COVID-19 коронавирус инфекциясы белең алған мына тұста еліміздің әр аймағындағы белсенді азаматтардан құрылған бастамашыл топтар түрлі жолмен қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық аппараттарды сатып алуға үлес қосуды өзіне мінедет етті. Осы ретте жезқазғандықтар да қарап қалмады. Олар провизорлық орталық пен госпитальда індетпен алысып жатқан жерлестерінің ауыртпашылығын жеңілдетуге өздерінше үлес қосуға кірісіп кетті.
«Індетке қарсы күрес» қайырымдылық жобасын қолға алған бастамашыл топ жеке кәсіпкерлер мен қаланың жанашыр азаматтарының қолдауымен алты күннің ішінде бірқатар шаруаның бетін қайтарып, тынысы тарылғандардың өмірін сақтауға қажетті оттегі концентратын сатып алуға қажет 12 млн. теңгеге жуық қаражат жинады.
-Бұл қаржы 88 оттегі концентраты сатып алуға жетеді. Қазір медициналық аппараттарды Түркиядан елге жеткізу мәселесі бойынша «Шұғыла» қоғамдық қорымен келіссөздер жүргізілді. Қор ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің көмегімен жүкті тегін жеткізетін әуе көлігін тапты. Тапсырыстың алғашқы легі Алматы қаласына 21-22 шілдеде жеткізіледі деп күтілуде. Одан кейін Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына жеткізіледі, — дейді бастамашыл топ мүшесі Арман Кенжебек.
Осылай қаржы жинаудан бөлек, жергілікті азаматтар басқа да игі істердің басы-қасынан табылып жүр. Атап айтсақ, қазірдің өзінде қала емханаларына 20 дана оттегі концентраты, 350 дана жастық, 12 дана фильтрленген су диспенсері, дәрі-дәрмек сақтауға арналған 4 мұздатқыш, 17 пульсиксометр, 100 қорғаныш көзілдірігі мен 1000 респиратор, 2000 дана бір рет пайдаланылатын арнайы костюм, дезинфекциялауға арналған 10 арнайы ыдыс, гигиеналық заттар мен жуғыш құралдарды жеткізілді.
Сонымен бірге, науқастарға фильтрленген таза су жеткізу мәселесі оң шешімін тапқан. Көпбейінді аурухана 1000 л, Сәтбаев қаласындағы екі провизорлық орталық 1200 л таза сумен қамтамасыз етілді. Бүгін-ертең тапсырыс берілген 2,5 мың дана медициналық қолғап та келіп қалуы тиіс.
Ауылдағы ағайын да қолындағы барымен бөлісіп, ауруханаларға қымыз, сүт өнімдерін жеткізіп жатқанын да айта кеткен жөн.
-Дерт әлі дендеп тұр. Сондықтан, қорға қаржы жинау жалғаса бермек. Бастамашыл топ күнделікті қорға түскен қаражат пен жоспарлары, атқарылған жұмыс туралы жұртшылықты әлеуметтік желі арқылы хабардар етіп отырады. Жиналған қаржы аймақ ауруханаларын қажетті құралдармен жабдықтауға жұмсалады. Қайырымды істен құр қалмаймын дейтін тұрғындар төмендегі реквизит бойынша, көмек қолын соза алады.
Kaspi: 5169 4931 1246 9542
ЖСН:940205350066
+7 705 901 10 10 (Нұртаза Берікболатұлы)
Сонымен қатар, қазір еріктілердің көмегі ауадай қажет. Ауруханада 14 күн бойы жатып, оттегі баллондары мен су бөтелкелерін тасуға ниетті жігіттер болса, 8 777 072 33 33 нөміріне хабарласуға болады, — дейді Арман Кенжебек.