Үйтас–Айдос жобасының іске асырылу барысын бақылады

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласын сапалы жер асты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған Үйтас–Айдос жобасының іске асырылу барысын бақылады.
Қазіргі таңда жоба аясында жер асты суын өндіруге арналған ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, Үйтас жер асты су кен орнында 7, ал Айдос кен орнында 11 ұңғыма бұрғыланады. Ұңғымалардың тереңдігі 100–120 метрді құрайды. Сонымен қатар, ұңғымалардан көтергіш сорғы станциясына дейінгі құбыр тарту жұмыстары толық аяқталған.
Нысанда болған облыс әкімі жобаны қаржыландыру мәселесі туындамайтынын атап өтіп, басты мақсат – барлық жұмыстың сапалы орындалуы мен жобаның нәтижелі жүзеге асырылуы екенін айтты. Сондай-ақ мердігер ұйымдарға құрылыс-монтаж жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жоғары сапамен әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
«Үйтас–Айдос жобасы – Мемлекет басшысының тікелей бақылауындағы, Жезқазған халқының ұзақ жылдан бергі күткен маңызды жобасы. Сондықтан бұл жерде сапаға да, мерзімге де қатысты ешқандай кемшілік болмауы тиіс. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз», – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Үйтас–Айдос жобасын 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба іске қосылғаннан кейін Жезқазған қаласының тұрғындары тұрақты түрде сапалы жер асты ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл жоба өңірдің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және қаланың сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

16:46
11

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020