АҚМОЛАДАН АСТАНАҒА ДЕЙІН

Тәуелсіз еліміздің алғашқы жылдарында-ақ «Жаңа астана» идеясы көтерілген тұста таңдаудың Ақмолаға түсерін сірә, ешкім де ойламаған шығар. Ойлаған жанның өзі бұл қаланы ел астанасы үшін қорашсынған да болар. Айталық, астананы көшіру қарсаңындағы 1997 жылы 275 мыңнан аса халқы бар қатардағы жай қалалардың бірі болғаны белгілі. Оның үстіне ел өтпелі кезең ауыртпалықтарынан шығып үлгермеген уақыт еді ол. Елбасы «Жаңа астана» идеясының еріккеннің ермегі емес, заманның талабы екенін, Тәуелсіз Қазақстанның асыл мұраттарының бірі екенін өзімізге де, сырт елдерге де қапысыз дәлелдей білді. Қазір сол күдік білдірушілердің өзі санаулы жылдар ішінде жүзеге асқан ғасырға бергісіз ғаламат істерге еріксіз илануда, сырттан келген қонақтар мүмкін емес кереметтерге таңдай қаға қарауда. Сәулеті жарасқан Елорда тұрғындарының саны бұл күндері миллионнан асты. Астана күні қарсаңында біз оның ежелгі Ақмола кезіндегі тарихы мен қазақ даласындағы маңызды орыны туралы деректерді бір тарқатып өтуді жөн көрдік.

Тарихи деректерге жүгінсек, Ақмола өңірі — бағзы замандардың өзінде Ұлы даланы мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың тоғысқан, тірлігі ұштасқан өлкесі болғанын көреміз. Ақмола өңірі — көне дәуір тарихшысы Геродот жазбаларында айтылатын Ұлы даланы көктей өтіп, дүние қиырларын жалғаған, кейінгі дәуірлерде Ұлы Жібек жолы атанған әлемдік қарым-қатынастың кіндік ортасы. Былайша айтқанда, Еуропа мен Азияны байланыстыратын тарихи орталық. Ғұндар тілінен аударғанда Ақмола – «Батыстағы қамал" деген мағынаны білдіреді екен. Қаладан 15 шақырымдай жердегі Тайтөбе жотасындағы ескі қорған Ұлы дала өркениетін қалыптастыруға негіз жасаған ғұн тайпаларынан қалған дейді тарихи болжамдар. Әйгілі ғалым Әлкей Марғұланның «Есіл мен Нұра өзендерінің аралығындағы жазық дала – түрлі ағынды көлдерімен ноғайлы-қазақтарының белсенді көшіп-қонып жүретін аймағы. Сонау Ғұн патшалығы негізін салып беріп кеткен қамалдар мен қорғандар көптеген ғасырлар бойы Дешті Қыпшақ даласының киелі мұрасы болады», — деп жазғаны бар. Қазақ даласына орыс экспедициясымен шыққан И.Шангин 1816 жылы Бозоқ қаласының қирандылары мен қалдықтарын көріпті. Ал, Ақмола тарихи-өлкетану музейінің директоры Л.Ф.Сёменов 1927 жылы осы көне қалашық орнына қазба жұмыстарын жүргізгенде Тәңір мүсіні, құс және жылқы бейнелері түсіріліп алтынмен, мыспен көмкерілген әшекейлі заттар, тас балталар, темір дулығалар мен сауыт-кіреукелер тапқан. Бертінде академик Кемел Ақышев Астанадан 5 шақырым жердегі Бозоқ көлінің шығыс жағалауында археологиялық зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде Бозоқ қалашығы – Қазақстанның бас қаласы қазіргі Нұр-Сұлтанның түпқазығы деген түйін жасалған.

