Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Қарсақбай кентіне арнайы барып, оңтүстік өңірден қоныс аударған Тастанбековтер отбасымен кездесті. Өңір басшысы олардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесін көрді.
Тастанбековтер отбасы биылғы жылдың наурыз айында Түркістан облысынан Ұлытау облысына ерікті түрде қоныс аударған. Мемлекеттік ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында көтермеақы мен көшуге берілетін қолдауды алып, жалпы көлемі 7 миллион теңге көлеміндегі қаржылай қолдауға ие болған. Соның нәтижесінде Қарсақбай кентінен төрт бөлмелі жеке баспана сатып алды.
Бүгінде отбасы бес бала тәрбиелеп отыр. Отағасы жергілікті спорт мектебінде қызмет етсе, жұбайы балабақшада еңбек етеді. Алдағы уақытта өз кәсібін бастап, Қарсақбай кентінде наубайхана ашуды жоспарлап отыр.
Кездесу барысында облыс әкімі қоныс аударған отбасыға ізгі тілегін білдіріп, өңірдің дамуына қосып жатқан үлестеріне ризашылығын жеткізді.
– Ұлытау өңіріне қоныс аударып, еңбек етіп, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестеріңізді қосып жатқандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Ұрпақтарыңыз көбейіп, өсіп-өнсін. Біз өңірге қоныс аударған әрбір азаматқа жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Сіздер сияқты еңбекқор отбасылар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенемін, – деді облыс әкімі Дастан Рыспеков.