ВОЛОНТЕРЛІК және ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ДӘСТҮРІ

2020 жылды Волонтер жылы деп жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Қазақстан Республикасының Үкіметі Волонтер жылын өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдасын. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін» деген болатын өз Жарлығында. Жастар жылын оңтайлы жалғастырған Президентіміздің бастамасын ел жастары да қостап, қолдау білдірді. Газетіміздің 2020 жылғы алғашқы санында біз де сіздерге осынау «волонтер» ұғымы жайлы кеңірек мәлімет бергенді жөн көрдік.

Латын тілінен аударғанда «voluntarius» өз еркімен деген мағынаны білдіреді. Аталмыш ұғымның шығуын тарихшы ғалымдар 1792 жылғы Ұлы француз төңкерісіне дейін құрамын жалдамалы әскерлер құраған француздық жасақтардың жойылуымен байланыстырады. Уақыт өте Франция шекарасына Австрия әскерінің жақындап, сыртқы қауіп-қатердің арта түсуінен өз отандарын қорғауға ниетті француздар пайда болды. Осы тұста олар өз еріктерімен майдан қатарына алынған шаруалар мен жұмысшылар өздерін волонтерлар деп атап кетеді. Бір қызығы, бұл әскерлер, яғни, волонтерлар өздеріне жетекшілік ететін әскери қолбасшыны өздері таңдап алған. Қолбасшыларының жұмысы көңіл көншітпеген жағдайда, оны қызметінен қуып отырған. Әскерлерді өз еріктерімен жасақтау әдісі кейіннен Испания, Италия, Ұлыбритания, Австрия және Венгрия мемлекеттерінде де жалғасын табады. Осылай халық арасынан ерікті әскер жасақтау Ұлыбританияда Бірінші Дүниежүзілік соғысқа дейін орын алған. Кейіннен «волонтер» ұғымы әскери термин қатарынан жылыстай түседі.

«Ерікті әскер» мағынасын жойған бұл ұғым қазіргі таңда көпшілікке «Өз еркімен түрлі қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысушы, қиындықта қол ұшын созушы» мәнінде жете таныс. Волонтер ұғымы қазаққа батыстық өркениетпен келді десек оңбай қателескен болар едік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көппен көрген ұлы той», «Торқалы той, топырақты өлім», «Жас келсе іске, кәрі келсе асқа», «Үмеге келген үндемей қалмайды» «У ішсең де, руыңмен іш» деген мақал-мәтелдер әрбір қазаққа таныс екені ақиқат. Осынау тағылымды сөздерімен жастайынан сусындап өскен қай қазақ баласы болсын жаялығы құрғап, есін білген жасқа келгеннен бастап-ақ жан-жағына жанашырлықпен қарап үйренген. Жақсылықтан құр алақан емес қазақ баласы қашаннан да қолында барын қайырымдылыққа жұмсап, көмекке мұқтаж жанға жақсылық жасауға тырысқан. Волонтерліктің шығу тарихы XVI ғасырларда батыс елдерінде орын алған саяси өзгерістерге байланысты ғана қалыптасты деу үлкен қателік болар еді. Себебі, волонтерлік алғашқы болып сонау көшпенділер дәуіріндегі далалық мәдениетте тамырын жайды. Бұл сөзімізге негіз де жоқ емес.

Бұған қазақ халқында сонау бағзыдан келе жатқан «Асар», «Жылу жинау» дәстүрлері нақты мысал бола алады. Ия, қазіргі таңда ел ішінде бұл дәстүрлерді жиі құлағымыз шала бермейтіні белгілі. Соған қарамастан тарих қойнауында қалып қоймай, бүгінге дейін мән-мағынасынан айрылмай жеткен осынау қос дәстүріміз туралы сіз не білесіз? Білмесеңіз, оқи һәм көңілге тоқи отырыңыз. «Асар» дәстүрі –ауыл арасында ағайын-туыс немесе көрші-қолаңға үй-жай, қора-қопсы салып, егін науқанына дайындалып жатқан жанға ауылдастарының қол ұшын созуы. Өзінің жұмысы үшін ештеңе талап етпей атқарылатын бұл дәстүр ауыл шаңырақтарының мызғымас бірліген, айрандай ұйыған ауызбіршілігін, ыстық ықыласы мен ынтамағын білдіретін болған.