XVI ғасырдағы Сібір-Орта Азия керуен жолы осы жерлермен өткен. Осыдан екі жылдай бұрын Елордадағы Орталық архивте және Ұлттық музейде болып Ақмола тарихына қатысты біраз деректермен танысқан едім. Сондағы материалдарға сүйеніп айтар болсам, Қараөткел жері сырт елдерге әуелде сауда қатынастары арқылы белгілі болыпты. Орыс және татар көпестері қазақ жеріне XVI-XVII ғасырда Орта Азия мен Ресей сауда қатынастары жолға қойылған кезден келіп орныға бастаған. Шығыс қытайдан да саудагерлер келіп тұрған. Олар шұға, атлас маталарын, айна, қобдишалар, күміс ыдыстар мен мельхиор бұйымдарын әкеледі екен. Бұл жақтағы жергілікті халықтың ағаш пен теріден жасалатын қолөнер бұйымдарын, мал өнімдерін, жүн, алаша, арқан, қоржын сияқты заттарын сатып алатын болған. Өзара сауда-саттық жасасып, тауар айырбастасады. Орта Азия жәрмеңкелерінен жібек, табиғи асыл тастар, пышақ, қылыш сияқты шығыс қарулары, Қытайдан шыны ыдыстар мен фарфор бұйымдары әкелінетін. Осындай халықаралық деңгейдегі сауда-саттық ықпалымен Ақмолада көтерме сауда қоймалары пайда болды. Көпестер ат басатын бұратын ірі базарлар ашылды

Өңірлерде сауданың дамуына Батыс Сібір генерал губернаторының карантиндік бақылау мен казак станицаларындағы алым-салықтарды жойғаны ерекше әсер етті. Осы кезеңде 1830 жылдан бекініс станицасы ретінде қалыптасқан Ақмолада жаңа сауда орындары, мануфактура мен алғашқы банктер ашылды. Халық саны да өсе түсіп, 1862 жылы 7 мамырда Ресей империясының шешімімен Ақмолаға округтік қала мәртебесі берілді. Кейін – 1890 жылға қарай уез орталығы болып құрылған бұл қаланың құрамына Омбы, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Атбасар өңірлері енді. Жергілікті халық арасынан да есімі елге белгілі көпестер шыға бастады. Ақмолалық көпестерді жергілікті билік 10 жылға дейін түрлі алым-салықтар төлеуден босатты. Көпес – Ресейде 1775 жылы заң жүзінде рәсімделген қалалық сауда-кәсіпорын тобының өкілі саналатын. Қаржы-қаражатының мөлшеріне қарай берілетін үш түрлі гильдиялы көпес дәрежесі қазан төңкерісіне дейін сақталып келген болатын. Қазақстанда XX ғасырдың басында гильдиялы көпестер сауда капиталын дамытуда елеулі рөл атқарған. Ақмолалық көпестер дегенде, ең әуелі Қосшығұловтар әулеті, Ғалиасқар және Сыздық Халфиндер, Нүркен Забиров, Иван Силин, Петр Моисеев, Андриан және Матвей Кубриндер сияқты іскер ауқаттылардың есімдері еске түседі. Қазақстан Ұлттық музейінің «Жазба деректер қорында» аталған көпестер арасынан Қосшығұловтар мен Кубриндер туралы суреттер мен көптеген деректер сақталған.

