Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіліп, ол жаңа халықтық Конституцияның алғашқы практикалық жүзеге асырылған маңызды бастамаларының біріне айналды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың азаматтарға деген қамқорлығының көрінісі болған бұл бастама жүздеген мың адамға мемлекеттің нақты қолдауын сезінуге мүмкіндік берді.
Бір айға жетпейтін уақыт ішінде 681,7 мың азаматқа қатысты 1,3 млн әкімшілік іс бойынша әкімшілік жазаларды орындау тоқтатылды. Жалпы сомасы 22,8 млрд теңгені құрайтын айыппұлдар кешірілді. Рақымшылық ӘҚБтК–нің 380-нен астам бабын қамтыды. Оның ішінде салық, кеден, санитариялық, экологиялық құқық бұзушылықтар, кәсіпкерлік, сауда саласындағы және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар бар.
Олардың қатарында полиция, мемлекеттік кірістер, экология, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және өзге де мемлекеттік органдар анықтаған, әкімшілік қамаққа алуды көздемейтін әрі рақымшылыққа жатпайтын құқық бұзушылықтар санатына кірмейтін көптеген құқық бұзушылықтар қамтылды.
Прокуратура органдарының толық цифрлық дайындығының және барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының арқасында рақымшылық бір айға жетпейтін мерзімде іске асырылды. Азаматтардан ешқандай өтініш талап етілген жоқ, олар мемлекеттік органдарды араламады, құжат жинамады және өзге де бюрократиялық рәсімдерден өтпеді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің тоқтатылғаны жөнінде азаматтар СМС-хабарлама арқылы хабардар етілді.
Басты қағида өзгеріссіз қалды: рақымшылық жасауға құқығы бар әрбір азамат оны міндетті түрде алуға тиіс, ал заң талаптарына сәйкес келмейтін ешкім бұл мүмкіндікті пайдаланбауы қажет.
Атқарылған жұмыс заманауи цифрлық технологиялардың мемлекеттік басқаруды анағұрлым тиімді етіп қана қоймай, азаматтарды артық бюрократиялық рәсімдерден босатуға қабілетті екенін көрсетті.
Әділдік, қоғамның мемлекетке деген сенімі және «Заң мен Тәртіп» қағидаты дәл осылай нығаяды.
Берік Асылов,
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры.