​ҚАЛА БИЛІГІ ҚАМСЫЗ ОТЫРҒАН ЖОҚ

Талайдың өмірін жалмап жатқан COVID-19 күн өткен сайын қарқын алмаса, тоқтамақ емес. Бүгінде көпшілік сағат сайын жаңартылып отырған статистикалық мәліметтерге қарағысы жоқ. Өйткені – қорқынышты. Сары уайымға салынып, дәрі-дәрмек іздеп дәріханалардың табалдырығын тоздырған Жезқазған жұртшылығын қала әкімі Қайрат Бегімов «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында сабырға шақырып, біздегі ахуал бақылауда екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол науқастарды стационарда емдейтін орын мен дәрі-дәрмектің де жеткілікті екенін айтты.

Бүгінгі таңда ауыр індетке шалдыққан науқастарды емдеп, медициналық көмек көрсету үшін Жезқазған қаласындағы көпбейінді аурухана базасында 350 орындық провизорлық бөлімше, сондай-ақ Сәтбаев қаласында барлығы 190 науқасты қамти алатын үш стационар жұмыс жасап тұр. Осылайша, қазір бізде 540 орын бар. Қазірдің өзінде көпбейінді ауруханадағы провизорлық бөлімшеде 274 адам ем қабылдауда. Яғни, науқастардың ешқайсысы орынсыз да, ем-домсыз да қалмақ емес.

Онымен қоса, стационарда 20 орынға шақталған балалар-жасөспірімдер бөлімін ашу мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ, көпбейінді аурухананың жанындағы жұқпалы аурулар корпусын қазан-қараша айында іске қосу жоспарланып отыр. Онда 54 науқасқа орын дайындалмақ. Дертке шалдыққандар санының күрт өсуі Жезқазған университетінің Байқоңыров көшесінде орналасқан жатақханасында 300 төсек-орынға шақталған инфекциялық госпиталь ашу туралы шешім қабылдауға негіз болды. Балаларының өміріне алаңдаушылық білдіріп, дабыл қаққан ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп басталды. Аталған госпитальда жұқпалы аурулар ауруханасына қойылатын және карантин режимінің барлық талаптары қатаң сақталады және тәртіп сақшыларымен күзетіледі. Аталған сақтық шаралары вирустың маңайға жайылу қаупінен сақтамақ.

ЖезУ жатақханасында 7 шілдеден бастап іске қосылған госпитальде қалалық емхананың медициналық қызметкерлері науқастарға көмек көрсетуде. Бір күннің ішінде провизорлық орталықтан сынамасы COVID-19 деп расталған 20 науқас аталған госпитальге орналастырылды. Оларға қажетті дәрі-дәрмек пен залалсыздандыру құралдары жеткілікті көлемде «СК-Фармация» ЖШС-дан күнбе-күн жеткізілуде. Антивирустық препараттар мен витаминдер, антибиотиктер мен антисептикалық дәрі-дәрмектерді көмек ретінде Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы да беріп жатқан көрінеді. Апта басынан медицина қызметкерлеріне қажетті көп қолдануға жарамды 600, бір рет қолдануға жарамды 1000 дана арнайы костюм жеткізілген. Олардың бәрі көпбейінді аурухананың қоймасында сақтаулы.

Ертеректе COVID-19 коронавирустық инфекциясын анықтайтын сынамалар Қарағанды қаласына жөнелтіліп, зерттелетін болса, қазір жағдай оңалды. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС қаржылай қолдауымен медициналық орталықтың базасында ашылған полимеразды тізбектіреакциязертханасының науқастардың өмірін сақтап қалуға қосып жатқан үлесі зор. Небәрі төрт сағаттың ішінде дәрігер көмегіне жүгінген тұрғынның қауіпті дертке шалдыққан не шалдықпағаны анықталып, дәрігерлер тарапынан дереу ем-дом жасалады. Бұл зертхананың қуаты күніне 270-280 сынаманы талдауға қауқарлы.

Бүгінде денсаулық сақтау жүйесіне түскен жауапкершіліктің жүгі ауыр. Қауырт режимде жұмыс жасап жатқан дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметіне оңай соқпай жатқаны да анық. Отандық медицинаның кемшің әрі осал тұстары белгілі болды. «Көш жүре түзеледі» демекші олқылықтардың орнын толтыру бойынша нақты шаралар да қабылданып жатыр. Мысалы, Жезқазғанда консультативтік-диагностикалық орталығында компьютерлік томографияның жаңа аппаратын орнату және қосымша ИВЛ-аппараттарды, КШС-аппараттарды сатып алу қолға алнатын болды. Оттегі концентраторларын жеткізуге де өтінімдер беріліпті. Мамандар тапшылығын жою бойынша да нақты шаралардың легі қабылданған.

«Қазіргі уақытта медициналық мекемелер мен стационарлар антибактериалды және вирусқа қарсы препараттармен, сондай-ақ басқа да дәрілік препараттармен 95% қамтамасыз етілген» деп мәлімдеме жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің мамандары жезқазғандықтарды карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Сонда ғана біз өзіміздің ғана емес өзгенің де өмірін аман алып қала аламыз. Әрқайсымызға жауапкершілік те қажет-ақ...

Диана ОРАЗАЛИНА

11:00
769

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020