Жезқазған қаласында республикалық, облыстық және қалалық бюджет қаражаты есебінен салынған Алашахан даңғылы, 34С мекенжайындағы 90 пәтерлі несиелік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталды.
Қазіргі уақытта нысанның техникалық құжаттарын рәсімдеу және мемлекеттік тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Тіркеу рәсімдері аяқталғаннан кейін тұрғын үй «Жезқазған қаласының тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне беріледі.
Одан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес пәтерлерді бөлу және сату рәсімдері жүзеге асырылады. Баспаналар «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтар мен банк салымшыларына несиелік бағдарлама аясында ұсынылады.
Жаңа тұрғын үйде барлығы 90 пәтер қарастырылған:
1 бөлмелі – 30 пәтер;
2 бөлмелі – 30 пәтер;
3 бөлмелі – 30 пәтер.
Ғимарат 4, 5 және 6 қабаттан тұрады. Жалпы ауданы – 8 811,99 шаршы метр, оның ішінде пәтерлердің жалпы ауданы 5 383,81 шаршы метрді құрайды.
Бұл жоба Жезқазған тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Құжаттарды рәсімдеу аяқталғаннан кейін пәтерлерді бөлу және сату жөніндегі қосымша ақпарат ресми түрде жарияланатын болады.