Қазақтың алғашқы капиталистерінің бірі саналатын Баймұхамбет Қосшығұлов Жаңаарқа өңіріндегі Келтетал деген жердің тумасы. Руы – алсай. Оны жас кезінен бір татар көпесі өзіне көмекшілікке алып, сауда-саттықтың қыр-сырын үйретеді. Осы іспен айналысып жүргенде әкесі қазақ, шешесі татар Мәдина деген қызға үйленеді. Бұлардың отбасында Құрманғали, Мұхаметқали, Уәли, Нұрмұхамбет, Бекмұхамбет, Қадыркей есімді алты ұл және Райхан деген қыз, барлығы 7 перзент дүниеге келеді. Баймұхамбет Қосшығұловтың үш дүкені және кондитерлік фабрикасы болған. Оны жұрт Байкоп деп те атайтын. «Байкоптың көк дүкені» Ақмолада бертінге дейін болған екен. Кондитерлік және тоқаш фабрикасы Ақмоладағы бұрынғы Тұрмыстық қызмет көрсету үйінің маңында орналасқан. Кондитер фабрикасында бірнеше түрлі шоколад пен мұзды кәмпиттер шығарылған. Сол тұста Ақмоланың ұны мен қазақтың мал тұқымдары Ресейдің, Бұқараның, Хиуаның және Қоқанның орталық базарларына шығарылатын. Сол уақытта қалада 100-ге тарта диірмен болыпты. Баймұхамбет сырт өңірлерге Ақмола ұнын ірі тасымалдаушы ретінде де танылған. Сондай-ақ, оның фабрикасынан шығатын тоқаш (пірәнік) туралы аңызға айналған әңгімелер де назар аударарлық. Император мұрагерінің 1891 жылы Омбы қаласына келу құрметіне пірәніктер көрмесі ұйымдастырлады. Әдетте Тула және Вязма пірәніктері ерекше сұранысқа ие екен. Бірақ, көрмеде күтпеген жағдай орын алып, патша мұрагеріне ешкімге белгісіз пірәніктер ұнап қалыпты. Өндірушіні іздестіргенде, ол Баймұхамбет Қосшығұлов болып шығады. Ханзаданың Ақмола пірәнігінің құпиясы туралы сұрауына қазақ көпесі күлше дайындаудың ұлттық тәсілін айтады. Ақмоланың ақ ұнының даңқы Ресейге де жетіп тұрса керек. Осы ақ ұнға Көкшетаудың балы мен балқаймағы қосылып иленетінін айтады. Жұпар бұрыш, ұнтақталған қалампыр мен жусан қосылып жасалатын ащы тоқаштың да дайындалу жолын түсіндіреді. Сөйтіп тақ мұрагері губернаторға ақмолалық кәсіпкерге қолдау көрсетуді қатаң тапырады. Осы оқиғадан соң Б.Қосшығұлов Сібір банкісінен ірі заем алып, кәмпит-пірәнік фабрикасының сызбасы мен құрал-жабдықтарын алуға Париж қаласына аттанады. Сонымен қатар ол француздардан кондитерлік істің шеберлігіне үйренеді. Қазіргі Республика мен Абай даңғылдарының қиылысындағы кондитер фабрикасының құрылысы осылай бой көтеріпті. Фабриканың хас шебер кондитері Дурахов деген кісі болса, Баймұхаметтің оң қолы әрі сенімді көмекшісі өзінің бажасы Халиолла Нығматуллин болған көрінеді.

Өлкедегі сауда-саттықтың дамуына үлкен қолдау көрсеткен тұлғалардың бірі Ақмола округінің 1852-1865 жылдардағы аға сұлтаны Ыбырай Жайықбаев болатын. Ақмолалық көпестер меценаттық пен қайырымдылыққа да зор үлестерін қосады. Қаладағы алғашқы мектептер, медреселер және театр тәрізді өнер орындары олардың тікелей атсалысуымен құрылды. Мәселен, Ақмоладан шыққан бірінші гильдиялы дәрежесіндегі көпес Баймұхамбет Қосшығұлов өз қаражатына мұсылман жастарына арнап мешіт пен медресе-мектеп тұрғызады. Мұғалімдердің жалақысы мен оқушылардың шәкіртақысын төлеп отыруды мойнына алды. Ол 1905 жылы салдырған мектеп 1986 жылы жөнделіп, қалпына келтірілді. Көп жыл бойы «Қазкомерцбанк», кейінгі уақытта Халық банкі орналасып келген бұл қаладағы тарихи мәні бар ғимараттар қатарына жатады. Ақмола станицасын құрушылардың бірі Константин есімді казактың ұлдары Андриан мен Матвей Кубриндер де ірі көпес ретінде белгілі болған. Андриан мал шаруашылығымен және шарап саудасымен айналысып байыған. Кейінірек сыра зауытын ашып, «Андриан Кубрин ұлдарымен» деген сауда үйінің негізін қалаған. Ол Ақмола думасының депутаттығына сайланып, қала істеріне белсене қатысқан. Александар Невский шіркеуінің құрылысына атсалысып, қаладағы бастауыш білімге қамқоршылық қоғамына, кедей отбасынан шыққан гимназияшыларға материалдық көмек беріп тұрған. Кубрин дүкені де Елорда көшіп келген кездегі көне ғимараттардың бірі болып, кейіннен «Астана» сауда үйі атын алған болатын. Өкінішке орай, кеңес өкіметі орнағаннан кейін белгілі кәсіпкер көпестер мен олардың ұрпақтары қуғын-сүргінге ұшырап, мүліктері кәмпескеге ілігеді.

