюға құқылы.
Нұра-Сарысу бассейндік су инспекциясының қызметі су ресурстарын сақтауға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және су пайдалануға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Су қорын тиімді қорғау мен су ресурстарын ұтымды пайдалану – халықтың әл-ауқаты мен өңірлердің тұрақты дамуының басты кепілі.
Нұра-Сарысу бассейндік су инспекциясы су пайдаланушылар арасында айналымды және қайта пайдаланылатын сумен жабдықтау жүйелерін енгізу және тиімді пайдалану мәселелері бойынша тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – су ресурстарын ұтымды пайдалану, су тұтыну көлемін қысқарту, су үнемдеу технологияларын енгізу және қоршаған ортаға түсетін антропогендік жүктемені азайту. Кездесулер мен жиналыстар барысында су пайдаланушыларға Қазақстан Республикасы су заңнамасының талаптары, айналымды және қайта пайдаланылатын сумен жабдықтау жүйелерінің артықшылықтары, сондай-ақ су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттырудың маңыздылығы түсіндіріледі.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің заңсыз су пайдалануға қарсы іс-қимыл жасау және «судың қара нарығының» жолын кесу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде 2026 жылдың 14–15 мамыр күндері Инспекцияның Ұлытау облысы бойынша су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану бөлімі «Қазсушар» РМК «Ұлытау» филиалының, Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің және Ұлытау облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп мемлекеттік бақылау (рейдтік) іс-шараларын өткізді.
Жалпы, Инспекция бойынша 2026 жылдың басынан 19 маусымға дейін мемлекеттік органдарда, шаруашылық жүргізуші субъектілерде және жеке кәсіпкерлік субъектілерінде су қорын пайдалану және қорғау, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына қатысты 19 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Сонымен қатар шаруашылық жүргізуші субъектілер тарапынан заңсыз су пайдаланудың 6 фактісі анықталды.
Рейдтік іс-шаралардың негізгі мақсаты – су ресурстарын рұқсатсыз алу фактілерін анықтау, су заңнамасы талаптарының бұзылуын болдырмау және су объектілерін пайдалану тәртібінің сақталуына бақылауды күшейту болды.
Инспекция су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз ету, су заңнамасы талаптарының бұзылуының алдын алу және су пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Аладығы уақытта, халық арасында су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында Инспекция Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарының аумағында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Сонымен қатар азаматтар мен су пайдаланушыларға су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу тәртібі жөнінде жан-жақты ақпарат беріледі. Атап айтқанда, «Арнайы су пайдалануға рұқсат беру, оның қолданылу мерзімін ұзарту, қайта ресімдеу, қолданылуын тоқтата тұру және тоқтату» мемлекеттік қызметін алу тәртібі түсіндіріліп, құжаттарды ұсыну тәртібі, заңнама талаптары және қызмет көрсету мерзімдері баяндалады.
Бұдан бөлек, «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздік декларациясын тіркеу және тіркеу нөмірін беру» мемлекеттік қызметі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қатысушыларға гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптарын сақтау және декларацияларды тіркеу тәртібі туралы толық ақпарат ұсынылатын болады.
Сондай-ақ арнайы су пайдалану құқығын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың су алу және су бұру құрылыстарында орнатылған су есептеу аспаптарын пломбалау жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі бойынша консультациялар өткізіліп, мамандар мемлекеттік қызметті алу тәртібін, су есептеу аспаптарына қойылатын талаптарды және оларды қолданудың маңыздылығын түсіндіреді.
Инспекция жастардың экологиялық тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Ұлытау облысында Жезқазған политехникалық колледжінің студенттерімен «Су ресурстарын ұтымды пайдалану және Инспекция қызметі» тақырыбында кездесу өткізіледі. Сонымен қатар Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенттерімен ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылып, қатысушылар Инспекцияның қызметі, негізгі міндеттері, өкілеттіктері және су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарымен таныстырады.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары халық пен су пайдаланушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, су ресурстарын пайдалануға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Қарағанды облысында су ресурстарын сақтау, су объектілерін қорғау және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы су қорғау аймақтары, су қорғау белдеулері және жағалаудағы қорғаныш белдеулері туралы кеңістіктік деректерді Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының ақпараттық жүйесінде тіркеу жұмыстарын аяқтады. Бұл оларды мемлекеттік ақпараттық жүйелерде одан әрі есепке алуға және көрсетуге, сондай-ақ су заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
2025–2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында жергілікті атқарушы органдар су объектілерін қалпына келтіруге және олардың экологиялық жай-күйін жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыруда.
Қорытындылай келе, Нұра-Сарысу бассейндік су инспекциясының қызметі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруды, су заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етуді, құқық бұзушылықтардың алдын алуды, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды және табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыруды қамтиды.
Инспекция жүргізіп отырған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, мемлекеттік бақылау шаралары және су объектілерін қорғау мен қалпына келтіруге бағытталған жобалар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, олардың экологиялық жай-күйін жақсартуға, табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге және халықтың су ресурстарына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал етеді.

Су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану – қазіргі заманның маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірлердің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, табиғи байлықтарды сақтап, оларды келер ұрпаққа аман жеткізуге негіз болады.

          Нұра-Сарысу бассейндік су инспекциясы. 

10:53
10

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020