Арман ҚОЖАХМЕТОВ: АШЫҚТЫҚ САПАЛЫ ДИАЛОГТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Жезқазғанға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов «Nur Otan» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысовпен бірге партия активімен кездесті.

Сөз басында жиналғандарға 2020 жылдың жеңісті де жемісті жыл болуын тілеген мәжілісмен жаңа жылда орын алған өзгерістерге кеңінен тоқталды.

– 1999 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Nur Otan» партиясы саяси жұмыс әдістерімен азаматтық қоғамның дамыған институттары, қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті саяси жүйесі бар экономикалық мықты, демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құруға қол жеткізді. 20 жыл ішінде бас партия еліміздің саяси жай-күйінің тірегі мен символына айналып қана қоймай, миллионға жуық қазақстандықты мүшелікке қабылдады. Күн санап партияны қолдаушылардың саны артып келеді. Мәңгілік Елдің болашаққа жол сілтер темірқазығына айналған партия өз ісіне мығым, білгір көшбасшылардың арқасында әлемдегі алдыңғы қатардағы озық отыз елдің қатарына енері сөзсіз. Бұл жолда сіздердің де қолдауларыңыз бен еңбектеріңіз айрықша мәнге ие, – деді ол.

5 қаңтардан бері Қарағанды облысы аймақтарына сапарлаған Арман Қожахметов биылғы бюджет көлемінің былтырғыға қарағанда екі есеге көбейгенін жеткізді.

Жезқазғандық жұртшылықты алаңдататын басты мәселелердің бірі – Жезқазған-Қызылорда бағытындағы жол қатынасы. 400 шақырымды қамтитын жол бағыты аз-кем жөнделгенімен, әлі де болса көңіл көншітпейтіні ақиқат. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап арнайы жөндеу жұмыстары ұйымдастырылатынын жеткізді депутат.

Сондай-ақ, Арман Қожахметов жезқазғандықтарды шағын және орта бизнеспен айналысуға шақырды. Жаңа заңнамаға сай аталмыш бизнес түрлерімен айналысатын жас кәсіпкерлер үш жыл салықтан босатылып, кәсіпкерлік субъектлерді үш жылға дейін бейберекет тексеріспен мазалауға тыйым салынғандығын жеткізді.

Мәжіліс депутаты толығырақ түсіндірген жаңа заңнама көптен бері мұғалімдер қауымын алаңға салған «Педагог мәртебесі туралы» Заң болды.

– Заң жобасында ұстаздарды қуантар басты мәселенің бірі – олардың жалақыларының 25 пайызға артуы. Сонымен қатар, жалақы мөлшерін төрт жыл ішінде тағы да екі есе арттыру да қолға алынуда. Сондай-ақ, мұғалімдер қауымы өз міндетіне кірмейтін жұмыстардан босатылады. Пән мұғалімдері дәптер тексергендігі үшін де қосымша ақы алады. Тәлімгерлік үшін — 1 базалық лауазымдық жалақы, яғни 17 мың теңге төленеді. Ал, педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы енгізіледі. Сондай-ақ, магистрлік білімдері бар педагогтерге 10 АЕК, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы үшін педагогтерге 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы да қарастырылған. Мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына білік санаты үшін жалақы көлемі артып, барша педагогтер қауымының еңбек демалысы қырық екі күннен, елу алты күнге ұзартылды. Жаңа жылда тек ұстаздар қауымының ғана емес, мәдениет саласы қызметкерлерінің де жалақысы отыз пайыз бен елу пайыз аралығында жоғарыламақшы. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбек табыстары да отыз пайыз бен алпыс пайыз аралығында өседі. Еңбекақы мөлшерінің артуы әскер сала қызметкерлері арасында да жүзеге асады, – деді тұрғындарға сүйінші хабарды толығырақ баяндаған ол.

– Өткен жылдан бастап Жезқазған қаласында көп жылдан бері тоқтап қалған қала құрылысының жанданғандығынан хабардар болдым. Осынау қуанышты жағдаймен барша тұрғындардың қуанышына ортақпын. Ипотекалық заемдарын екінші деңгейлі банктерден алып, Ұлттық банктің қолдауымен жүзеге асып отырған «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының да іске қосылуы қала тұрғындарын көптен күткен баспанамен қамтамасыз етуге зор септігін тигізіп отыр. Ендігі кезек күттірмейтін мәселелелердің бір парасы – Жезқазған қаласындағы апаттық жағдайдағы 25 үй тұрығындарын да ыңғайлы баспанамен қамтамасыз ету,- деді ол.

– Билік халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевта: «Халық әрдайым жергілікті билік органдарына жүгіне алуы керек. Бұл аксиома, бірақ шынайы өмірімізде олай болмай тұр. Мен пилоттық жоба ретінде жергілікті билік органдарының тиімділігін бағалау жүйесін енгізуге болады деп санаймын. Мәселен, егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30%-дан астамы қала немесе ауыл әкімінің қызметін тиімсіз деп санаса, бұл Президент әкімшілігінің мәселені зерделеу үшін арнайы ұсыныс жасайтын комиссия құруға негіз болады» деп атап өткен болатын. Осыған сай енді әкімдерге халық өз бағасын беретін болады. Тұрғындармен байланысты нығайту мақсатында барлық билік өкілдері әлеуметтік желілерде өз аккаунттарын ашты. Сол арқылы тұрғындармен еркін диалог алаңын құруға болады. Қазіргі таңда, Парламенттің кез келген жиыны онлайн түрде өтеді, – деп толықтырды ол өз сөзін.

Сонымен қатар, бұдан былай жоғары оқу орындары өз білім бағдарламаларын өздері құрып, әрбір университет өзіндік атаулы дипломдарын береді. Бұл өз кезегінде жоғары білім беру саласындағы бәсекелестікті арттыратындығын да жеткізді.

Арман Қожахметовтің Жезқазғандағы жұмысы одан әрі «Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалында жалғасты. Мәжіліс депутатымен кездесуге үш жезқазғандық тұрғын келді. Депутатқа келген алғашқы тұрғынды алаңдатқан жайт – ІІІ топтағы мүгедектігіне байланысты жұмысқа орналаса алмауы болды. 2019 жылдың 17 сәуірінен бастап бастапқы ашықбұрышты глаукома диагнозы арқылы ІІІ топтағы мүгедек болып тіркеуге енген ол комиссия шешімімен келіспейтіндігін білдірді. Ал келесі тұрғын Чернобыль ардагері «Ардагерлер туралы» Заңның кей тұстарына келіспейтіндігін білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ, келесі тұрғын, зейнеткер қаладағы ауыз су және есептеу тарифі тұрғындар талабына сай еместігін айта келе, мемлекет тарапынан осы мәселелерге шешім сұрады. Тұрғындарды алаңдатқан мәселелермен танысқан мәжіліс депутаты аталған өтініштер мен ұсыныстар ескерусіз қалмайтындығын алға тартты.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

19:23
708

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020