Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтуде.
ҚР Президенті Қ.ТОҚАЕВ жиынды ашып: «Бүгін біз коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шараларға қатысты мәселелерді қараймыз. Сонымен қатар, биылғы бірінші жартыжылдықтағы Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылаймыз», - деді.
Сондай-ақ, Президент дағдарысқа қарсы қолға алынған «Жұмыспен қамту жол картасының» орындалысын сынға алды.
«Біз «Жұмыспен қамту жол картасын» қабылдадық. Оны жүзеге асыру үшін 1 трлн теңге қаржы бөлдік. Бірақ жоспарда көрсетілгендей 255 мың емес, 150 мыңға жуық адам ғана жұмысқа орналасты. Жобалардың дені, негізінен, жөндеу жұмыстарына бағытталған. Жобалардың 6 пайызында ғана тұрақты жұмыс орны қарастырылған. Оның өзінде мемлекеттік секторларда, яғни мектептер мен ауруханаларда. Мұндай жұмыс мені қатты алаңдатады. Үкімет әкімдермен бірлесіп, шұғыл түрде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге кірісуі керек», — деді Мемлекет басшысы.