Ақмола қаласында 1914 жылы 3 кірпіш, 4 май өңдеу, 2 сабын қайнату, 1 сыра қайнату зауыты, 2 тері илеу және тон тігу фабрикасы болыпты. Қасапхана, 20-ға жуық түрлі шеберхана жұмыс істеген. Мәдени-ағарту саласында 3 жалпы білім беретін училище, мектеп, медресе, 2 кітапхана халық игілігіне айналған. Сол тұста қаладағы халық саны 15 мыңға жетіпті. Ақмола 1928-1930 жылдары округтің, 1930-1939 жылдарда ауданның орталығы ретінде мәлім болса, 1939 жылдың 14 қазанында облыстың әкімшілік орталығы болып құрылады. Алғашқы пойыз қалаға 1929 жылдың қараша айында келіпті. Елуінші жылдардың өзінде Ақмола еліміздің солтүстік және орталық өңіріндегі теміржол көлігінің ірі торабына айналды. Соғыс жылдарында Ресейден көшірілген «Мелитополь» станок жасау зауытының негізінде «Қазақсельмаш» кәсіпорны құрылды. Бұл – еліміздегі ауыл шаруашылығы машиналарын жасау өнеркәсібінің негізін қалаған өндіріс болатын. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығару жолға қойылып, вагон жасау зауыты іске қосылды. Сондай-ақ, 1958 жылы қалада алғашқы жоғарғы оқу орны – ауыл шаруашылық институты ашылса, 1962 жылы педагогикалық, медициналық және инженерлік-құрылыс институттары қатарға қосылды.

КСРО кезінде тың және тыңайған жерлерді игеру дүрмегі аса қарқынды болғаны белгілі. Соған орай 1960 жылы 26 желтоқсанда Тың өлкесі құрылып, орталығы Ақмола қалсы болды. Қала атауы Целиноград болып өзгертілді. Сол замандағы ел басшысы Никита Хрущев Тың өлкесін РКФСР құрамына беруге ұсыныс жасап, ұлтжанды азаматтардың аратүсуімен ата-бабадан аманатқа қалған жер қитұрқы саясаттың құрбаны болудан аман қалған-тын. Ол да бір үлкен тарих. Тың өлкесі 1965 жылы таратылып, қала қайта құрылған Целиноград облысының орталығына айналды.

Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін 1992 жылдың 6 шілдесінде қалаға ежелгі Ақмола атауы қайтарылды. Көп кешікпей ұлы өзгерістерге сай Есіл жағалауындағы шаhар еліміздің жаңа астанасы ретінде таңдалды. Парламент сессиясының 1994 жылғы 6 шілдедегі жалпы отырысында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев астананы Алматыдан еліміздің орталық өңірі Ақмолаға көшіру туралы ұсынысын білдіргенде көпшілік жұрт бұған аса күмәнмен қарағаны да шындық. ҚР Үкіметі 1996 жылғы 6 шілдеде «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдағаны белгілі. Сол күн кейіннен дәстүрлі Астана күніне айналды. Ал, 1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола еліміздің астанасы болып ресми жарияланды. Елбасы Жарлығымен 1998 жылдың 6 мамырында Елордаға лайықталған қала Астана болып аталды.

Содан бергі кезеңде тарихы терең өлкеде енді жаңа астананың жасампаз шежіресі ғасырға бергісіз өркенді өзгерістермен өрнектелуде. Көзді ашып-жұмғандай жиырма жылдың ол жақ-бұл жағында бұрынғы Ақмола шаһарының адам танымастай өзгеріп, қазақтың бетке ұстар жарық жұлдызындай жарқырап, жайнаған аймаңдай ордаға айналғанын ұдайы айтып келеміз. Қалың елдің көз алдындағы ол жағдай туралы бұл жолы көп қаузамай-ақ қояйық. Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйғарымымен ғасырға жүк болатын осындай орасан зор, ғажайып жобаны жүзеге асырған Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаевтың құрметіне Астана қаласының 2019 жылдың 20 наурызынан бастап Нұр-Сұлтан аталуы да бүгінде тарихтың жаңа бір жарқын бетіне айналып отыр.

Амандық РАХҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

11:10
497

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020