​Жезқазғандықтар – ел болашағына өз таңдауын жасады!

23 тамыз – Құрылтай сайлауы күні Жезқазған қаласында тұрғындардың азаматтық белсенділігі жоғары болды. Қаладағы сайлау учаскелерінде түрлі сала өкілдері, еңбек адамдары, спортшылар, жастар мен аға буын өкілдері өз таңдауын жасап, ел өміріндегі маңызды қоғамдық науқанға белсене қатысты.

Сайлау күні ақ жаулықты әжелер сайлау учаскесіне келіп, тұрғындарға ақ батасын беріп, шашу шашты. Аналар кеңесінің әжелері ұлттық киіммен келіп, елдің амандығын, халықтың бірлігі мен әр шаңыраққа береке тіледі. Бұл – ұлттық дәстүр мен азаматтық белсенділіктің әдемі үйлесімі болды.

Жас жұбайлар да №12 сайлау учаскесіне бірге келіп, ел болашағына ортақ таңдау жасады. Отбасылық өмірге жаңа қадам басқан жастардың сайлауға қатысуы азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті.

Жезқазғанның спортшылары да сайлаудан шет қалмады. Самбодан жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Дінисламов Дінмұхаммед Даниярұлы, байдарка мен каноэде ескек есуден жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ударцев Глеб Сергеевич, сондай-ақ Береке Көшенов, Ғалым Мухамедин, Ғазиз Штанбаев сынды қала спортының дамуына үлес қосып жүрген азаматтар өз таңдауын жасады.

Еңбек адамдары да азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті. Жезқазғандағы №10 сайлау учаскесінде металлургтер әулеті – Доспановтар отбасы дауыс берді. Доспанов Абдрашит Қойшыбекұлы мыс қорыту зауытының балқыту цехында 42 жыл еңбек етсе, жұбайы Доспанова Бибігүл Мұхамедқалиқызы білім саласында 32 жыл еңбек етіп, №10 мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.

Сонымен қатар №19 сайлау учаскесінде «Қазақмыс» ЖШС өнеркәсіптік алаңының қызметкерлері, №4 учаскеде ФК «Ұлытау» ойыншылары мен күнделікті қызметін атқарып жүрген курьерлер де дауыс беріп, азаматтық таңдауын білдірді.

Сайлау күні Жезқазғанда ерекше сәттер де көп болды. Тұрғындардың көңіл-күйін көтерген Бэтмен мен Өрмекші адам кейіпкерлері де сайлау учаскесіне келіп, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал иллюзионист үшін сиқыр сахнада қалды – ол да сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.

Туған күнін сайлаумен ұштастырған Жезқазған тұрғыны да ерекше назарға ие болды. Ол туған күнінде дауыс беріп, арнайы сыйлыққа ие болды. 

№30 сайлау учаскесінде «Бейбітшілік бесігі – Қазақстан» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге еліміздің тарихы, мәдениеті мен рухани құндылықтарын дәріптейтін әдебиеттер ұсынылды. 

Ал қала тұрғындары «Мен дауыс бердім!» челленджіне қатысып, өз таңдауын жасағанын көрсетті. Жезқазғандағы сайлау учаскелерінде тұрғындардың белсенділігі жоғары болып, ел болашағына деген азаматтық ұстанымын білдірген жандардың қарасы қалың болды.

Еңбек адамы, спортшы, жас отбасы, аға буын, жастар – барлығының таңдауы ел болашағымен сабақтас.

Жезқазғандықтар белсенділік танытып, азаматтық борышын орындады. Әр таңдау – ел болашағына деген жауапкершілік! 

21:04
15

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020