«Асар» дәстүріне ұқсас келесі дәстүрдің бірі – «Жылу жинау». Көмекке бағытталған бұл дәстүр түрінде де ауыл адамдары отбасысы қайғылы қазаға, айтпай келген тілсіз жаудың, табиғат апаттары мен зілзалаларының құрбаны болған ауылдастарына заттай, қаржылай немесе мал беру арқылы көмек көрсетеді. Осылай қалың жұрт қолында барымен бөлісіп, ауылдас бауырының жоғын бүтіндеп, жыртығын жамауға атсалысатын болған. Міне, соған сай бұл дәстүр де «Жылу жинау» деген атқа ие болған. «Тәңір ісі» саналған аталған дәстүр Тәуке ханның «Жеті жарғысында» да арнайы айтылған. «Әртүрлі табиғи апат (жұт, өрт, т.б.) салдарынан мал мен дүниесінен айырылып, күнкөруі қиындап кеткен адамдар қазақ баласынан жылу жинауға хақылы. Жылуды ел болып та, жеке адам болып та жинайды, қандай да түрі болмасын жылу жинау туралы шешімде ел басшылары мен билердің келісімін алады.Егер апат бір адамға, бір ата баласына ғана келген болса, рулы ел өз бетімен-ақ көмектесіп, жұтаған адамдарға қарайласады. Ал жоқшылық тұтас руға келсе, онда амалдың жоқтығынан өзге елдерге барып өтініш жасауға тура келеді. Ел билері көрші, алыс-жақын елдердің басшыларынан жылу жинау үшін келісімін алады. Кей жағдайда сыйласуларына қарай (құда-жекжат т.б.) көрші, рулар өз бетімен көмек көрсетеді. Жылуды кез келген дәулетті қазақтан сұрау айып емес (егер шын жұтап отырса). Жағдайы келіп отырған адам нашарға деп жылу беру – Тәңірі алдындағы іс. Егер жылу жинаушы (адам немесе ру) өзінің берекесіздігінен, жағымсыздығынан немесе өз дәулетсіздігінен ағайыннан көмек ала алмай өзге елде жүрсе, айыпталады. “Өз ағасын ағаламаған, өзгенің ағасын жағалайды», – деп атап көрсетіледі Заң жинағында.

Волонтерліктің түп негізі көмекке зәру адамға қол ұшын созумен, ақ пейіл, арда көңіл, ізгі ниетпен тікелей байланысты. Көмек көрсетуді жақсылықты жан азығы еткен асыл дініміз ислам діні де қолдайды. Құран кітабындағы «Бақара» сүресінің 148-аятында «Жақсылық жасауда өзара жарысыңдар» десе, «Фатыр» сүресінің 32-аятында «Олардың арасында Алланың қалауымен қайырлы істерде алдына жан салмайтын ізгі жандар да бар. Міне, (Алланың) ең үлкен шарапаты осы» делінуі осының айғағындай. Ал әйгілі ислам ғұламасы Ахмет ибн Ханбалдан жеткен хадисте: «Жақындармен байланысты нығайту, жақсы көршілік (көршілермен жақсы болу) және көркем мінез, мемлекетті жақсартып, өмірді берекелендіреді» деуі де кең жүректі жан қос дүниеде де биік мінберден көрінеді деген сенімнен туса керекті.

Қазіргі таңда әлімнің түпкір-түпкірінде мыңдаған волонтерлік бірлестіктер бар. Солардың ішінде Бургундиядағы орта ғасырлық ұсталық кәсіпті үйрететін «Guédelon», қытай мәдениетін кеңінен дәріптейтін «Zinong», африкалық балаларды оқыту үшін құрылған «Projects Abroad», Франциядағы жүзім шарапын жасаушыларға жүзім жинап көмектесетін «World Wide Opportunities on Organic Farms» жан-жануарларға көмек көрсетуге арналған «WWF», Коста-Рикалық әйелдерге көмек көрсетуге арналған «GVI» волонтерлік бірлестіктері әлемдік деңгейде асқан танымалдыққа ие. Және бұл бірлестіктерге мүше болуға ниеттілердің саны да күн санап арту үстінде.

Волонтерлік біздің елімізде де қарқынды түрде дамып келеді. Өзге десе екі өкпесін қолына алып, барын беруге даяр тұратын қазақ халқы үшін волонтерлықтың таңсық еместігі анық. Осыған дейін де қазақстандық волонтерлар әр жылдары талай игі істердің ұйтқысына айнала білді. Мысалы, Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жаңаталап ауылының тұрғындары асарлатып, Бейсенкүл есімді жалғызбасты анаға үй салып берді. Бұл іс Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында да сәтті жалғасын тауып «Жаңарған Жаңақорған жастары» волонтерлар ұйымы жергілікті тұрғындармен бірлесіп, жалғызбасты ана, екінші топ мүгедегі Анаргүл Беласароваға да баспана сыйлады. Мұндай мысалдар еліміздің әр өңірінде жетерлік. «ЭКСПО-2017» көрмесінің жоғары деңгейде өтуі де тікелей волонтерлардың еңбегімен тығыз байланысты. Әлемді жұртшылығының назарын аударған көрмеге 500-ден аса қазақ, орыс және ағылшын тіліне жетік волонтерлар қатысып, төркіл дүниеден келген қонақтарға қолғанат болды. Бұндай оқиғалар жыл сайын артып келеді. Қазақстандықтардың біртұтас бекем мемлекет екендігін дәлелдеген кезеңі – Арыстағы жарылыс оқиғасы. Көптеген адамның өмірін жалмап, қала тұрғындарын баспанасыз қалдырған осы оқиғадан кейін қазақстандық волонтерлар мен қарапайым халық бірлесіп 7 млрд теңге өлесмінде қаржылай көмек көрсеткен. Және волонтерлардың арқасында 7500-ге жуық тұрғын үй салынды.

Күні кеше Алматыда болған ұшақ апаты кезінде құтқарушыларға ас-су тасып, ауруханада жатқандарға қан тапсыру үшін кезекке тұрған алматылықтардың әрекеті де – волонтерліктің жарқын мысалы.

Волонтерлар ұйымы біздің қаламызда да бар. Жезқазғандық волонтерлардың басын біріктіріп, түрлі қоғамдық іс-шараларға белсенді түрде қатыстырып жүрген Ыдырыс Қозайдаров қала бойынша «Жылдың үздіке волонтеры» атағына ие болды. Қазіргі таңда ол ұйымдастырған волонтерлық ұйымға жүзге тарта жезқазғандық мүше. Олардың қатарында 15 жастан зейнет жасына дейінгі волонтерлар бар. Волонтерлар жылында жезқазғандық волонтерлардың саны бұдан да әрі арта берері сөзсіз. Қазіргі таңда Президент тапсырмасына сәйкес «Qazvolunteer.kz» бірлескен платформасы құрылып, волонтерлыққа ниетті жандарды жинақтауда. Аталмыш платформаға кез келген жан кіріп, өзі туралы толыққанды мағлұматтар жүйесін сақтауға мүмкіндік алып отыр.

Ия, «Көп түкірсе – көл» деген дана халқымыз қашаннанда бітпес бірлігі мен жарасымды ынтымағы арқылы тек қана биіктерден көрінген. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір мақсат, бір мүдде жолында аянбай еңбек етсек қана Ұлы Далатөрінде Мәңгілік Елді қалыптастырарымыз хақ.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

19:33
1152

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020