ҚР Премьер-Министрінің келісімімен Ерхат Есқалиев «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында МӘМС қоры мен «СҚ Фармация» басшыларын жұмыстан шығаруды тапсырған болатын.
«Туындаған қиындыққа кінәлілердің бәріне қатысты тергеу жүргізу керек. Жауапкершілікке тартқан дұрыс. МӘМС қоры мен «СҚ Фармация» басшылары жұмыстан шығарылсын. Керек болса тергеу жүргізген жөн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 10 шілдедегі бұйрығымен берілген өтініш негізінде және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің келісімі бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС-ның Басқарма төрағасы Берік Шәріп қызметінен босатылды.
Ерхат Серікұлы 1976 жылы Алматы қаласында туған. «Братьев Карич» университетінің Банк ісі және сауда академиясын, «Әділет» жоғары құқық мектебін, Халықаралық бизнес академиясын, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Халықаралық бизнес мектебін бітірген.
1999 жылдан 2003 жыл аралығында Атырау облысы әкімдігінің, Мемлекеттік кіріс министрлігінің, Қаржы министрлігінің, «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының құрылымында жұмыс істеді.
2003-2006 жж. — «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарушы директоры. 2006 жылдан 2008 жыл аралығында «ҚДБ-ЛИЗИНГ» АҚ басқарма төрағасы болды.
2008-2009 жж. — «ҚАЗТЕМІРТРАНС» президенті.
2009 жылдан 2010 жыл аралығында — ҚР Индустрия және сауда министрлігінің вице-министрі. 2010-2011 жж. — «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ президент кеңесшісі.
2011 жылдан 2013 жыл аралығында — «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ логистика жөніндегі вице-президенті.
2013-2015 жж. — «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік одағы» ЗТБ бас директоры.
2015 жылдан 2016 жыл аралығында «Біріккен көлік-логистикалық компания» ААҚ бірінші вице-президенті болып еңбек етті.
2016-2018 жж. — «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Көлік және логистика» салалық дирекциясының директоры».
2018 жылдың мамыр айынан қазіргі уақытқа дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Көлік логистикасы ішкі комитетінің төрағасы қызметін атқарды.