9 тамыз – Құрылысшы күні
Аман ДАУЛБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті құрылысшысы:
«Құрылыс – ұрпаққа қалатын ізгі мұра»
Құрылысшы – уақытпен үндесіп, тарихпен бірге жасайтын мамандық. Олар тұрғызған әрбір ғимарат, салған әрбір нысан елдің дамуы мен өркендеуінің айғағына айналады. Осы құрылысшы күні қарсаңында біз Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы Даулбаев Аман Шабағанұлымен сұхбаттасқан едік.
– Аман Шабағанұлы, алдымен өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Құрылыс саласына қалай келдіңіз?
– Мен, Даулбаев Аман Шабағанұлы, 1955 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келдім. 1972 жылы мектепті тәмамдап, Қарағанды қаласындағы Еңбек Қызыл Ту орденді политехникалық институтының құрылыс-инженерлік факультетіне оқуға түстім. 1977 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң, еңбек жолымды Ақтөбе облысының құрылыс саласында бастадым. Прорабтан бастап бөлім инженері, кейін мекеме басшысына дейінгі қызмет сатыларынан өттім. Осы жылдар ішінде құрылыс ісінің қыр-сырын меңгеріп, талай тәжірибе жинақтадым.
– Еңбек жолыңыздағы ірі құрылыс нысандары туралы айтып берсеңіз.
– 1998 жылдан бастап «Қазақмыс» корпорациясында еңбек еттім. Осы кезеңде «Жомарт» кенішінің құрылысына, Балқаш қаласындағы мырыш зауытының нысандарына, Нұрқазған кенішіндегі жерасты гаражы мен әкімшілік-тұрмыстық корпус құрылысына, сондай-ақ Сәтбаев қаласындағы мұз айдыны бар спорт кешенінің салынуына өз үлесімді қостым.
2008 жылдан бастап шетелдік компаниялармен бірлескен жобаларда қызмет атқардым. Хромтаудағы Донской кен-байыту комбинатында, Ақтаудағы мұнай өндіру станциясының құрылысында, Түркістан өңіріндегі Төртқұдық елді мекеніндегі өндірістік нысанды кеңейту жобасында, Балқаштағы мыс зауытының құрылысында жұмыс істедім.
2016 жылдан бері Сәтбаев қаласының 6 және 8 шағынаудандарындағы тұрғын үйлердің құрылысына қатыстым. Ал 2020 жылдан бастап Жезқазған қаласындағы Алаша хан көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысында еңбек етіп келемін.
– Еңбегіңіз елеусіз қалған жоқ. Мемлекеттік марапаттарыңыз жайында айтып өтсеңіз.
– Әрине, кез келген марапат – көп жылғы адал еңбектің бағалануы. 2022 жылы Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатына ие болдым. Ал 2023 жылы маған «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» төсбелгісі табысталды. Бұл марапаттарды өзім ғана емес, бірге еңбек еткен әріптестерімнің ортақ жетістігі деп есептеймін.
– Құрылысшы мамандығының ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Құрылысшы – елдің дамуына тікелей үлес қосатын мамандық иесі. Біз салған мектепте балалар білім алады, ауруханада адамдар емделеді, тұрғын үйлерде мыңдаған отбасы бақытты өмір сүреді. Сондықтан құрылыс – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін сала. Әрбір нысан сапалы әрі қауіпсіз болуы тиіс.
– Құрылысшы күніне орай әріптестеріңізге айтар тілегіңіз?
– Барша Қазақстан құрылысшыларын кәсіби мерекелері – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әсіресе Ұлытау облысында еңбек етіп жүрген әріптестеріме ерекше алғысымды білдіремін. Өңіріміздің көркеюіне, жаңа тұрғын үйлердің, әлеуметтік және өндірістік нысандардың бой көтеруіне қосып жүрген еңбектеріңіз зор. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Еңбектеріңіз әрдайым ел игілігіне қызмет етіп, жаңа жетістіктерге жол ашсын. Ұлытау өңірі гүлденіп, Қазақстанымыздың әр қаласы мен ауылында сәулетті ғимараттар көбейе берсін!
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.