Қаламыздағы «Kinoplexx Zhezkazgan» кинотеатрында Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған республикалық деректі кино апталығы өтті.
Президент Телерадиокешені отыз жыл бойы тәуелсіз Қазақстанның шежіресін үздіксіз жазып келеді. Оның назарында ел өміріндегі маңызды оқиғалар, мемлекеттік реформалар мен ауқымды өзгерістер, халықаралық бастамалар, еңбек адамдарының тағдыры мен жетістіктері, сондай-ақ халықтың тұрмыс-тіршілігі мен қоғамның тыныс-тіршілігі көрініс табады.
Апталық аясындағы іс-шараның алғы сөзі Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешені Деректі кино орталығының аға-редакторы Эльмира Ишмухаметоваға берілді.
Кейін сөз кезегін алған Ұлытау облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ербол Күмісходжаев пен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
20 мамыр күні Астанадан бастау алған республикалық деректі кино апталығы еліміздің оңтүстік өңірлерінде, одан кейін маусым айында батыс аймақта, шілде айында шығыс аймағында жалғасын тапты. Енді міне, Ұлытау өңірінде, Жезқазғанда өтті.
Жезқазған қаласында екі күнге созылған кино апталық аясында Деректі кино орталығы әзірлеген төрт деректі фильм ұсынылды. Кинотеатрға алғашқы күні жиналған көрермендер «ARAL» деректі фильм-портреті мен «ҚУАТТЫ СЕРІКТЕС» деректі фильмін тамашалады. Келесі күні көрермендер «ЖОЛБАРЫС: ИЗ ТАЙГИ В СТЕПЬ» және «СЕРТ» деректі фильмдерін көрді.
Осы деректі фильмдерге аз-кем тоқтала кетсек:
«ARAL» деректі фильм-портреті – өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын Арал теңізіндегі балық шаруашылығына арнаған Күнтуған Тұрғынбаев туралы;
«ҚУАТТЫ СЕРІКТЕС» деректі фильмі – Мемлекет басшысының Жапонияға сапары жайында;
«ЖОЛБАРЫС: ИЗ ТАЙГИ В СТЕПЬ» деректі фильмі – Қазақстанға Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру және Іле-Балқаш резерватына әкелінген Амур жолбарыстары жөнінде;
«СЕРТ» деректі фильмі – 2024 жылдың көктемінде Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында болған алапат су тасқынын көрген адамдардың әсерлі оқиғалары туралы.
Айта кетейік, одан әрі эстафетаны Қарағанды облысы қабылдайды. Жоба қыркүйек айына дейін жалғасып, еліміздің 20 қаласын қамтиды.
Жоғары дәрежеде түсірілген деректі фильмдер көптің көңілінен шықты.