​ДӘРІ-ДӘРМЕК ДҮРБЕЛЕҢІ: Жезқазғанда ахуал оңала бастады

Өткен аптада жалғыз Жезқазған емес, бүкіл ел аумағында дәріханаларда дәрі жетіспеушілігі туындағанын білеміз. Пневмониямен науқастанушылар санының күрт артуына байланысты үйден ем қабылдаушылардың дәріханаға ағылуы, бас кезінде бір қолға берілетін дәрінің шектеусіз сатылуы осындай күрделі жағдайдың негізгі себебі болғаны рас. Алайда, өткен жұмадан бастап қала дәріханаларына сұранысқа ие дәрі-дәрмектер түсе бастады.

Мәселені бақылауына алған қала басшысы Қайрат Бегімов те кеше бірқатар дәріханаларға арнайы барып, дәріхана қызметкерлерімен, дәрі іздеген қала тұрғындарымен тілдесті. Бағаны негізсіз өсіру мен қолдан тапшылық туғызу жағдайларын болдырмау үшін қалада БАҚ қызметкерлерінің қатысуымен 2 мобильді топ құрылып, рейдтік шаралар да өткізуде.

Қалада барлығы 21 дәріхана жұмыс істейді. Ол дәріханаларға негізінен «Аманат» ЖШС, «Inkar» ЖШС, «Стофарм» ЖШС, «Эмите» ЖШС, «Медсервис+» ЖШС сынды фирмалар дәрі жеткізумен айналысады. Сонымен, 14 шілде күні де Жезқазғанға кезекті дәрі-дәрмек партиясы жеткізіліп, дәріханаларға таратылды. «Inkar», «Аманат» фирмаларынан қала дәріханаларына мынадай дәрі–дәрмектер жеткізілді:

— Парацетамол — 11300 дана (пластиналар);

— Ацетилсалицил қышқылы (аспирин) –18250 дана (пластиналар);

— Цефазолин – Акос (ампула, 1г) – 9050 дана;

— Ротацеф (цефтриаксон, ампула,1г) – 180 дана;

— Амоксиклав – 122 дана (пластиналар).

Сонымен бірге, тамифлю, римантадин, кардиомагнил және т. б. бар.Біз тілдескен «Здоровье+» дәріханасының директоры Любовь Кулдашина таңертеңнен дәрі-дәрмек келе бастағанын, түсте тағы кезекті партия келетінін айтады.

-Қазір «Inkar», «Аманат» фирмалары әкеліп жатыр. Бүгін келетін дәрілердің ішінде аспирин, парацетамол сияқты дәрілер де бар. Антибиотиктерді тек дәрігердің рецептісімен береміз. Аспирин, парацетамолды бір адамға тек 2 данадан сатамыз. Осы ретте азаматтарды сабырлық сақтауға, бір-біріне құрмет танытып, дүрбелең жасамауға шақырамын, — дейді ол. 

16:16
238

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020