«Біздің үйіміздың сырты азып-тозып тұрған. Екі аптадан бері жұмыскерлер келіп, қабырғадағы жырықтарды бітеп, осы аптаның басында сырлау жұмыстарын бастады. Көріп тұрғандарыңыздай өңі кіріп қалды. Түсі қандай қанық»,- деп қуанышын жасыра алмаған Әсем есімді Мир даңғылындағы 30-үйдің тұрғыны жөндеу жұмыстары мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқанын білмепті. «Жөндеу жұмыстары үшін тұрғындар қаржы төлемей ме сонда?» деп таңырқай қараған көп балалы ананың ризашылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес енді.
Шыныда, іргетасы 1960 жылдары қаланған үйдің түсі қашқанын былай қойғанда, қабырғалары арасындағы сылақтары түскенін көзіміз көріп жүрді. Әрине, бұл жағдай пәтерлердегі жылуға да әсер етпей қоймайтыны белгілі. Қазір көпқабатты тұрғын үйдің іргелеріндегі жырықтарды цементпен бітеу қызмет түрін ұсынып жүргендердің ақысы кем дегенде 10 мың теңгеден басталды. Осы тұрғыдан қарағанда мемлекеттік бағдарламаның тұрғындарға тигізген пайдасы мол.
Жалпы Жезқазғанда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 58 көп қабатты үйдің қасбетін бірдей түске боялып, бірыңғай сәулеттік келбетке ие болады. Сонымен қатар, тозығы жеткен үй шатырларына да көңіл бөлініп жатқанын айта кету керек. Екі қабатты 49 үйдің қасбеті жаңаланып, төбесі жөнделеді. Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты Сәтбаев, Қаражар (бұрынғы Балхаш), Холмецский көшелері мен Мир даңғылындағы тұрғын үйлерге тимек. Бұл мақсатқа 320 млн теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін аяқталатын жөндеу жұмыстарына жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген 40 тұрғынды жұмылдыру көзделіп отыр.
Естеріңізге сала кетсек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында қабылданған.
Диана ОРАЗАЛИНА